Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
02.04.2021
371
Піл мен қанден
(И. А. Крыловтан)
Көшеде піл жетелеп біреу жүрді,
Кім көріпті хайуанды мұндай түрлі.
Көрсеткелі ап жүрген жануарды
Тамашалап, артынан жұрт боп ерді.
Көшеде кез боп бір қанден
Ұмтылды пілге шаптығып.
Шаңқылдап үрді ерленіп,
Тартынбай ұрысар жан шығып.
Қанденге бір ит кездей боп
Деді: "Әліңді білсеңші,
Пілмен ұрысар сиқың жоқ,
Мазақ болмай, қой, көрші!
Қырқылдап қалдың, не бітті?
Әуре болмай, қой!— деді.
Сен бұлқындың, ол кетті,
Жан деген жоқ ол сені".
"Мен де соны білемін,
Сондықтан ер боп келемін.
Ұрыс, соғыс қылмай-ақ,
Ер атанып көремін.
Жұрт мұнымды көрмей ме?
Батыр атақ бермей ме?
Қой, бұл қанден — ер шіркін,
Пілге де үрген демей ме?"
Піл Қанден хайуан жануар аударма Крылов Абай Құнанбайұлы Абай Құнанбайұлы өлеңдері Абай Құнанбайұлы шығармашылығы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter