Ертегілер ✍️
Қозы Көрпеш - Баян сұлу
"Қозы Көрпеш - Баян сұлу" дастаны - қазақтың ғашықтық жырлары ішіндегі ертеректен келе жатқан және қазақ арасына өте көп жайылған түрі. Бұл жыр "Қыз Жібек" хикаясы сияқты тек қазақтың өз тумасы ғана емес, мұның әңгімесі қазақтан басқа елдерде де бар. "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" әңгімесінің бір түрі орыс тілінде 1812 жылы Қазанда басылып шыққан. Барабин татарларының және қазақ арасында айтылатын нұсқасын Радлов жазып алып, бастырған. Ойрат тілінде "Қозын Еркеш" дейтін жыр бар. Солардың бәрі де "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырын өзіне меншіктейді. Қазақ арасында бұл жырдың 16 түрлі нұсқасы бар. Көп заман бойында көп ақындар жырлағандықтан осындай әлденеше варианттар пайда болуы фольклор көлемінде заңды саналады. Бізге мәлім болған "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырларының кейбір варианты ертедегі заманның өзіне байланысты айтылса, енді біреулері бергі XVIII-XIX ғасырда өңделіп жаңғырған. Және кейде "ноғайлы" деген ескі атаулары жойылып, оның орнына Кіші жүздің Шеркеш руы, не Орта жүздің Бағаналы (Найман) руларының аттары аталады. Бірақ, бұл нұсқалардың қай-қайсысын алсаңыз да, алғашқы сюжет асылы - біреу. Әр дәуірдің, әр жердің ақындары өз ортасындағы тыңдаушыларының ыңғайына тартқанымен, оның негізгі мазмұны, оқиға желісі бір арнаға саяды.
"Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырын 1870 жылы қазақ арасынан жазып алып, орыстың атақты ғалымы, академик Радлов немісше және қазақша бастырған (шығармалар жинағы, III том). Екінші түрлі бір көркем нұсқасын қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов атақты Жанақ ақынның өз айтуынан жазып алдым дейді. Бірақ бұл қымбат вариантты кезінде Шоқан бастыра алмағандықтан, зерттеушілерге әлі күнге шейін мәлім емес болып келе жатыр.
Шығыс әдебиеті мен араб тілін зерттеуші орыс ғалымы Саблуков 1830 жылы "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" хикаясын бұрынғы Семей губерниясы, Көкпекті маңындағы бір жыраудың аузынан жазып алған. Оренбург музейінің басқарушысы, орыс тарихшысы Кастанье өзінің "Қазақ даласы мен Оренбург өлкесінің белгілері" дейтін кітабында "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырының он түрлі нұсқасынан дерек береді. Және өзі сол кітапта бұл жырдың толық аудармасын берген. Мұнысы Ғылым академиясының Петербургте шығатын Веетнигінде басылған. Кастаньенің аудармасы бойынша "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" хикаясының мазмұнымен қазақ тілін зерттеуші орыс ғалымы Мелиоранский де таныс болған. Жетісу облысының губернаторы Колпаковский 1870 жылы Семейден Қапалға бара жатып, жолай Аягөз маңындағы Қозы Көрпеш - Баянның моласы дейтін моланы көріп, Лепсі уезінің начальнигіне осы екі ғашықтың әңгімесін жинап алуды тапсырған. Сол Лепсі уез начальнигінің тапсыруы бойынша "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырының бір нұсқасын орман қарауылы Салагаев дейтін кісі жинап, кейін орысшаға аударған. Кастанье орысша әңгімелеп бастырған вариант осы әңгіме делінеді. Онан соң "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырын Петербург университетінің профессоры Березин жинап, 1876 жылы өзінің "Түрік хрестоматиясы" деген кітабында басып шығарған (III том, 162-170 беттер, 1876). 1899 жылы "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" хикаясының бір нұсқасын Баранов ел аузынан жинап алып, Петербургтегі "Нива" журналының қосымшасында басып шығарған.
Осы орыс зерттеушілерінің ішінен Радлов пен Березин жырдың қазақша нұсқасын бастырған. Кастанье толық және маңызды аударма берген. Ол кезде "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" хикаясын қазақ мәдениетін зерттеуші орыс ғалымдарының оқып, білмегені кемде-кем. Бұлардың кейбіреулері жырдың өз нұсқасын жинамай, тек ел аузынан естіген әңгімесінің ғана мазмұнын орысшаға аударған. Мәселен, 1868 жылы Қапал приказын ұйымдастыруға келген патша ұлығы Абрамов жолай Қозы мен Баянның бейітін көріп, оның әңгімесін Тобыл губерниясының "Вестник" журналында орысша бастырған. Түркістан өлкесінің археологиясын зерттеуші Пантусов дейтін ғалым да 1898 жылы Қозы мен Баянның бейітін зерттеп, бұл хикаяның бір нұсқасын Ташкентте, одан кейін Қазанда "Орта Азияның ескі заманы" деген кітабында бастырған. Бұлардан басқа осындай орысша нұсқаның бірі 1877 жылы "Ақмола облыстық ведомостінде", 1877 жылы Омбыда шығатын "Дала уәлаяты" газетінде, 1901 жылы "Торғай облыстық ведомостінде" шыққан.
"Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырын көп зерттеп, оған үлкен мән берген кісінің бірі - Сібір ғалымы Г.Н. Потанин. Ол кісі "Вестник Европы" деген журналда (1890 жылы, 9-кітап), одан соң "Русское богатство" деген журналда (1896 жылы, № 8) бұл жырға айрықша тоқталып, оны жоғары бағалайды. Потанин "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырын Батыс Европаның, орыстың, шығыс елдерінің бірнеше халық дастандарымен салыстыра келіп: "Бұл жер жүзіндегі ең қымбат әдебиет мұраларына жататын шығарма", - деп бағалаған. "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырына орыс зерттеушілерінің осыншалық зор еңбегі сіңген.
"Қозы Көрпеш" жыры туралы Ұлы Октябрь революциясынан бері қарай қазақ тілінде жазылған түсініктер, мақалалар, оқу құралдарының бөлімдері де аз болған жоқ. Бұл жөнде бірнеше ғылымдық диссертациялар да болды. Соңғы үш-төрт жыл ішінде сондай боп қорғалған арнаулы диссертация Ысқақ Дүйсенбаев жолдастікі. Ол "Қозы Көрпештің" ертелі-соңды бар варианттарын түгел тізіп, толық талдап, шолып өткен.
Бұрынғы белгілі, жоғарыда саналған "Қозы Көрпеш" түрлерінен басқа Ы. Дүйсенбаев тағы екі зерттеушінің ертеде тапқан варианттарын атап, талдап өтеді. Оның бірі - Фролов варианты. Екіншісі - Дербісалиннің жинап алған түрі болады. Дәл соңғы кезде Алтай елінің жас зерттеушісі, ғалымы С.С. Каташ және де "Қозы Көрпешті" Алтай елінің "Қозын Еркеш" деп аталатын халықтық жырымен салғастыра зерттеген еңбек жазды. Бұл жөнінде Каташ Қазақстан Ғылым академиясында жақында кандидаттық диссертация қорғады. Каташтың зерттеуінде "Қозын Еркеш" қана емес, Алтай елінде "Қозыке - Баян ару", "Қозыке - Баян сұлу" деген аттармен біреулері қазақ жырына өте жақын, тағы бірі ол жырдан қашандау болса да, негізінде осы "Қозы Көрпеш" жырымен желілес бірнеше халық жыры бар екені анықталды.
"Қозы Көрпеш - Баян сұлу" тек ғалымдардың ғана ескерген шығармасы болған жоқ, орыс жазушыларына да мәлім болған.
Орыстың ұлы ақыны Пушкиннің бір қолжазбасында "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" атты дастанның орысша жазылған сюжеті табылған. Совет өкіметі тұсында көкшетаулық орыс ақыны Тверитин "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырының мазмұнын өлеңмен орысша жазған. Тверитиннің бұл көркем поэмасы 1928 жылы Қызылорда қаласында, содан соң 1941 жылы Москвада жеке дастан болып басылған. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы Бейсембай деген ақынға "Қозы Көрпеш - Баян сұлудың" жаңа айтқан вариантын хатқа түсірткен. Осы Бейсембайдың аузынан алынған Жанақ айтты дейтін "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырының бір-екі қолжазбасы бар. Бірақ Бейсембай алғашқы Жанақ вариантының аяғын өзгертіп жырлаған. Осы Жанақ - Бейсембай вариантын Мұхтар Әуезов 1936 жылы Алматыда жеке кітап қылып бастырған. Және бұл нұсқа 1939 жылы басылған "Батырлар жырының" 1-томына енгізілген. Әзірге "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырының баспаға шығып, көбірек мәлім болған нұсқасы осы. Радлов жинап бастырған "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жыры революциядан кейін, 1925 жылы Москвада қазақша жеке кітап болып басылған. Сәбит Мұқанов пен X. Бекхожин 1939 жылғы орта мектептерге арнап құрастыратын хрестоматияда осы вариант үзінді түрінде басылған. Бұлардан басқа Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтында Шөже ақын айтты дейтін тағы бір көркем, ескілеу нұсқасы бар. Бұл нұсқаны Мәшһүр Жүсіп жинаған, әлі баспа көрген жоқ. "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырларының ішіндегі айрықша назар салатын бір тәуір нұсқасы осы. Бұдан басқа Ғылым академиясында 1905 жылы Павлодар уезі, Баянауыл қазағы Молда Мұқан Машақұлынан Жақыпбаев жазып алатын "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырының екінші түрлі бір қолжазбасы бар. Бірақ бұл вариант, кейбір өзгерген сөздерін, кісі аттарын айтпасақ, Шөже нұсқасынан алынған көрінеді.
"Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырларын көп басып, халыққа таратқан орынның біреуі - Қазандағы Хұсаиновтар баспасы. Бұлар "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" дастанының түрліше нұсқаларын 1878, 1890, 1896, 1909 жылдары қазақша кітап етіп бастырған.
Осылардың бәрі "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырының қазақ арасына өте әйгілі, көп тараған және халықтың аса қадірлеп сақтаған қазынасы болғанын көрсетеді. Жырдың нұсқасы қанша көп болса, мұның айтушылары да сонша көп. Бұлардың ішінде Шөже, Жанақ, Сыбанбай, Бекбау сияқты халық ақындарының аты айтылады. Қазақтың хикаялы жырларын сақтап келген кісілердің өзі осындай жыраулар, айтушылар. Бірақ "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырын айтушы жыраулар жайындағы мағлұматтар бізде әлі жеткілікті жиналған жоқ.
"Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырын халық көп заманнан бері сүйіп тыңдаған. Мұны осы екі ғашықтың әңгімесіне байланысты қойылған жер-су аттарынан да танимыз. Өлеңті өзені Қарабай мен Сарыбайдың қонысы деседі. Баянауыл тауында Баян туды-мыс, Қарқаралы тауында Баянның қарқарасы қалады, Өлеңтіде ғой болып, өлең айтылады. Ай, Таңсық өзендері Баянның апаларының атына қойылады. Қодар Таңсық көлін жасайды. Осының бәрі халық аузында сақталған қызық аңыздар. Сол аңыздардың бір парасы Баянның бейіті жайында айтылады. Ол бейітті 1858 жылы Абрамов көріп, Аягөздің шығыс жағасында, жарты шақырым жерде тұр деп сипаттаса, 1898 жылы Пантусов көріп, бейіт су жағасында 50 метр жерде тұр деп жазады. Бейіт қасында тастан ойған көп сурет болған: бірі - Баян, бірі - Қозы, өзгелері қыз апалары мен Айбас болар делінеді. 1898 жылы Пантусов бұл суреттер сынып жатыр еді дейді. 1897 жылы сол суреттің бірін Шығыс Африкадағы неміс губернаторы майор фон-Биссаман алып кеткен.
Баян бейітіне байланысты ертегілер әлі түгел жиылып болған жоқ.
"Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырының ең ескі нұсқасының бірі - Шөже варианты дедік. Бұл жыр:
Жаратқан жан біткенді бір құдайым,
Жаратқан жарық үшін күн мен айын.
Бұрынғы ноғай-қазақ заманында,
Сөйлетейін Қарабай мен Сарыбайын.
Жарасқан нар түйеге биік өркеш,
Мен сөйлесем, жұрт тыңдар ертеңді-кеш.
Екеуін сәтті күні құдай қосқан,
Баянға ғашық болған Қозы Көрпеш, -
деп басталады.
Жырдың толығырақ мазмұны мынадай: Ноғайлы жұртында Қарабай мен Сарыбай дейтін екі бай болады. Екеуі де перзентсіз екен. Аңда жүріп дос болады. "Үйдегі кісіміз жүкті" деп, екеуі де буаз маралды атпайды. Әйелдері жүкті екенін біліскен соң, бала тумастан бұрын іштегі балаға ежеқабыл ретімен белқұда болысады. Ұзамай сүйіншіге екі адам келіп, Сарыбайдың әйелі Мамабикеден ұл туғанын, Қарабайдың әйелі Қарагөзден қыз туғанын хабарлайды. Екі әке серттесіп, ұл мен қызды қоспақ болады. Сарыбай құдалықтың қарғы бауы үшін Қарабайға Айбас дейтін құлын береді. Бірақ Сарыбай үйіне жетпей, аттан құлап өледі. Қарабай антын бұзып, "қызымды жетім ұлға бермеймін" деп, Өлеңтінің аяғын өрлей Аягөзге көшеді. Бұған Әлжаппар дейтін құлы мұрындық болады. Қарагөз наразы. Көшкен күні Қарабайдың сабасы жарылады. Сол жер Ақкөл, Жайылма атаныпты. Қырық нары арып, жолда өледі. Аягөзге барған соң, Ноғайлының биі Сұлтанғазы Қарабайдың аулын ерулікке шақырғанда, Ноғайлы Шақшақ байдың бал асы Қодар Баянға ғашық болады. Тоқсан мырза Баянды алмаққа Қарабайға жалшы болады. Айбас Баянға: "Алтын айдар, шоқ белбеу жарың бар, соны әкелемін" деп, қанатты қара биеден туған Бақа айғырға мініп қашады. Сәлемдемеге Баянның домбырасын, бет моншағын, қарқарасын, алтын сандығын, ақ жамшысын алады. Айбастың қашқанын біліп, Қодар сегіз құлмен Итішпес көлінде қуып жетіп, атысады. Айбас Қодарлардың мініп келген он алты атын атып түсіріп, шөлде жаяу қалдырады. Қодарларды жеңіп, ілгері жүреді. Бірақ адасады. Алдынан өткелсіз қалың орман шығып, Баянның домбырасы мен моншағын ұмытады. Содан ол жер "Домбыралы", "Моншақты" атанған дейді. Сандығы қалған жер - "Алтын сандық", "Ақшатау", Бақа айғырдың тоқтаған жері - "Тоқырауын жәмшілі", қарқарасы түскен жер - "Қарқаралы-Қазылық", Бақа айғырдың жауыр болған жері - "Жауыр бұғы", Баянның туған жері - "Баянауыл" атанған. Мамабикеге барса, ол Айбасқа: "Балама Баянды білдірме, қайта бер", - дейді.
Қозы Көрпеш батыр жігіт болып өседі. Бір кемпірдің үйін садақпен атқанда, ол: "Батыр болсаң, жарыңды тап" деп қарғаған соң, шешесінің қолын ыстық бидайға қақтап, Наянның аты-жөнін сұрап біледі. Жылқыға барып жүгенін сылдыратса, бір қотыр тай қарайды. Ер-тұрманын салғанша қотыр тай арда күрең бесті тұлпар болады. Қоралы қойын қасқырға, түйесін Алакөлге, жылқысын Жидебайға, шешесін құдайға тапсырып, Қозы Көрпеш Аягөзге тартады. Шешесі: "Барғаныңнан келме" деп қарғап қалады. Қозы жолай Айбасты қуып жетеді. Аягөзге барған соң, Қозы боранда тоңып өлген бір тазша қойшының киімін киіп, қойға шыққан Баянға жолығады.
Қозы Көрпеш үш жыл қой шетінде жүріп, Баянмен қызық дәурен сүреді. Баянның отауында жатқан Қозыны жеңгесі көріп, Қарагөзге айтса, ол: "Жатса жатсын, өз жары" дейді. Бірақ Қарабай Қодардың тілімен Ноғайлыны жиып, көр қаздырып, Қозыны құпия өлтірмекші болады. Жиналып келген жаудан Қозы қашып шығады. Баян Қозының хабарын өзінің қара торғайын жіберіп біліп тұрады. Торғайды бір жолы қырғи қуып, қыздың мақпал шапанын киген жеңгесіне тығылғанда, жеңгесі торғайдың төбе жүнін жұлып өлтіреді. Ол Қодарға жақ еді, бұдан соң Қодар, Қарабай, Әлжаппарлар торғайдың өлердегі "шоқ" деген сөзінен Қозының жатқан жерін біліп, Шоқтерекке барып, алаңсыз ұйықтап жатқан Қозыны атып өлтіреді. Қыз ызаланып, әкесіне "енді мені өзің ал" деп қарғайды. Баян ботасы өлген боз інгенді жетегіне алып, екеуі қосыла зарлайды. Қарабай аулы көшкенде, қаралы Баян жүдеп, жұртта қалады. Сонда Қодар келіп: "Маған ти" дейді. Қыз: "Тиейін, бірақ Қозыны бір көрсет" деп жауап береді. Шоқтерекке барған соң, Қодар Баянның бұрымынан ұстап, құдыққа түскенде, қыз шашын қиып жібереді. Баян Қозының басына келіп, оны жоқтап отырғанда, көзі ілінген Баянға қырық шілтен аян беріп, Қозыны үш күнге тірілтіп береді. Екі ғашық үш күн, үш түн бас қосып, дәурен сүреді. Үш күннен кейін Қозы қайта өледі. Бірақ қырық бір Қызыр жолығып, екі ғашыққа отыз бір жыл жұбайылық өмір береді. Қарагөз түс көріп, шөлде қалған Баян мен Қозыға Бақа айғырды ерттеп жібереді. Екі ғашық өзі іздеп барған Бақа айғырға мініп, Өлеңтінің бойында отырған Қарабайдың аулына келеді. Той жасап, екі ғашық қосылады. Өлеңтіде өлең айтып, той қылған, Ақжар Қарабайдың той ошағы болған деседі. Бұдан соң Жұпар қорығында отырған Сарыбай аулына ұзатылып барады. Барса, Жидебай дейтін құлы Қозының шешесін азапқа салған екен. Қозы шешесін жылқы сүтіне шомылдырып, уайым-қайғысын кетіреді. Құл мен күңге азаттық береді. Ұлы думан той жасап, отыз бір жыл дәурен сүреді. Отыз бір жыл толған соң, екеуі Қызырдың аянымен Аягөзге келіп, Қозы өледі, Баян тағы да жоқтап жылайды. Сол кезде үстіне бір топ керуен келіп, Баянға ғашық болады. Қозыға бейіт орнатады. Баян ақылы асқанға тиемін деген соң, керуеншілер өзді-өзі төбелесіп, қырылады. Баян бейітке кіріп, өзін-өзі өлтіреді. Сол керуеншілерден үш адам құтылып, үш рулы елге барып, Қозы мен Баянның хикаясын өлең қылыпты, - дейді. Жырды айтушы мұны Шөжеден естіп едім дейді.
Мұнда жырдың екі саласы бар. Бірі - екі ғашықтың арманда кетуі, екіншісі - тіріліп қайта қосылуы. Кейінгісі халықтың екі ғашыққа жаны ашыған, өкінішіне қарай өзгерген жасанды түрі болу керек. Екінші саласында дін сарыны басым екенін көреміз.
Молда Мұқан Машанұлының қолжазбасы да дәл осы жырға ұқсас, тілі де, мазмұны да бір. Жалғыз-ақ мұнда ұл Қарабайдікі болады да, қыз Сарыбайдікі болады. Бұл нұсқада Баянның торғайын жеңгесі өлтіргенде, соны Баянның сұрап жалынатын жері толығырақ айтылған.
1909 жылы Қазанда басылған "Қисса Қозы Көрпеш" деген кітаптың мазмұны бұлардан да бірқатар өзгешелеу. Бұл жыр:
Жасым бар жиырма бесте, жылым - мешін,
Өлімнің кім біледі ерте-кешін.
Айтайын бес-алты ауыз, құлағың сал,
Қозы Көрпеш, Баянның әңгімесін.
Ел болар он екі ру, бірі - Шеркеш,
Қом жасап сары атанға бітеді өркеш.
Бес-алты ауыз айтайын, құлағың сал,
Баян мен ертеде өткен Қозы Көрпеш, -
деп басталады. Мұның он екі ру деп отырғаны Кіші жүз. Шеркеш - соның бір бұтағы. Жырды айтушы Гурьев (Үйшік), Орал жағынан шыққан ақын болу керек. Айтушы:
Қарабай, Сарыбаймен бай өтіпті,
Ноғайлы ертеде өткен заманында, -
деп, ескі заманды сөз қылады. Бірақ мұнда да қыз әкесі Қарабай емес, Сарыбай болған:
Дабысы Сарыбайдың желдей есті,
Сұқсырдай сұлу Баян болып өсті.
Қызымды жетім ұлға бермеймін деп,
Сарыбай жұртыменен тұра көшті, -
дейді.
Жырдың бұл нұсқасында ата-ананың теріс батасына үлкен мән берілген. Батыр мінезді Қозы бір кемпірдің өрмегін үзіп, шешесінің қолын бидайға қақтап, Баянның хабарын білгеннен кейін Бозшұбарға мініп, Баянға кетпек болады. Шешесі әкелген қызға Қозы қарамайды. Қозыға шешесі: "Төрт түлік малың қалды, оны қайтесің" дегенде, Қозы: "Жылқымды қалмақ алсын, түйем Сарысудан қырылсын, қойыңа топалаң келсін" деп жауап береді.
- Жолында Оюлының он бөрісі, Қиюлының қырық бөрісі бар, одан қалай өтесің? - дегенде, Қозы Көрпеш:
- Оюлының он бөрісінен айқай салып өтемін, Қиюлының қырық бөрісінен қиқу салып өтемін, - дейді.
- Ну шеңгелден қалай өтесің?
- Өрт қоямын.
Бұларға тоқтамаған соң, шешесі: "Ен дария емшек сүтім, көрім тұтар", - дейді.
Ен дария емшек сүтің, көрің тұтса,
Өтермін онан-дағы кеме мініп, -
дейді Қозы.
Шешесі: "Бұл жолың оңғарылмас, балам!" деп қала береді. Жолай әкесі Қарабай түсіне кіріп: "Қайт, балам, жол көрінбейді, барғанмен Сарыбай саған қыз бермес" дейді. Ақын Қозыны батасыз кеткені үшін:
Ата тілін тыңдамай кеткен бала,
Жолынан аман қайтып, үйін көрмес, -
деп жырлайды.
Бақытсыздыққа осы себеп болды деп ұйғарады. Қозы әкесіне: "Батаңды бермесең де, жол сілте" дейді. Әкесі: "Қырық бір күнде Аягөз барасың, сонда бір кемпір кез келер", - деп жауап береді. Кемпірге келсе, ол:
- Атың арық, жүзің сарық, жол болсын, балам! - дейді.
- Ерні сетік сары атан көрдің бе? - дейді Қозы.
- Ерні сетік сары атан қайын атаң Сарыбай болмасын?
- Сылаң аяқ құба інген көрдің бе?
- Сылаң аяқ құба інгенің қайын енең Құба кемпір болмасын?
- Жез бұйдалы нар тайлақ көрдің бе?
- Ол сүйген жарың Баян шығар? - дейді кемпір.
Қозы кемпірден су сұраса: "Саумал ішкен бала едің, су сұраған не еткенің?" - деп тәлкек қылады, су бермейді. Шоқтерекке келген Қозының хабарын қыздың торғайы біліп, оны отауға әкеледі. Қыз жеңгесі сүйіншіге көк етігін алады. Бұдан арғы жері Шөже вариантына ұқсас, жалғыз-ақ Қозымен отыз бір жыл өмір сүру оқиғасы жоқ. Тек Баян Қозының үш күндік өмірін сұрап алып, екеуі бір жерде өледі. Жырдың аяғы да Шөже нұсқасындағыдай:
Қозы Көрпеш, Баянның болған жайы,
Нұрланып бәйшешектей толған жайы.
Қозы Көрпеш өлгенде, Баян да өлген,
Әркімнің сондай болсын алған жары, -
деп бітеді.
Мұнда да Қарабайдың аты Сарыбайға таңылған. Айбас, Тайлақ жоқ. Жырға Қозыдан басқа Әлжаппар, мыстан кемпір енген. Шөже нұсқасындағы отыз бір жыл тіріліп қосылу, бейіт соғу оқиғалары жоқ.
Бұл үш нұсқаның үшеуінде де жырдың аяғы қайғылы трагедиямен бітеді. Жырдың алғашқы идеясының өзі де осылай болуға тиіс.
"Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырының 1910 жылы Кастанье орысша бастырып шығарған нұсқасы да бұл хикаяның ел ішінде айтылып жүрген аса бір құнды түрі көрінеді. Аңда жүргенде екі бай дос болып, әйелдері қыз туса, екеуі бірге туғандай сіңді болсын, бірімізден ұл, бірімізден қыз туса, екеуі ерлі-зайып болсын деп анттасады. Сол кезде Сарыбайдың басына бір қара торғай қонады, одан Қарабайға қонады. Қарабай мұны жақсылыққа жорыса, Сарыбай жамандыққа жориды. Айтқанындай, Сарыбайдың әйелі қыз туды, Қарабайдың әйелі ұл туды деген хабар келіп, ауылға қайтып бара жатқан кезінде Сарыбай аттан құлап өледі. Қарабай балгерлерге бал аштырса: "Бұл екі жас қосылса, бақытсыздыққа ұшырайды", - деген соң: "Тумай жатып әкесін жалмаған қызды балама әпермеймін" деп, Қарабай Алатаудан Аягөзге қарай көше жөнеледі. Сарыбайдың Әпесбай деген інісі болады. Қалмақтың асырап алған баласы Қодар Сарыбай өлген соң Әпесбайды шеттетіп, Баянды өзі алмақ болады. Әпесбай Баянның хабарын беруге Аягөздегі Қозы Көрпешке аттанады. Бұл кезде шешесінен Баянның хабарын естіген Қозы да Баянды іздеп шыққан еді. Қозының алдынан бір мыстан сиқыр шығып, оны адастырмақ болады. Бірде мыстан адам жегіш, күркіреуік түйе, бірде ит өтпес тоғай болып бөгет жасайды. Тоғайды қылышпен шабады. Одан соң алдынан түлкі болып шығып, жолдан адастыруға тырысады. Түлкі қашып, бір інге тығылады. Оған найзасын сұқса, найзасы алтын жалатқандай жылтырап шығады. Осы ретпен Қозы өзінің барлық ер-тұрманын және айдарын да алтындап алады. Қозы Баянның жұртына келсе, аулы көшіп кеткен. Алдынан тек Қозыны іздеп шыққан Әпесбайға ғана кездеседі. Қартайған Әпесбай Баянның басындағы ауыр ахуалды, оның ғашықтығын айтып, сол жерде өледі. Қозы қотыр тазша болып, Сарыбайдың жылқысын бағады. Бір күні Қодар қалмақтардың тойына кеткенде, Баян бастаңғы жасап, қотыр тазшаға домбыра тартқызады. Алтын айдарын көріп, танысады, сүйіседі. Қозыны Баян өз қолына құл қылып алады. Қодар Қозының бұл мінезін біліп, сынамақ үшін жұртта қалған ауыр балғасын әкелуге жұмсайды. Қозы балғаны қақпақыл ойнатқандай алып келе жатқанда, Алакөлге түсіріп алады. Екеуі сайысып, Қозы Қодарды аттан аударып алады. Қодар таудан қалмақтарын ертіп әкеліп, соғысады. Мұнда да жеңіліп қалады. Баян екеуін жарастырып қояды. Екі жас дос болып, жаулық істемеске ант ішеді. Бірақ Қодар антын бұзып, қыздың ата-анасын, жеңгесін, ноғайлы елін өзіне қаратып алып, Қозыны өлтірмек болған соң, ол Шоқтерекке қашып құтылады. Қодар Шоқтеректе жатқан Қозыны іздеп тауып, тағы да құшақтасып дос болады да, абайсызда атып өлтіреді. Басын найзаға іліп, Баянға әкеледі. Баян Шоқтерекке барып, өзінің ғашығын үш күнге тірілтіп алады. Қырық ту бие, қырық ту қой, қырық тумаған нар, қырық ту сиыр сойып, Қозының асын беріп, ақ жауып арулап көмеді. Құдыққа су алуға түскен Қодарды бұрынғы нұсқаларда айтылған түрде Баян өз бұрымын қиып жіберіп, құлатып өлтіреді. Құба түзде Қозы басында зарланып отырған Баянға бір топ керуен жолығып, олар Арғанаты тауынан Аягөзге қолымен тас жеткізіп, бейіт салады. Бейіт біткен соң Баян өзіне-өзі қанжар салып өледі.
Мұның мазмұны да қызық. Шөже жырында түрлі бөгет Айбастың алдынан шықса (орман, шөлстан, жау), мұнда мыстан, Қодар, түйе, орман, түлкі, шөлстан сияқты бөгеттер Қозының өз алдынан шығады. Бұл жырдағы Сарыбайдың басына қонатын қара торғай мен Әпесбай басқаларында жоқ. Қозы Қарабайдың ұлы делінсе, Баян Сарыбайдан туады. Қашатын қыз жағы емес, ұл жағы. Қодар - Сарыбайдың асыранды баласы, Қарабай тағдырдың жазасынан құтылу үшін, баласын ала қашады. Бірақ тағдырдан жеңіледі.
1958 жылғы Абрамов жазып алған "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырының мазмұны да осыған жақын. Мұнда да ұл Қарабайдікі, қыз Сарыбайдікі. Абрамов жырды XVII ғасырда шыққан дейді. Мұнда Айбас Баянды іздеп барса, Сарыбай қызын Қодарға бермек болғаны анықталады. Баянның қарқарасын, алтын бақанын да алып, Айбас Қозыға қыздың сәлемін жеткізеді. Қозы Баянды той үстінде алып қашып, тауға жасырынады. Содан ол тау "Баян жүрек" атанған. Ай және Аягөз (кейбірінде Айғыз) деген қыздарын ертіп, Сарыбай Баянды іздейді. Бірақ екі қызы Баянды іздеспей, тас болып қатып қалады. Ай және Аягөз өзендері содан қалған дейді. Қашып жүрген Қозы мен Баянды Қодар тауып, тауда Қозыны өлтіреді. Қодарды Баян құдыққа түсіріп өлтіреді. Сол жерде Қодардың тас суреті қалған (Қызылқиядан тоғыз жарым шақырым, Кіші Аягөз жолында). Баян Қозыны азалап отырғанда, қырық шілтен оған үш күндік өмір береді. Баян да сол жерде өлген. Бейітті қыздың ата-анасы салдырады деп әңгімеленеді.
1898 жылы Пантусов жазып алған "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырының да аздап жаңалығы бар. Бұл жыр Кастанье аудармасына жуық. Мұнда да ұл Қарабайдікі, қыз Сарыбайдікі. Қарабай бал аштырып, екі жастың бақытсыздыққа ұшырайтынын білген соң, "тағдыр жазасынан" қорқып, ұлын Аягөзге алып қашады. Сарыбайдың әйелі Қарабай кеткен соң, Баянды қалмақтан асырап алған өгей баласы Қодарға қоспақ болады, Айбас бал аштырып, Қозының келетінін Баянға мәлімдейді. Қодар Қозыдан қашып, Алатауға көшеді. Ел көшкенде, Қозы жөнімді тапсын деп, Баян жолай алтын тарағын қалдырады, содан Алтын тарақ тауы қалған. Баянның үш қыз апасы өліп, Баян Қодарға Таңсық моласынан үлкен көл орнаттырады. Таңсық көлі содан қалған. Қодар көлге суды меспен тасиды. Көл жасаған Қодар үлкен қайрат иесі адам ретінде суреттеледі. Қозының Баянды іздеп шыққан жері мұнда да Кастанье нұсқасына ұқсайды. Қозының жолынан күркіреуік түйе, өткелсіз өзен, ит тұмсығы батпайтын орман, алдамшы түлкі, ін сияқтылар кездеседі. Бейітті Шөже жырындағыша керуендер салып береді.
Ескі әңгімелерінің әр алуанын еске алып қарасақ, "Қозы Көрпеш - Баян" жайы көбінше екі жастың қайғылы қазасымен бітеді. Әуелі Қозы Көрпеш өледі, содан кейін ғашықтық дертінен Баян да өледі. Бұлар өлгеннен кейінгі бірнеше оқиғалар әр алуан баяндалады. Сол оқиғалардың бастысы: Баян мен Қозы қайтадан тіріліп (кей әңгімеде үш күнге, кейбірінде үш жылға, тағы бір кезде отыз бір жылға созылған), жаңа, бақытты өмір бастан кешіріседі.
Осы алуандас тағы бір оқиға Қозы мен Баянның бейіті және бастарына орнатылған мола турасында әр алуан болып айтылып, қайталап жүреді. Ауызша айтылатын аңыздың бірінде Қозы мен Баян екеуінің бейітінің үстінен екі гүл шығады да, біріне қарай бірі созылып ұмтыла өседі. Бірақ екі ғашықтың арасына қойылған Қодардың бейітінен көк тікен өсіп, жаңағы екі гүлді қоспай, айырып тұрады екен дейді. Бұлай болатын себебі Қодарды Баян қырық құлаш құдыққа түсіріп жіберіп, өзі кесекпен атып өлтірерде, Қодар айтқан сөз бар: "Тірлікте екеуіңді қоспап ем, өлсем де екі араңа көк тікен боп шығармын" депті. Осы тұсында "Қозы Көрпеш - Баян" жырының аяғы түгелімен қазаққа көршілес, туыстас Орта Азия елдерінің арасына мол жайылған "Таһир - Зуһра" атты халық дастанымен өзгеше ұқсас болып шығады.
Әсіресе сол жырдың түрікмен классик ақыны Молла Непес қайта жырлап, XVII-XIX ғасырлар жапсарында жарияланған түріне өзгеше үйлеседі. Ол жырдың аяғында да Таһир мен Зуһраны екі айырып келген Қарабек батыр екі ғашықтың ортасына жерленген болады. Ғашықтар бейіттерінен гүлдер шыққанда, Қарабек бейітінен көк тікен шығып, гүлдерді қоспай, айырып тұрады. Ол ғана емес, "Таһир - Зуһраның" жыры да әуелі екі жастың қайта тірілген жайын, содан соңғы көп жылға созылған бақытты ұзақ өмірін баян етеді. Екі ғашықты тірілтетін Ғайса мен Қызыр болады. "Қозы Көрпеш" жырында тірілтетін жалғыз Қызыр. Бұл саналған ұқсастықтардан басқа қазақ жырына "Таһир - Зуһраның" дастанындағы бар оқиғаның басы да ұқсас келеді. Онда да қартайған екі ата: біреуі хан, біреуі уәзір, перзентсіз жүріп, достықпен серт етіседі. Екіқабат әйелдерінің перзент күтіп жүрген шағында бірінен ұл, бірінен қыз туса, некелеп қоспақ болысады. Ұлдар туса, достар болсын дейді. Кейін балалар туғаннан соң ұлдың (Таһирдің) әкесі өледі де, қыз әкесі сертінен айниды. Кейін ол Таһирға жаулық етіп, ұлдың өліміне, қыздың қазасына, Қарабай тәрізді, себепшінің басы болады.
Сол қастан әкенің көмегін көрген Қарабек деген батыр - қаскөй адам, Таһир мен Зуһраның тағы бір бас дұшпаны болады. Себебі ол Зуһраны әке көмегімен алмаққа бекінеді.
Осылайша "Қозы Көрпеш - Баян" жырына Орта Азиялық халық дастанының басы да, аяғы да ұқсас боп шыққанын көреміз. Бұл ұқсастықтың екі түрлі мәні-жайы бар. Бір жайы бойынша, "Қозы Көрпеш" жыры "Таһир - Зуһра" жырынан ескі болғандықтан, өзінен кейін туған дастанға әсер еткен болу керек. Бұл пікірді сол Орта Азия елдерінің дастандарың зерттеуші бірнеше ғалымдар айтысқан болатын.
Сонымен қатар, екінші жай бойынша, бір кезде өзі "Қозы Көрпеш" әңгімесінің негізінде туған "Таһир - Зуһра" дастаны баспаға шығып, көп аузына жайылған соң енді XIX ғасырдың бас кезі, орта кезінде ауызда жүрген "Қозы Көрпешті" жырлаушы қазақ ақындарына (мысалы, Шөжеге, Жанаққа) жаңа мотивтер, әңгімелер қосуға дем берген, әсер еткен тәрізді. Сонымен, өлгеннен соң екі асықтың қайта тірілуі, оларды бір әңгімеде ("Таһир - Зуһра") Ғайса мен Қызыр пайғамбарлардың тірілтуі, екінші әңгімеде ("Қозы Көрпеште") жалғыз Қызыр пайғамбардың тірілтуі, содан әрі бейіттер әңгімесі, гүлдер мен көк тікен аңызы - бәрі де "Қозы Көрпеш" жырына кітаптық дастанның кейіннен әкеп қосқан қоспасы боп айқын тұрғандай.
Жалпы, "Қозы Көрпеш" әңгімесін ендігі тексеру, зерттеуде "Алпамыс" жырымен де көп жайда ұқсастығы бар екенін, мол екенін және де ескеру керек. Байбөрі мен Байсары да қартайған шақтарына шейін перзент көрмеген, балаға зар аталар болады. Екеуінен туған ұл мен қызды Қарабай, Сарыбайша олар да ерте күнде ежеқабылмен атастырады. Кейін қыз әкесі, Қарабай сияқтанып, ұзаққа көшіп кетеді. Есі кірген ұл - Алпамыс жыраққа кеткен жарын жалғыз іздеп, жалғыздық тартыста жүріп, ғашық жарын табады. Бұл жайлар "Қозы Көрпеш - Баянның" көп оқиғалық тартыстарын еске түсіріп тұрғаны даусыз. "Қозы Көрпештей" қазақтың ескі бағы заман болмысын, санасын, салтын баян ететін жырды бұдан да арырақ дәуірлердің қисынға келетін жыр, аңыздарымен салғастыра тексеру теріс болмайды. Сонда ескі оғыздар эпосы болып саналатын "Ата Қорқыт кітабы" ("Китаби Дәдәм Қорқуд") әңгімелерінің тобымен де шенестіре салғастыруға келетін жайлар бар.
Мысалы, "Дерсехан ұлы Бұғашхан" әңгімесі де Байбөрі, Байсары сияқты, Қарабай, Сарыбай сияқты перзентсіз, тұрғылас кәрілердің зар шерінен басталады. Сол оғыз дастандарының жинағы болған "Ата Қорқыт кітабында" тағы бір еске алуға тұратын аңыз дастан бар. Ол - "Бамсы-Бәйрек" әңгімесі. Бұл дастанның көп оқиғасы, тартысы "Алпамысқа" ұқсап келеді. Алпамысқа ұқсас тағы бір бала оқиғалары "Қозыға" да ұқсап кетуі ғажап емес. Ал, "Бамсы-Бәйрек", "Алпамыс" әңгімелері алтайлықтардың "Алып-Манаш" деген дастанына тағы да ұқсайды. Бұл айтылып отырған жайлардың бәрі, тегінде, "Қозы Көрпеш" тәрізді қазақтың ең көрнекті, көп түрлі дастанын, ғашықтық жырын бір ғана қазақтағы варианттарын салыстырып тексерумен қанағаттану керек емес екенін аңғартады. Бірақ ол түрдегі салыстыра тексерулер арнаулы монографиялық іздену, шолудың нәтижесінде туады. Ал, біз әзірше бұл еңбек көлемінде жаңағы жайларды ескертумен қатар, әзірше "Қозы Көрпештің" қазақ ішінде сақталып қалған түрлерін айрықша, жекелей тексеруді мақсат етеміз. Соның өзінде де "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" атымен байланысты туған жырлар варианттары жоғарыда аталғандай көп және әр алуан. Енді сол жырлардың өздеріне айрықша тоқталамыз.
II
Бұл жырлардың бәрінде де хикаяның ақыры аянышты, қайғылы болып біткен. Бірақ кейбір нұсқаларында халық Баян мен Қозыны мұрат-мақсатына жеткізіп қояды. Бейсембай жыраудан жазылып алынған Жанақ нұсқасының аяғы осындай. Сүйте тұрса да, Жанақ нұсқасының тілі "Қозы Көрпеш - Баян" нұсқаларының көбінен көркем және бұл кезге дейін баспаға түсіп, жұртқа көбірек мәлім болған түрі болғандықтан, бұл еңбекте біз талдауды сол Жанақ нұсқасынан бастадық.
Жанақ нұсқасының мазмұны мынадай: он сан Ормамбет елінде Қарабай және Сарыбай дейтін екі бай болады. Қарабайдың тегі - түрікпен, Сарыбайдың тегі - ноғайлы. Қарабай мен Сарыбай Балталы, Бағаналы еліне көшіп келеді. Балталының елі, оның биі Тайлақ бұларға ерулік беріп, жақсы құрметтейді. Бірақ дүниеқор Қарабай Балталыға көмек беруге жарамайды. Жомарт Сарыбай қойшының сыбағасын тоғыз қылып, сый-сияпатпен қайтарады. Балталы, Бағаналы елі Сарыбайға риза болып, оны өз елінің қадірлі адамы етіп таниды. Сарыбай мен Қарабай анда жүріп дос болады. Екеуі де перзентсіз екен. Достық белгісі үшін екі бай іште жатқан екі баласын бір-біріне қосып, белқұда болады. Сарыбай өзінің ұлын көрместен буаз маралды Қарабай тілегі бойынша атқаны үшін қарғыс қаза табады. Қарабай "жетім ұлға қызымды бермеймін" деп, бұзыла көшеді. Антын жұтады. Жолай шөлден жылқысын өткізе алмай, сандалған жерінде Қодар ұшырасып, құдық қазып, Қарабайдың 90 мың жылқысын қырғыннан құтқарып, Аягөзге жеткізеді. Осының есесіне Қарабай Баянды Қодарға қоспақ болып серт етеді. Бірақ Баян оны сүймейді.
Қозы ержете бастаған соң, Тайлақ бидің інісі Айбас Қарабайдың қыз бермей кеткеніне арланып, Баянды іздеп шығады. Қыздың сәлемдемесін алып, Қозыға Баянның ғашықтығын мәлім етеді. Қозы ел-жұрты Балталымен қоштасып, мал-жанын Тайлақ биге тапсырып, Аягөзге барады. Елеусіз тазша болып, қой бағып жүріп Баянмен қосылады. Аңдушы кемпір осы сырды біліп, Қодарға айтады. Қодар мен Қарабай сол елдің жауыз биі Сасанмен ақылдасып, Қозыны тойға шақыртып, оған у береді. Бірақ Баянның апалары - Ай мен Таңсық Қозының қашып құтылуына жәрдем істейді. Баянға ғашық болған тоқсан жігіттің бірі Көсемсары еді. Ол Қодарға сыйыса алмаған соң, Шоқтеректе жатқан Қозыға келіп, екеуі дос болады. Баян күнде қыз апасын жұмсап, Қозыдан хабар алып тұрады. Қодар Шоқтерекке ұрланып келіп, ұйықтап жатқан Көсемсарыны Қозы деп өлтіреді. Бұл кезде Қозы түлкі қуып кеткендіктен, ажалдан аман қалады. Көсемсарының өлгенін біліп, Қозы Қодар мен Қарабайды өлтіреді. Ел қорыққаннан Баянды Қозыға қосады. Бұлардан Күлеп дейтін батыр туады.
Жырдың мазмұны осындай. Дұрысында "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырының басқа нұсқаларында өлетін Көсемсары емес, Қозы. Бұл жері өзгерген. Жанақ, Бейсембай нұсқасының бұдан басқа да өзгешеліктері бар. Мәселен, мұнда Айбас құл емес, Тайлақ бидің інісі. Қарабай жағынан Сасан дейтін би қосылған. Баянға ғашық болатын тоқсан серінің ішінде Нұрқара бидің баласы Көсемсары мен Қаратоқаның баласы Бұланқара дейтін батырлардың аты айтылады. Жанақ нұсқасының бергі жердегі Арғын, Найман ақындарының аузынан шыққаны көрініп тұр. Жырдың басында Сыбанбай, Жанақ, Бекбау сияқты айтушылардың аты көрсетіледі. Бұлар Қарабай мен Сарыбайдың көшіп келген елін Балталы деп жырлайды. Балталының биі Тайлақты дәріптейді, ...Қозының жұрты да Балталы болып шығады. Жер-су, адам, ел аттарын жырау мүлдем жаңартып алады. Мәселен, Семей, Лeпci, Үржар дейтін сөздер беріде шыққан ұғымдар. Қозы Көрпешті мұратына жеткізіп қою айтушының тілегінен туған өзгеріс сияқты. Бірақ біз Жанақ нұсқасының бұл жерінің бәрі де болған өзгеріс дейміз. Жырдың ең қызығы, әсерлі жері оның алғашқы бағытының сақталуында болуға тиіс. Сондықтан "Қозы Көрпеш - Баян" жырының аяқ жағын оның басқа жырларында айтылатын мазмұнына қарай талдадық.
Жырдың негізгі тақырыбы - әдет-ғұрып қиыншылығы, содан туатын ғашықтық. Жыршының айтуынша, ата-аналары бұл екеуін іште жатқан күнінде-ақ баталасып, қосып қояды. Жырдың бұл жері шығыс әдебиетінде көп ұшырайтын ғашықтық дастандарына ұқсайды. Әсіресе "Боз жігіт" қиссасына ұқсастығы күшті сияқты.
Баян мен Қозы махаббаты да дәл сондай күшті, әсерлі, аянышты болып жырланған.
"Қозы Көрпеш — Баян сұлу" жырында ғашықтық тақырыбы қазақ халқының бұрынғы құрылысында, тарихында болған ескілікті салтпен нық байланысты. Ол салт-рушылдық, феодалдық қоғамдар туғызған, заң еткен салт. Әйел халін, жастар тағдырын аталық өмірмен, баталасумен сырттан шешетін заңды көреміз. Бұл өте ескі жыр болғандықтан, баталасудың ең бір көне түрі көрінеді. Ана құрсағында жатқан балалар "белқұда", "ежеғабыл" деген шарт батамен қосылуға міндетті болады.
Жырдың жазбаға түскен барлық варианттарында осы мотив ауыспастан, ұдайы қайталап отырады. Барлығында да Қарабай мен Сарыбай баталасады да, екі әкенің бірі (бір вариантта Сарыбай, екінші вариантта Қарабай) сол бата шартты өз өлімімен, өз қанымен нығайтып, бекітіп, енді қайтып бұзылмастай, өзгерместей етіп кетеді. Рушылдық, феодалдық құрылыстың санасында жыр жырлаған бұрынғы-соңғы ақындардың барлығы осы түйінді өз варианттарына негізгі сюжеттік себеп, арқау етіп алады. Ол сана бойынша жаңа туып, ержететін Қозы, Баяндай екі жас та осыны өздеріне өмірлік қарыз, міндет санап, жыр бойында арман етіп көксейді. Сол жолда алысып, талпынумен барлық негізгі варианттардың ақырында трагедиялық қазаға ұшырайды.
Ғашықтық турасындағы романтикалық эпос, сөйтіп, бұрынғы қоғамдық құрылыстың ерекше ескі салтымен дәлелденіп жырланады. Жырдың ұзақ бойында ол салтты "теріс еді, ежеқабыл өрескел кертартпа, ауыр салт еді" деп, сынап қарау, мінеп-шенеу жоқ.
Қозы Көрпештің біз талдап тексеретін Жанақ вариантын, аяқ кезіндегі Бейсембай қосқан жасанды өзгерісіне қарамай, барлық композициялық құрылысымен алсақ, мінеп-сынағанда салттың өзін кінәламайды. Тек сол батаны бұзған сараң, қатал, құлқыны жаман, арам кеуде Қарабайды жауыз етеді. Сол батаны бұзам деп, жастардың ажалына себеп болды, қиянатшыл ата, құнсыз жан болды деп суреттейді. Негізгі ғашықтық сияқты, романтикалық тақырыпқа құрылған лиро-эпос "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" барлық дүние жүзіндегі фольклорда кездесетін, осы алуандас романтикалық эпостардың заңы бойынша өрбиді. Өзінің композициялық құрылысында адам мінезін, көп тартыстарын, психологиялық ішкі сезім дүниесін тереңдеп, шеберлеп берумен қалыптанады. Сонда Қарабай психологиясы неше алуан міннен, сорақылықтан, өрескелдіктен құрылған болады. Өзі тоқсан мың жылқы айдаған, бірақ ешбір жанға, тіпті өзінен туған баласына да рақымы, мейірі жоқ обыр бай, жауыз, қомағай бай болады. Оның бейнесінде жыр халыққа аса жиренішті, қоғам мен жеке адамдар тіршілігіне қастық, зиянды сипаттарды әшкерелеп, таңбалайды. Осы жаманшылықтар қатарында Қарабайдың әсіресе өрескел, қиянаткер ісінің бірі етіп, жаңағы бата бұзуын, жастарды сорлатуын қосалқы арқау етеді.
Сол жайлар психологиялық шебер, қиын түйіндерге құрылады. Композицияның күрделі, шытырман байланыстарын қалыптайды. Бұл жағынан қарасақ, Қарабай екі жақты, контрасты іс, мінездер көрсетіп отырады. Ол әуелгі бағаласушының біреуі өзі болғандықтан, жастарды қосушы да өзі. Кейін бата бұзушы болғандықтан, өзі қосқан жастардың тағдырын бұзамын, күйретемін деп, алысушы да өзі. Жанақтың шеберлеп құрған сюжеттік композициялық вариантында екі жастың трагедиясы Қарабайдың: "жетім ұлға қыз бермеймін" деп, "мені жұтатын жалмауыз туыпты" деп, "тумай жатып әкесін жалмады" деп, айнуынан басталады. Осының бәрін сұмдық белгілердей танып, құдалықтан, батадан бұзылуы жыр ішінде құрылатын ең алғашқы үлкен тартыс, түйін болады. Содан әрі Қарабай көше қашады. Көш Жанақтың шебер жырлауында соншалық ұзақ, шексіз шарлауға айналады. Ақырында ит арқасы қиянға, көз көрмес, құлақ естімеске Баянды алып қашып, Қозыдан жырақтатып әкетеді. Бұл әрекеттің барлығы да, жалғыз ең алғаш түйілген тартыс түйінінің ілгері қарай дами түсіп, өскелеңдеп, шиеленіп, қиындай беруінің жолдары. Баян мен Қозыны кейін де қоспас үшін жас қыздың басын жаңа серт, уәдемен тағы шырмайды. Өзінің құнсыз, арам көңілі малына табынған Қарабай тоқсан мыңның қырылып өлетін қазалы кезеңіне келіп шырмалады. Сонда мұның бар арманын орындап, тоқсан мыңды аман алып қалатын Қодарға Қарабай барынша табынатын болады. Баянды Қозыға қоспаймын деп жүрген талабы бойынша, өзі табынған қара күш иесі Қодарға қоса табындырмақ болады. Меншікті етіп, басын байлап беруге тырысады. Алып қайратын көрсетіп, тоқсан мыңды жалғыз өзі аман алып шыққан Қодарға Қарабай Баянды қалыңмалсыз, қарызсыз бермек болады. Анығында Баян қалыңмалсыз тиген емес, тоқсан мың жылқы қалыңмал берген Қодарға, соның қарызын өтеу орайына, ақыға берілген қыз болады. Бұл кезеңде Қодар да, Жанақ айтуынша, оның шеберлеген психологиялық реалдық мотивтері бойынша, жазықты емес. Себебі Қарабай бұл қызын "басқаға батамен атастырған қыз еді" деп айтпайды. Қодар болса, адал ақы еңбегіме, жүлдеме алатын сыбағам деп ұғынады. Сөйтіп, әуелі Қозы іздеп таппастай алысқа шырқап кеткен Баян, енді және де қолға түспес қиынға, қияға кетіп, жырақтай береді. Бұрын Қарабай қарсылығы, үлкен тартыс әрекеті жастардың қосылуына бір бөгет болса, енді Қодар басына берілген ерік қыз айналасына тас қорғандай орнайды. Қиын қамау болып, тағы да қат-қабаттай түседі. Баян айналасында Қозыға мұны бұйыртпастай етіп әкенің ендігі ықтияры, Қодардың ендігі алып қуаты мен орынды талабы бірнеше қабат жаулық болып, тұтасып жатады.
Бірақ осыншалық қарсылықтарды жастардың ғашықтық талаптарының жолына бөгет қылып қоюшы Қарабайдың екінші бір әлсіз, дәрменсіз, шарасыздық жағы тағы бар. Жырдың жоғарыда айтылған рушылдық санасы бойынша, жыршының құптайтын ежеқабыл салты бойынша, Қарабай қанша әлек салып арпалысқанмен, батаны бұзуға дәрменсіз.
Себебі бата екеудің арасында, екі атаның туар өмір алдында бірігіп отырып жасаған байлауы болатын. Ол бұзылса, тек сол екеуінің қайтадан бірігіп отырып ынтымақпен ғана бұзуына болады. Бірақ жырда сол қайта бұзуды мүмкін етпес үшін әңгіме Сарыбайды алғашқы батаның үстінде, сол сәттің өзінде құрбан етіп қойған. Ол тағдыр кітабына жазылғандай, бата байлау бұзылуға мүмкін емес. Оны жоқтаушылар да шығады. Сол жоқтаушылар қаншалық әлсіз болса да, қаншалық аз, көмексіз болса да, "біз бармыз, батаның орындалуын біз жоқтаймыз, бізге жол бересің" деп шыққан халде, барлық мықты, дүлей, бітеу кеуде қарсылық, жауыздық күштің барлығы еріксіз әлсіремей қоя алмайды. Ол жоқшылар жыр ішінде біріне-бірі көрместен-ақ аңсап, ынтыға құштар болып, ғашықтық жалынмен ұмтылатын Қозы мен Баян болады. Бұл екеуінің ғашықтығын әуелде бата бұйырып, шешіп қойса, кейін Қарабай әрекеттерімен қатар, әлсіз ғана болса да, бірақ үзілмей ширатыла созылып отыратын нәзік сыршыл бір мотивтер жалғастырып өсіре береді. Жанақтың композициялық құрылысы Ай мен Таңсықты батадан кейін туар ғашықтықтың екінші сатыдағы жақтаушысы етеді.
Қарабай көше қашарда Қозының жөргегінің үстінде:
Баянды бермей кетер саған боқты,
Айым, күнім атарсың қазалы оқты, -
деумен екі қыз алыс тартыстың, Қарабайға қарсылықтың сюжеттік желісін бастайды. Содан Қарабай Баянды айырып әкеттім деп, ұзақ шырқап кешіп жүрген кезде, жаңағы екі жасты жалғастыратын ғашықтықтың тілеулестік жыры Баянның бесігінің үстінде үзілмей жырланып созыла береді. Содан әрі, Баян өсіп жеткенше, кейін Қозы өктеп талпынып келгенше, қыздың өзі өсумен бірге ішіндегі ғашықтық та, Қозы деген арман да бірге ұлғайып, дамып өсе түседі.
Баян ержеткен кезде Қозы жағынан келуші Айбас, екі жастың арасына Ай мен Таңсыққа қосылып септеуші болады. Екеуін бар арман-мүдделерімен жалғастырып қосушы қайрат иесі батыр дос болады. Жыр сюжеті қатал қайсар қарсылықтың қара күшіне бұрын әндей, жырдай нәзік қыздар наразылығын қарсы қойса, енді әділ кекті, әділ намысты бел қылған елеулі қайратты да алысушы етеді. Бұл оқиғалар араласу арқылы жыр ішіндегі психологиялық, драмалық тартыстар қиындалып, күрделі болып түйіліп, өскелеңдей түседі.
Жырдың осыдан арғы композициялық дамуында Қозы мен Баян біріне-бірі талпынған ғашықтар, Қодар арадағы үшінші қаскөй күш болады. Барлық романтикалық эпостарда, поэмаларда жүретін қиянатшы, айырушы болып қалыптана береді. Ол жағында жырдың композициясы дүние жүзілік фольклорда, ескілікті поэмаларда болатын дағдылы сюжеттік схемадан көп шалғай кетпейді. Соның көбіне ұқсас болып баяндалады.
Жырдың алғашқы бөлімінде Қодардың Баянға деген талабын оның еңбек ері болған өрен қайратымен және Қарабай малына сіңген еңбегімен орынды деп дәлелдесе, жырдың екінші бөлімінде Баян - Қозы бірігіп және ғашық болысып, жыр басындағы аталған алғашқы тартыс мүддесін орындаушылар болып шыққан кезде, Қодар енді зорлықшыл, қиянатшыл қара күштің жиынтық бейнесі ретінде кейіптеледі. Малынан басқа досы да, туысы да жоқ жауыз бай - Қарабайдың қара шоқпары, қараңғы күш есебіндегі сұмырай серігі болып шығады.
Жанақ вариантында кейін Бейсембайдың қосқан аяқтауы - жалпы "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырына жанаспайтын өрескел, орынсыз жамау. Бірақ ол тегін жамау емес, халық айтып жүрген жырға халық ұғымынан тыс, үстем тап санасының өкілі болған ақынның қосқан жамауы. Бұл жырдың бұрынғы барлық варианттарында үнемі келетін бір идея, күрделі, көрнекті идея бар еді. Бұрынғы салт пен заңдардың жастар тағдырын сорлататын заңдар екенін тереңдеп, қамтып мінесе де, Қозы мен Баянның трагедиялық халі арқылы зор ауыртпалықтарды, толып жатқан қоғамдық қайшылықтар арқылы, объективтік шындықпен ашу барды. Сондықтан жырдың бұрынғы құрылыс қалпында ол күндегі салттың міні көрінетін. Ол замандағы жастардың соры әңгіме етілетін еді. Талай жақсы жастар, иелер жазықсыз таза армандарымен шер шырмап, зар жұтып, қанды қаза тауып еді деген, дұрыс идеяны жыр барлық мазмұнымен танытушы еді. Мынау Бейсембай қосқан қоспа сол қоғамдық ерсілік қайшылықтарды жамап-жасқап, жоқ етеді. Белгілі шамаға шейін болса да, сыншы ойы бар жырды халық ұғымына жат, жалған жамаумен жұқалап, жеңілдетеді, арзандатып әкетеді.
Сол заманда, сол жастар ырыс тауып, дегеніне жетіп, бақ мерейлі болыпты деген идеяға әкеп соғады.
Анығында "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" әңгімесінің аяғы, Бейсембай айтқандай, мұратқа жетумен бітетін болса, онда бұрынғы заманда бұл оқиға жыр да болмас еді. Тіпті азғантай аңыз да болмай, елеусіз қалар еді де қояр еді. Олар жайының жыр болуы, шынында, екі жастың бір арман жолында жалындап жанып, ынтыға ұмтылып, қайғылы қаза табуынан туған. Қозы мен Баян жайын ғасырлар бойы қазақ халқының жыр етіп сақтауына, ақындардың талай буындары қызығып жырлауына себепші болған шындық осы. Біз осы айтылған тексерулермен, "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырының өзіміз талдауға алған Жанақ вариантындағы композициясын, идеясы мен сюжеттік құрылысын талдап өттік. Енді жыр ішіндегі басты образдарының айрықша қалыптанған тұлғаларына бөлек-бөлек тоқтаймыз.
Жырдың бас геройы Қозы Көрпеш жастайынан еркін махаббат аңсаған және ер болып суреттеледі. Оның ісі әділ, мінез-құлқы ұнамды. Айбас Баянның ғашықтығын білдіріп, Қозыға алтын жүзік сәлемдеме әкеліп бергенде, жігіт те қызға көрместен ғашық болады. Қозы жолда тұрған қауіпті қиыншылықтарға қарамастан, өзін ғашық жар жолына құрбан етеді. Шешесімен қоштасқан сөзінде:
Алдымда неше қатар тұрса да оқ,
Тартынып бұл сапардан қалуым жоқ,
Сұлуын дүниенің жисаңдағы,
Бір жарымдай болмайды көңіліме тоқ, -
дейді.
Қозы Көрпеш Баянды іздеп тауып, оған сырласудың амалын таба алмай, қой жайып жүргенде:
Дүниеде ғашық қатты екен,
Көңілді бұған бұрғызды.
Бере ме тәңірім, бермей ме?!
Ынтықты болған бір қызды.
Қосылғанша мен соған,
Ішіме қайғы толғызды, -
деп зарланады.
Қозы Баянның жолында жапа шегіп, құлқыны жаман Қарабайдың жалшылығында азапты өмір кешіреді. Елі-жұртынан безеді. Баянға тез қосыла алмағанын арман етеді. Сөйтсе де, ол өзіне-өзі дем, қуат беріп:
Сенен басқа хор қызы
Болса да, көңіл салмаспын.
Шашы күміс, басы алтын
Болса-дағы алмаспын.
Танымасаң, қыз Баян,
Танытқалы бармаспын.
Сені алмасам осы жол,
Тірі де жүріп оңбаспын, -
деп ант-серт айтады. Қозының алған мақсатынан қайтпайтын ер көңіл, опалы ғашық екенін оның алдында тұрған бөгеттерді жеңіп өтуінен де байқауға болады. Жоғарғы айтылған нұсқаларында Қозы Баянның жолына өзінде бардың бәрін құрбан етеді. Жылқысын жауға, түйесін шөлге, қойын аш қасқырға тапсырады:
Ақылым бұл уақытта зерек емес,
Көп тұрса, ертеңгі күн болады кеш.
Сансыз жылқы, сан қойым қалса артымда,
Бір күнде қырылса да керек емес, -
деп, Қозы мал-дәулеттің бәрін тәркі етеді.
Қозы жолында тұрған екінші бір қиын бөгет - артында қалып бара жатқан жалғыз анасы, елі-жұрты еді. 1909 жылы Қазанда басылған "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырында Қозы "Сапарыңды қи, барма" деген жалғыз анасының да айтқанын істемейді. Сол үшін анасынан теріс бата алады. Ананың ықтиярынсыз сапар шегеді. Жанақ нұсқасында бұл жер мүлдем өзгертілген. Баласының алған бетінен қайтпайтынын білген соң:
Қапы қалма, қарағым, дұшпаның көп,
Жолың болсын, бар енді рұқсат бердім, -
деп, шешесі оң батасын береді. Сол сияқты Тайлақ та Қозыға оң батасын береді.
Шырағым, қайратыңа көңілім еріп,
Мен келдім қалайын деп сені көріп,
Тоқтатар сапарымды деп ойлама,
Амандасып қаламын бата беріп, -
дейді. Сөйтіп, Қарабайдың барған ел-жұрты бастығы Сасан би болып, Қодар жағына болысса, Балталы жұрты басы Тайлақ болып, Қозыға болысады. Жанақ жырында Қозы халыққа арқа сүйенсе, жырдың өзге нұсқаларында жалғыз шабады. Ата-ана, ел-жұртының оң батасын алған жерде Қозы мықты жауларын жеңіп, Баянға қосылады да, жалғыз шапқан жерде арманына жете алмай, мерт болады.
Қозының мақсатына жетуіне жол бермейтін үшінші қырсық тілсіз жау болған - табиғат бөгеті. Бұл бөгет - мыстан кемпір, түйе, орман, қасқыр, түлкі, шөлстан. Оқиғаның аяғы қайғылы болып біткен Қозы шөлстанда арып-ашады, зарығады, тарығады. Бұл бөгеттер Қозының жалғыздығын, айласыздығын, жапалы мүскін, жаралы ғашық екенін білдіреді. Жанақ нұсқасында Қозы бұл бөгеттерді оңай жеңеді. Қозының шөлде жүдеп жатқаны шешесінің түсіне кіріп, бүкіл елі жиылып, Қозының тілегін тілеп, құрбандық шалады. Жұрттың тілеуіне сай шөлде аты арып, өзі қамығып жатқан Қозыға бір ақ сақалды кісі жолығып, бата береді. Бұдан кейін Қозы Аягөзге жетеді.
Қозы алдында тұрған төртінші бөгет - Қарабайдың опасыздығы, Қодардың жауыздығы еді. Шөже жырында осы жауыздық Қозының түбіне жетеді. Жанақ - Бейсембайда жырдың аяғы қуанышты болып біткендіктен, трагедия болмағандықтан, ер, айлашыл Қозы бұл бөгетті де жеңіп шығады.
Жанақ жырында оның жеңімпаздық сипаты күшейтілген. Қодардың ауыр балғасын ол ұршықша ойнатады, өзін аттан аударып алып, қабырғасын күйретеді. Бойы кең, күші басым болғандықтан, ол Қодарды өлтірмейді, көп елемейді. Жанақ жырында қара ниет Қарабай мен мысық тілеулі Қодар Қозының қолынан сазайын табады.
Бірақ Қозының аңғалдық, ақ бейілдік, сенгіштік сипаттары күшті. Өзінің ата жауы Қодармен ол дос болады. Сасан би Қозыны тойға шақырып алып, өлтірмек болғанда, қауіпке бір өзі қарсы барады. Жанақ жырында сонымен қатар Қозы тым айлашыл, ақылды, тапқыр болып та кетеді. Бұл осы жырдың жалпы композициялық жүйесінен туған жай. Сондықтан Қозы қандай қиыншылықтан болса да құтыла береді. Сасандар у бергенде, Баянның отауында жау ортасына түскенде де Қозы дұшпанына пенде болмайды.
Қозының ерекше бір жақсы сипаты - әділдігі, ізгі мінезділігі, адамгершілігі. Ол досы түгіл, жауына да жамандық ойламайды. Әр нәрсеге ақ ниет, адал жүрегімен келеді. Қиянат, зорлықтың жолына түспейді, сол үшін еліне де қадірлі. Көсемсары сияқты жауларын да өзіне тартып дос етеді. Жырда айтушының да, тыңдаушының да бар тілегі Қозы жағында отырады.
Жоғарыдағы тағы бір басты қаһарманның бірі - Баян. Оқиға желісінің өзі де осы Баян үшін болған тартыстан басталып, Баянның өзін-өзі ғашықтық жолына құрбан етуімен аяқталады. Қозы сияқты, Баян да ескі әдет-ғұрыптың торынан құтылуға талпынған жас. Жырдың желісіне, Қарабай, Қодар сияқты жандардың қиянатына қарағанда, Баян заманының тым қараңғы меңіреу, әділетсіз болғаны байқалады. Ол кезде Баян сияқты өзінің сүйгеніне қолы жетпей, арманда өткен қазақ қыздары аз емес-ті. Баян осы әділетсіздіктің, аталық, кертартпа салттың құрбаны.
Баян - ақылды, өр мінезді қыз. Өзінің сүйіспеншілік сезімін ажалдан да жоғары бағалайды, оған кір жұққызбайды. Оның махаббат жолындағы қасиетті ерлігі жер жүзі дастандарында, ең көркем үлгілерде ғана ұшырайтын зор қасиет болып суреттеледі. Жырдың осы сияқты ерекше сырын орыс ғалымдары да ірі бағалаған. Қазақ ауыз әдебиетінде "Қозы Көрпеш - Баян сұлудай" даңқы мол жайылған жыр жоқ деуге болады.
Қозы мен Баянның махаббаты іштен туа болған дедік. Мұнысы шығыстың атақты махаббат жыры "Ләйлі мен Мәжнүннің" сүйіспеншілігіне ұқсайды және екі жастың сүйіспеншілігі де ерекше күшті, берік болады. Бұл дүниеде қосылуға тағдыр қоспаған соң, екеуі ол дүниеде қосылады дейді. Жырдың тұсына діншіл жыршылардың ұғым, нанымдары да әсер еткен. Қозы келген жерде Баян да өледі. Баян мен Қозы өзінің Қарабайдай қатал ата бұйырған тағдырына қарсы тұрады. Жырдың ең күшті тартысы осы қиыншылық, қақтығыста. Әйелдің ғашықтық жолында алысуы шығыста Жүсіпке ғашық болған Зылихадан басталады. Бірақ Зылиха тек азап қана шегеді, зарығады, тарығады. Ақыры дегеніне жетеді. Ал, Баян азаптан ажалды артық көреді. Низами жырлайтын "Қысырау мен Шырын" жырында да Шырын Иран патшасы Қысырауға тиіп, оның баласы Шируя өз әкесін өлтіріп, өгей шешесі Шырынды алмақ болғанда, Шырын Қысыраудың бейітіне барып, өзіне-өзі қанжар салып өледі. Баян мен Қозы трагедиясы бұдан да гөрі аяныштырақ. Себебі мұнда екі ғашық бір-біріне мүлде қосыла алмай кетеді. Баян жырының трагедиясы Науаи жырлайтын "Фархад - Шырын" дастанындағы Фархад моласында өлетін Шырынға ұқсайды.
Баянның Қозыға кейін ғашық болатын жайын Қарабайдың екі қызы Ай мен Таңсық сөздерінен байқатады. Балталыдан ауа көшер жерде:
Қозыке, піспей қалған сіз бір алма,
Бойыңа қуат бітіп, күш толар ма,
Қозы Көрпеш күйеу боп, біз қайын боп,
Иілісіп тұратын күн болар ма? –
деп, екі қыз бесікте жатқан Қозыға жас Баянды қосуды арман етеді. Сол Қозы мен Баянға да арман - серт болсын деп, тілек арнайды. Қозы ержете бастаған соң, Баянды іздеп барғанда, үш қыз оған:
Сәлем де олай болса дұғай-дұғай,
Біз жүреміз қайысында жылай-жылай, -
деп зарланады. Шөже жырында Баян Қозыға апаларының айтуымен сырттан ғашық болады.
Сәлем де ініңізге, іздеп келсін,
Келмесе, сорлы Баян дегені өлсін.
Көңілім кетті Қозыға, жаным мұнда,
Айтқан сөзді ініңіз қабыл көрсін! –
дейді.
Екінші бір сөзінде:
Құдая, сапарыңа дем бере көр,
Ағаеке-ау, жылдамырақ жөнеле көр, -
деп, Баян ғашық жарын көруге асығады, ынтызарлық мінәжатын айтады. Бұдан әрі Баянның махаббаты дамылсыз өрлеп, күшейе береді.
Анда-санда болмаса сөйлеспейді,
Жалғыз жатып Қозы үшін қылады зар.
Қыз махаббатының қуаты әсіресе Қозының өлімі үстінде көрінеді. Қарабай Қозының өлгенін естіртіп: "Қозыкеден артыққа қосамын, жылама" дегенде, Баян:
Етегімді жел ашып жүрген емен,
Қозыкеден басқамен күлген емен,
Әке, неке қидағы, енді өзің ал,
Елден бура салғандай інген емен, -
деп, ашынған ызалы, қайғылы сезімдерін қатал кекесінмен білдіреді. Бұрын Баян ата-анасына ашық қарсы келмеуші еді, бұл жолы атадан да, ата-ананың дәстүрінен де қол үзеді:
Баян сұлу қолына айна алады,
Қозыкеден айрылып қиналады.
Өзіменен қосылып зарлансын деп,
Ботасы өлген бозінген қолға алады.
Баян жібек белбеуін белден шешті,
Қозыкеден айрылып күйге түсті.
Баян сұлу тұра алмай, жұртта қалды,
Ертең тұра Қарабай аулы кешті.
Қаралы Баян Қозының дертінен орнынан тұра алмай, жұртта қалады.
Шөже жырындағы Баянның Қозыкені жоқтауы да ауыр толғау, ащы зармен келеді:
Ботасы өлген бозінген алып келдім,
Мен Баян, тал отындай жанып келдім.
Қодар құлды құдыққа құлаттым да,
Аза тұтып басында налып келдім.
Қозыкем, жатырмысың жер бауырлап,
Қарға жүнді қамыс оқ соны ауырлап.
Тұрар болсаң, тұр-сана, Қозыкежан,
Құдай қосқан қосағың келді зарлап!
Баян мен Қозы екі жақ бірдей сүйісіп қосылған, жұбайылық некені жақтайды. Осы Шөже жырында жылап отырған Баянның түсіне Қырық шілтен еніп: "Қозыға неше күндік өмір тілейсің?" - деп сұрайды. Сонда Баян: "Ұзақ өмір тілеп мен неғылайын, үш күн, үш түн ойнасам, болар", - дейді. Қырық шілтен: "Артығырақ сұрамадың ба?" - десе де, Баян үш күннен артық өмір сұрамайды.
Баян жастың тілеуін құдай берді,
Ер Қозыке сілкініп тұра келді.
Шын ғашықтың жандары өзінде емес,
Үш күн, үш түн бас қосып дәуір сүрді.
Шөже жырының бұл жері Қозы мен Баянның арманды махаббатын аяп, жоқтап, күшейту үшін қосылған. Бұл қиял, бірақ Баянның өлер алдындағы жалғыз талшық жұбанышындай. Тірлікте жетпеген арманға тым құрса түс қиялмен жеткенде, сол жұбаныш болсын дегендей. Бұдан әрі құшақтасып өліп жатқан екі ғашықтың үстіне қырықтың бірі Қызыр душар болады. Қараса:
Екеуі жатыр екен мойындасып,
Құшақтап, бірін-бірі қойындасып.
Өлі десе, ажары бір тайған жоқ,
Тірі десе, жайы жоқ нұры тасып.
Қызыр "жаралған жеті ғашықтың бірі екен деп" дұға оқып, екеуіне отыз бір жылдық өмір беріп, қайта қосады. Бұл да халықтың Баян мен Қозы оқиғасына жаны ашығаннан туғызған қоспасы. Мұндай қоспа Баян мен Қозының бейіті жайында айтылған бір ертегіде бар. Қозының бейітіне екі гүл шығыпты, оның ортасына бір тікен бітіпті. Гүлдер - Қозы, Баян, екеуінің ортасына шыққан көк тікен Қодар екен деседі.
Баян - алған бетінен қайтпайтын ержүрек қыз, шын опалы жар. Шөже жырының артында:
Қозыке мен Баянның болған шағы,
Бәйшешектей қуарып солған шағы.
Қозыке өлген жерінде Баян да өлген,
Әркімнің сондай болсын алған жары, -
деп, Баянның ел ардақтысы, ерге арман болған жар екенін дәріптейді.
Баян - жұрттан асқан сұлу қыз. Оның сұлулығын, даңқын естіп:
Тоқсанбайдың баласы тоқсан серің
Сыртынан көзі көрмей ғашық болған, -
дейді жыр. Мұның бәрі де ғашық болып жаһан кезген адамдар еді. Баян бұларға ойыспайды. Осылардың ішіндегі ең көзге ілінері Қодар болса, оған да іші әсте жібімейді:
Қара көзін қан басып қарағанда,
Маңына жоламайды Қодар үркіп.
Баянға тек сүйген жары ғана қымбат. Осы жолда ол жалғыз Қодармен ғана күрескен жоқ, атасы Қарабаймен де, бүкіл елі-жұртымен де ұзақ күреседі. Баян жауымен күресе білетін әрі ақылды, әрі қайратты қыз. Сол қайратты бітімін Баян Қозы өлген соң аса айқын көрсетеді. Өзге ғашықтық жырларда ұшырамайтын, әсіресе ғашық әйел жасамайтын қайрат көрінеді.
Баян арманда кеткен жары үшін өзі кек алады. Қодарды құдыққа түсіріп, кесекпен атып өлтіреді. Бұл әрекетте халық жыры қазақ қызын ғашықтық үшін алысуды үгіттейді. Кескілескен кектен де тартынбай, өзің алыс, жан аямай, жауыздықты жазалап алыс дейді. Мұнда өмір үшін алысудың реалистік талабы - психологиялық терең сырға жетеді. Құр аһ ұру мен өлу аз, қатал қайрат, қатты кек болсын. Содан да өз қолың, өз жүрегің тартынбасын. Жасып жылап өлмей, жарғыласып, адал арманыңды ақтап өл деген, тәрбиелік сананы көрсетеді.
Жырда мінез-құлқы, іс-әрекеті аса толық суреттелген жанның бірі - Қарабай. Оның айқын сипатының бірі - сараңдық, малқұмарлық, құны жаман қомағай байлық. Мал-дәулет қасында оған туған ел, дос-жар, іштен шыққан баланың көз жасы түк емес. Бұл жағынан ол Шықбермес Шығайбайға, қарғыс бейнелі Қарынбайға тартқан. Елдің жауыз байды жиренішті етіп көрсеткен бір мол көрінісі осы образда. Сексен бес жасқа келген Қарабайдың бәйбішесі қыз туып, бір сақау қатын өліп-өшіп Қарабайдан сүйінші сұрай келгенде, құлқыны жаман бай оны "былшылдама" деп сөйлетпейді. Әйел сонда да:
Қартайғанда көріпсіз бір перзентті,
Шыныменен бір шапан бермейсіз бе! –
дегенде:
Сегіз өрме, бұзау тіс қамшысы бар,
Сақауыңды кетеді бартылдатып, -
деп сипаттайды жыр.
Тоқсан мың жылқысы бар Қарабайдың пейілі сонша тар, сараңдығының үстіне Қарабай малын ішіп-жеуге қимайтын нағыз сасық бай. Жырда ақын оны:
Тоқсан мың жылқы айдаған бай болса да,
Үйінде сілкіп киер шапаны жоқ, -
деп бейнелейді. "Ұнамаған адамға шөл арықпын, қулық қылған кісіге қас шұнақпын" дейтін сөздерді Қарабай үнемі мерзім алған. Қарабайдың жүрегі үнемі аяуды білмейді, жақсылыққа меңіреу, Сарыбай "үйдегі кісіміз жүкті" деп, буаз маралды атпағанда, "өлсем де бір тояйын, атып берші" деп, Сарыбайға зорлық істейді және:
Кез келген сен атпайсың бұйрықты аңды,
Достықтан шыныңменен безгенің бе, -
дейді.
Достығын ол бір маралға сатуға бар. Өйткені марал оған азық, үнем, табыс.
Антына опашыл Сарыбай киікті атам деп қаза табады. Сонда Қарабай:
Қасында Сарыбайға қарамайды,
Маралдың жаны шықпай ішін жарды.
Ішінен қос қодығы мөңіреп шықты,
Қодығын тыпырлатып бауыздайды.
Бұл мейірімсіз қара жүректің белгісі еді. Ондай адам ешкіммен еміреніп дос болмақшы емес. Болам десе де, оған мән бермейді, опа таптырмайды. Ол Сарыбай өлейін деп жатқанда, досының басын сүйеуге де жарамайды.
Маралды егіз қодығын теңдеп алып,
Достасын бек сөйлескен кетті тастап.
Мал қызығына батқан дүниеқор, сараң Қарабайда ар, ұят, әділет жоқ. Ол - ерге де, елге де опасыз, тасбауыр, өзімшіл. Сарыбай өлген соң, Қарабай бата оқуды ойлап, жиырма шапан, тоқсан саба қымыз әзірлеп, Сарыбайдың аулына бармақ болады. Бірақ өзі әуелі салт барып, баланы көреді де:
Мені жұтар жалмауыз туыпты деп,
Тантық шал Бақа айғырға міне қашты, -
дейді.
Қарабайдың малсақ, қызғаныштығы лезде күш алып, ол баяғы Сарыбайға берген антын бұзады. Қайтып келіп, тоқсан нарға теңдеген сабаларды пышақпен жарып тастайды. Ақты төгеді, ақ ниеттен таяды. Ақты төгу, ант бұзу - қазақ ұғымында үлкен кесапаттық. Жырда Қарабайдың осы мінезі жақсы көрсетілген. Жанақ Қарабайдың рақымсыздығын оның осы мінез-құлқы, пейілінен деп табады.
Қарабайда мейірім, адамгершілік жоқ. Адамды бағаламайды. Соның ішінде өзегін жарып шыққан баласына да мейірімсіз, қатты.
Жас құлыным қырылды тамам, Қодар,
Бір су тауып бере көр маған, Қодар,
Сен шөлдетпей малымды алып өтсең,
Ақ Баянды беремін саған, Қодар! —
деп, өзінің қызын жылқыны шөлстаннан аман алып өтпекші болған Қодарға беруге уәде қылады. Жас қыздың бақытсыздығына себепші болады.
Қарабайдың мейірімсіздігі жат бауыр тұрпайылыққа айналған. Ол адам баласын сүймейді, жиренеді, елден-жұрттан қашады. Ақын Қарабайдың сараңдық, өзімшілдігін соншалық терең, дәлелді етіп суреттейді. Халықтан қашқан дүниеқор, қара көңіл Қарабай жырда кейде алаңғасар, ақымақ ретінде көрсетіледі де, ақын оған сықақ қолданады. Бірақ, сонымен қатар Қарабайдың қаттылығын басынан аяғына дейін бәсеңдетпей, барған сайын тереңдетіп, күшейте береді. Мұның аяғы қайғылы трагедияға соқтырады. Қарабай кейпі - халықтың, елдің сипатын қорлайтын, бұрынғы құнсыз байлар тұрмысының ең зиянды, жаман мінездерінің жиынтығы.
Қарабайдың кейбір іс-әрекеті арқылы жыр бұрынғы шаруашылық салттың міндерін де сынап, шенейді. Ол әсіресе көшпелі салтты сынау түрінде, Жанақ вариантында толық суреттелген. Сахараның дауылы қуған қаңбақтай баянсыз, тынымсыз болып Қарабайдың үрдіс, ұзақ көшулері жырдың құптаған, қостаған жайы емес. Мал аяғымен бірге, байыздамай, қоныстамай, кезбелікке салыну сорлылық, сорақылық есепті сыналады.
Мұнда бір Қарабай емес, бұрынғы шаруашылық құрылыстың, кезбе жабайылық салттың жалпы қазақ байларында болған, көпшілік тірлігінде болған құнарсыз күйі сыналады. Және сондай шаруа қалпында еңбекті қанаудың түрлері де көрінеді. Қарабай сараң, малқор, құрдым бай өзінің малын баққызған топты жанды айлалап, тәсіл қулықпен тұсап ұстайды. Тоқсан мың соңында қысы-жазы тынымсыз жүретін тоқсан құл тегін алынбаған. Бұлар басында "тоқсан сері" десе де, кейін тоқсан құл болып кетеді. Қарабай бастығын Қодар етіп, бұның бәрін қызы арқылы шырмап, құлақ кесті құлдай ұстайды. Өз малының қарақшысы етеді. Бұрынғы байлықтың еңбекті қанаудағы тұрпайы, өрескел дағдысы әшкереленеді.
Қарабайдың әйелі мен қыздарында Қарабайлық мінез жоқ. Қарабай құдалық антын бұзып, Балталыдан ауа көшпекші болғанда, әйелі:
Байғұс-ау, қандай адам серттен таяр,
Біліп пе едің тайғанды құдай аяр? –
деп, үйін жықпайды.
Бұл басымды кеудемнен кессең-дағы,
Бір отырған орнымнан өлсем тұрман, -
деп, ел-жұртынан айрыла көшуге наразы болады. Ел-жұртын, туған жерін қимау Қарабайдың Ай, Таңсық деген екі қызында да күшті. Қарабайдың екі қызының туған ел, өскен жерімен қоштасуы Жанақ жырында аса көркем, шебер және аянышты түрде айтылады.
Қыздар көшкен ауылдан бөлініп, әдейі жұртта қалып, кешке дейін жорғамен жұртын айналып жүріп қоштасады. Бұл қоштасу өзгеше көркем болғандықтан, бірқатар жолын мысалға келтіреміз:
Балталы, Бағаналы ел, аман бол,
Бақалы, балдырғанды көл, аман бол,
Кірім жуып, кіндігім кескен жерім,
Ойнап-күліп, ержеткен жер, аман бол!
Қара басқан қашқынды қоя берме,
Ел жақсысы, Тайлақ би ақылы мол.
Осы ізі тоқсан мыңның соқпақ болар,
Жоғалмас қайда барса қазылған жол.
Тайлақтың енді аман бол қалған елі,
Аман бол, қалың ағаш, аққан селі,
Теруші ем ермек етіп еріккенде,
Екпе жиде, алма ағаш көлеңкелі...
...Жібектей шалғынына ойнап өскен,
Сегіз сай, тау біткенді, сала аман бол!
Үйеңкі, қайың, терек, тал, аман бол,
Халайық, қалған елдің шалы, аман бол!
Қарабай қайын атаң сенен қашты,
Жөргекте Қозы Көрпеш бала, аман бол!
Ақын тілі наразы көңіл мұңдарын осынша терең, әсерлі етіп береді.
Жырдағы сүйіскен жастардың азаттық аңсаған талабына балта шапқан ұнамсыз кейіптің бірі - Қодар. Қарабай жырда өзінің қаттылығы, өзімшілдігі, малқұмарлығы арқылы көзге түссе, Қодар өзінің қиянатшылдығы, зорлығы, сұрқиялығы арқылы көзге түседі. Сарандық жолына түскен Қарабай да, мінез өзімшілдігіне түскен Қодар да рақымсыз, қара жүрек ант бұзғыш. Екеуі қиянатшыл қара күштің екі жағы сияқты. Жеке меншіктен туған бектік ортаның психологиясы, дүниелік амалы осындай болмақ. Мұндай адамдарға өзінен басқа жол жоқ, өзінен басқа дүние жоқ.
Қодардың да жауыздығы күншілдік бақталастыққа шауып, барған сайын күшейіп, аяғы Қозы мен Баянның өліміне соқтырады. Жыр адамның сезім дүниесін өте шебер көрсетеді. Шөже вариантында Қодар ноғайлының атышулы мырзасы Шақпақбайдың баласы делінсе, кейбір вариантта қалмақ батыры болады. Үшіншілерінде Қарабайдың асырап алған еншілес баласы. Кейде жай құлы. Қалай деген күнде де, бұл жағдайлар Қодардың мінін жеңілдетуге ем бола алмайды. Бәрінен де өзімшіл, күншіл, қиянатшыл, озбыр Қодар алдыңнан шығады.
Қодардың барлық жауыздық істері Баянға құмарлықтан туған. Шөже жырында ноғайлының ерулігіне барған Баянға Қодар бір көргеннен ынтық болады:
Баянға ауызба-ауыз бір тілдесу
Қодарға жұмыс болды көкейкесті, -
дейді жыр.
Баян оған:
Тимеймін ноғайлыға, арым бар-ды,
Алтын айдар, шоқ белбеу жарым бар-ды, -
деген соң-ақ, Қодардың құмарлығы бірден ожарлыққа, қара күшке дейін келеді. "Берсем де әке-шешем сені алармын" деп ерегіседі. Көлеңкедей болып, Баянның соңынан қалмайды. Жанақ жырында Қодар Қарабайға:
Асыраған қызыңды мен алманмын,
Жалғыз қызың Баянды мен аламын, -
деп, Баянға ғана құштар болады. Бірақ Қыз Жібекті айла, арамдықпен алмақшы болған Бекежан сияқты, Қодар да Баянға бір жақты сүйіспеншілік міндетін артады. Содан барып оның құмарлығы зорлық, өшпенділік, қиянатқа айналады.
Әйтсе де, Қодардың қиянатшылдығы қаншама ауыр болғанмен, жырда оның Баянға шын қызығуы да айтылады. Баянды алу жолында Қодар сұрапыл ерлік көрсетеді. Азап шегеді. Пантусов жазып алған жырда Таңсық деген апасы өлгенде, Баян Қодарға соның моласына меспен су тасып, үлкен көл жасатады. Жанақ жырында Қодар құс ұшпас құла түзден күн сайын төрт-бес құдық қазады, әр құдығы жүз кісілік. Су шықпай қалған құдыққа басқа құдықтан меспен су тасып толтырады.
Антұрған білдірмейді Қодар жасып,
Әр жерден жүз кісілік құдық аршып,
Су шыққаннан су шығар құдығының,
Суы жоғын толтырар меспен тасып,
Сол кездегі жандардан Қодар асып,
Мінезіне қайраты құп жарасып, -
дейді.
Қодардың алып қимылына оның астындағы байталы жарамай қалады. Сонда Қодар суды меспен жаяу тасиды:
Жаяу жүріп көреді көп бейнетті,
Етік қажап, бақайы қанап кетті, -
дейді жыр.
Бұл жағынан қарағанда, жырдың кей варианты объективтік түрде еңбекті жырлайды. Қодар белгілі мөлшерге шейін еңбек ері болып сипатталады. Ол Баянға қосылу үшін үш жылдай Қарабайдың қойын бағады. Ұқыпты жылқышы атанады. Жырда бұл тұстарда Қодар жазықты емес. Қарабайдың алдауымен шырмауында жүреді. Мұнда күрделі құрылысты көрсеткен жырдың көп қайшылықты жиған түйіндері, психологиялық шытырманы сезіледі. "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырының бір өзгешелігі осында. Қодар қаншама ауыр азап шексе де, қынжылмайды, қайта асқындай түседі:
Жайнаған жан қуанар қыз көрген соң,
Баянды аламын деп көңілі тоқ.
Қодар еңбек арқылы тілегіне жетпекші болады. Бұған оның қайраты жететініне сенеді. Бойы он кез, жауырыны үш кез, сыңар жұдырығы қолағаштай. Қодар шын алып. Аягөз барған соң, Баянға таласатын тоқсан ерге қарсы бір өзі айғай салып, жалғыз тиеді. "Ықтыжарды білетін Қодекең бе, сол жерде тау соққандай араласты". Бұл - Қодардың жақсы жағы.
Қодар - алып. Бірақ батыр емес, тек жай ғана қайрат иесі. Өзінен бағы, күші артық батыр кез келгенде, жасқаншақ, қорқақ. Жомарттығы да жоқ. Жауын жеңсе, аяуды білмейді. Жеңілсе, жалына бастайды, намыссыз. Қодар өзінің бақталасы Қозымен қыз үшін ашық майданда жан қиып күресе алмайды. Ұйықтап жатқан жерінде ұрланып өлтіреді. Мұнысы қурайды паналап келіп, Төлегенді атқан Бекежанның қаскөйлігіне ұқсайды. Қодар пасық адам болып, енді екінші ұнамсыз кескінмен көрінеді.
Қарабай сияқты, мұның да берген анты мен айтқан сертінде баға жоқ. Қозыдан жеңілген жерде онымен төс тиістіріп дос болады, ал артынша жаулыққа кірісе бастайды. Достық анты оның қара ниетін орындауға құрал болады.
"Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жыры - адал достықты жырлайтын дастан. Мұнда халықтың дұрыстыққа деген тілеулестігі жырланады. Ұнамды кейіптер арқылы жоғары бағаланады. Осындай ұнамды кейіптердің бір алуаны: Сарыбай, Айбас, Тайлақ - Қозының батагөйі, тілектесі. Жастай жетім қалған Қозыға үнемі аталық достық етеді. Сарыбай - дұрыс ниетті, ақ пейіл ата. Оны жұрты сүйеді. Сарыбай өлгенде, Тайлақ он сан жұртын жиып алып, Сарыбайдың сүйегін тауып, азалайды. Қарабай Сарыбайдың өлігі қайда қалғанын да айтпаған болатын.
Баянға құда түсу үшін Қарабайға он бір елші жібергенде, Қарабай сабап, олардың басын жарып жіберсе де, татулық сақтаған Тайлақ кек аламыз дегендерге басу айтып, тоқтатады.
III
"Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырының идеясы, композициясы түрлі вариантта әр түрлі өзгере отыратыны бар. Топтап келгенде, соларды негізгі екі салаға бөлуге болады. Жырдың көпшілігінде романтикалық сарын басым болады да, жырдың аяғы трагедиямен бітеді. Шөже, Кастанье, Радлов, Березин, Пантусов, Абрамов нұсқалары және 1909 жылғы баспасы осылай. Бұларда бұл дүниеде қосыла алмаған Қозы мен Баян ол дүниеде қосылады. Мұнда "Ләйлі - Мәжнүн" хикаясына ұқсастық бар. Бірақ "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырында өзін ғашық жолына қыз құрбан етсе, онда еркек (Мәжнүн) құрбан етеді. "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырындағы басты қаһарманның Баян болатыны да осында. Бұл қазақ әйелінің сол ертедегі ауыр халінен белгі береді. Жырдың көпшілігі рушылдық-феодалдық қоғамның әдет-ғұрпындағы әділетсіздікті баяндайды.
Жырдың екінші бір саласы - Жанақ нұсқасы. Мұнда реализм басым. Жанақ, Шөже варианттары бір алуандас. О дүниедегі бақытты көздемей, ғашықтардың бұл дүниедегі бақытын арман қылады. Осыдан келіп ол екі ғашықты қосып қояды. Көшпелі тұрмыстың әдет-ғұрып қайшылығын оңайлатады, соны жеңілейткен жамау-жасқау бар. Жырдың осы екі түрлі саласына сай оның композициясы да өзгеше. Жанақ жырының байланысы екі байдың достығынан басталып, шарықтау шегі - Көсемсарының ажалы, шешуі - Қодардың өлімі арқылы аяқталады. Мұның арты - қуаныш. Басқа нұсқаларында шарықтау шегі Қозының ажалы, шешуі - Баянның өлімі арқылы тынады. Арты қазалы, қайғылы.
Ғашықтық тақырыбын алсақ, Жанақ нұсқасының негізгі сарыны да романтикалық махаббат жүйесіне құрылған. Бұл романтика ескі тұрмысты, жабайы көшпелі салтты жоқтау емес, адамның бас азаттығын іздеу жолындағы романтика.
"Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырында ғибрат беру сарыны күшті. Жырда өмірдің нағыз шындығы, қайшылығы суреттеледі. Адамдарының мінез-құлқы тұрмыстан туған. Қаһармандарының бір парасы жамандықтың үлгісі болса, екінші парасы жақсылықтың үлгісі болып көрсетіледі. Қатты Қарабай, жауыз Қодар, сұм, мыстан Сасан би, опасыз жеңге - зұлымдықтың жоқшылары. Оларды халық қарғайды. Қозы, Баян, Айбас, Ай, Таңсық - ізгіліктің, әділеттің жоқшылары. Жыршының бар тілегі осылар жағында отырады. Жырда жауыздық пен әділет дүниесінің тартысы суреттеледі.
Жырдың тағы бір өзгешелігі - мұнда көшпелі ел тұрмысының тағылық, өрескел салтын сынау бар.
"Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырының тілі ескілеу, бірақ нағыз халық тілі. Жыр үнемі қара өлеңмен айтылады. Жеті буынды жыр, өлең Жанақ нұсқасында екі-ақ жерде кездеседі (Қозының зары, тазшаның Сарыбайдың өлімін естіртуі). Жырда халық аузында айтылып жүрген салт өлеңдердің сарыны, үлгісі күшті, қаһармандардың сөзі (монолог) үш-ақ жерде кездеседі (екі қыздың ел-жұртымен қоштасуы, естірту, Қозының зары). Айтыс та, монолог та өзіне лайықты орнында беріліп, жырдың әсерін күшейткен.
Жырда көркем сөздер мол. "Қарабай қайын атаң пейілі тар", "Қайран балам, кімдерге күң боларсың" деген сөйлемдер, "қыпша бел", "қолаң шаш" деген сияқты сөздер бұндағы өлең кестесін көріктей түседі. Теңеу сөздер де кей адамның сыртқы кескініне ғана жұмсалмай, ішкі мінез-құлқын да сипаттайды. Мысалы:
Қодардың өзі дардай, сөзі дардай,
Жүреді жанның бәрін көңіліне алмай, -
дегендегі "дардай" деген сөз Қодардың тасыр, даңқой екенін ұғындырады. "Қодардың атасы жел, анасы жел", "Көрмессің Қарабайдай жарыместі" деген сияқты теңеулі ұқсатулар да белгілі бір көркемдік мақсатпен жұмсалады.
Бірақ дастанның суреттілік қасиеті оның жалғыз тілінде емес, көбінше идеясында, адам образдарында, оқиғасының қызық, шебер аянышты болып суреттелуінде.
"Қозы Көрпеш - Баян сұлу" дастаны - қазақ әдебиетінің зор мұрасының бірі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter