Өлеңдер ✍️

  31.03.2021
  331


Автор: Әбубәкір Кердері

Әбубәкір молданың сырқау болып жатқанда айтқан өлеңі

Әуелі туғаннан соң бірге жеттім,
Еңбектеп екі жаста төрге жеттім.
Үш пенен төрт жасымда тілім шығып,
Шүлдірлеп ата-ананы ермек еттім.
Келген соң бес жасыма ойын білдім,
Ойыннан қалғанымды уайым білдім.
Алтыда балалармен асық атып,
Ойының неше түрлі жайын білдім.
Жеткен соң жеті жасқа хайла білдім,
Сегізде залал менен пайда білдім.
Айтса да бөтен қазақ жас бала деп,
Төлегей өзімді өзім дария білдім.
Тоғызға толғаннан соң молда көрдім,
Атаның күшіменен зорға көрдім.
Үйреніп әліп- әбжат, әдеп-әркен
Айналып келесі жыл онға келдім.
Оқуға он жасымда талап қылдым,
Ықыласпен оқыған соң сабақ білдім.
Сол жылы әптиек пен құран шығып,
Ойынды қош айтысып талақ қылдым.
Он бір мен он екіде түркі білдім,
Ғылымдық зирек жанның мүлкі білдім.
Шығарған мүсәннәфтар назым қылып,
Түркіні тәмәм тілдің көркі білдім.
Он үште араб көрдім, түркі танып,
Ойландым насихатты жадыма алып.
Молдамыз әр мағынадан жол көрсетіп,
Түсірді мұқтасарға алып барып.
Он төртте мұқтасарды араладым,
Әр баптан дәріс алып шамаладым.
Қарамай алды-артыма оқи бермей,
Қолыма қағаз алып қараладым.
Қосылды мәжілісім молдаменен,
Жақсыға жақын болдым алла деген.
Молданың насихатын тындасам да
Мәсәуәк ұстамадым шалмаменен.
Шалма мен енді ұстармын мәсәуәгін,
Уайымды ойламаған жас уағым.
Бір қиял айтайын деп ойлаған соң,
Халықтан қай сырымды жасырайын.
Жел кірді көңіліме он бесімде,
Айдады ерікке қоймай жел несібе.
Ол күндеойлағанның бәрі қызық,
Түседі адасқаным енді есіме.
Түседі енді есіме адасқаным,
Бойыма ғылым еді жарасқаным.
Ұлына кіші жүздің таныс болдым,
Алланың көрмесем де жер, аспанын.
Он бестен оқымадым бермен қарап,
Сөйледім тең құрбымның алдын орап.
Айтпасам өз басымның халы-жайын,
Тілменен не қылайын орып орақ.
Алтынды жерге төктім уыстаған,
Ерліктен ғылым артық ту ұстаған.
Тап болдым он алтымда бір мінезге,
Топ көрсе жеті мүшем құрастырған.
Бір көрсем шыға алмадым той-тамадна,
Сыртымнан құрбым жоқты мақтамаған.
Мен болып Әмудария құяр едім,
Көлденең қатты тілден сақтанамын.
Он жеті, он сегіздің бәрі бірдей,
Жаманның қайда қайда барса таңы атар.
Белгілі халық үстінде жақсылармен,
Бір жүріп тізгін түйіп қылдым сапар.
Өткіздім жиырма бір, жиырма екі,
Жайылды Кіші жүзге сөзім шеті.
Тыңдаған азаматқа тілім дәрі,
Секілді арнап атқан қудың өті.
Жасадым жиырма үш, жиырма төрт,
Болса да тілім ұзын, көңілім мәрт.
Уәдеден бөтен жолға тайғаным жоқ,
Ойласып адамдармен байласам серт.
Жасадым жиырма бес, жиырма алты,
Алашқа өнерлі ердің шығар даңқы.
Іздесен ерлік те оңай, билік те оңай,
Жігіттің қабырғалы болса халқы.
Мен турмын жиырманың жетеуінде,
Жаманның жүргенім жоқ жетегінде.
Белгілі жақсыларға ой салысып,
Жаманның басы жүрді етегімде.
Көп еді маған құрмет қылған адам,
Тең-құрбы ортаға алып құрмалаған.
Дүние қанша сені мақтасам да,
Түбінде баяны жоқ сырғанаған.
Кім қалар өлшеулі өмір толған күні,
Кім жолдас көрде жалғыз қалған күні.
Білгіш деп қызыл тілім сонда айтармын,
Сайрасаң Мәңкір, Нәңкір сұраған күні.
Дүниеде нар көтермес жиған сөзің
Тұрмайды бір мысқалға көмген күні.
Тіледім жатып тұрып жасағаннан,
Тілекке жаман сөзді қоса қалман.
Ауырып осы күнде қуат кетіп,
Мұң болды аттануға босағамнан.
Аттауға босағамнан мұң болып тұр,
Жігерім фәни дүние құм болып тұр.
Келте емес, кезек емес, шешек емес,
Ауруды бұ секілді кім көріп тұр.
Мұң болды босағамнан аттануға,
Жайым жоқ бұрынғыдай мақтануға.
Алланың пәрменімен аққан дария
Шара жоқ пәрмен болса тоқталуға.
Күн батса, атылмайды сарғайып таң .
Ойладым жатып, тұрып
жаныма қам,
Айнадай жарқыраған айқын көңіл.
Осы күн басылып тұр басқан сон щаң.
Тұруға ерінемін төсегімнен,
Сақтадың талай керік шешегіңнен.
Алладан зарлық қылып мен тілеймін ,
Бүгін күнім тәуір қыл кешегімнен.
Тілегім күннен күнге артылады,
Қазынаң бермегенге тартылады.
Жар болған тарыққанда пірлерді айтып,
Күндіз-түн қызыл тілім шарқ ұрады.
Күндіз-түн шарқ ұрады қызыл тілім,
Болмай тұр саудағыдай ашық күнім.
Бір құдай жігіттікте қайғы салма,
Жасым бар жиырма жеті тауық жылым.
Жасым бар жиырма жеті, жылым тауық,
Сөйледім құрбы ішінде болып сауық.
Райы ауырымның қайтпаған соң
Дертімнен бұрынғыдан қылдым қауіп.
Дертімнен бұрынғыдан қауып қылдым,
Шығарып ой саласын жарық қылдым.
Ойладым соның тілі тиді ме деп,
Назарда Ахмет пен арық құлдың.
Тап болдым Қарақамыс базарында,
Өзіне таныс едім өз алдына.
Көзі тік, түсі сұрғылт, тілі қатты,
Жоқ екен игесіні ажарында.
Жоқ екен ажарында игесіні,
Кітапта солай деді сүр кісіні.
Айтпасам күмән еткен адамымды,
Сөз қылып не қылайын құр кісіні.
Солардын тілі болды маған найза,
Болмайды шешендіктен жанға пайда.
Басымнан дерт тұманы атқарылып,
Жүретін бұрынғыдай дәурен қайда...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу