Әңгімелер ✍️
Сәлем салу
Апасы қайныларының атын атамаушы еді. Кейде "ана бала", "мына бала" деп тұспалдап кететіні де бар. Дәстүр бабалардың аруағының разылығы үшін сақталынады дейді апасы. Сөйткен апасы өз шешесін
"Жәніке" деп атымен атаушы еді. Бір әңгімесі былай боп келетін:
"Онда тұзға түсіп жатыр едім. Тұздың ішінде жатып көзім ілініп кеткен екен. Қыр ғой, осы Аранды қыр, бір кезде соның басынан қолында алдырмақ-салдырмақтары бар бір қызылды-жасылды киінген топ түсіп келе жатты. Қорқып жатырмын. Түсімде де тұзға түсіп жатыр екенмін деймін. Бір кезде әлгілердің алдынан қолында таяғы бар бір ақ сақалды шал шыға келді. "Әй, қайт кейін! Қайт кейін! Кимелеп қайда бара жатырсыңдар?! Мұнда тұзға түсіп жатқан адам бар" дегені. Шошып ояндым. - Жәніке! - деймін дауыстап. - Жәніке! Емпелеңдеп әжең жетті: - Не болды, жазған-ау?! - Шығар тұздан, Жәніке! Шығам тұздан! - Жазған-ау, жата тұрмадың ба? - Жатпаймын деймін, Жәніке! Түс көрдім деймін! Тұзға түскен адамды жалғыз қалдырып кетпейді деуші еді. Қайда жүрдің өзі?! Әжең күмілжиді: - Ши суырып ала қояйын деп едім. - Өй, шиің бар болсын, Жәніке! Шиі бар болсын! Киімімді бер! Тұздан шығам!"
- Екі ұлдың ортасындағы жалғыз қыз болғаннан кейін бе, әкем өлгенше жақсы көрді ғой, - дейді апасы.
- Маңдайымнан шертпеген кісі ғой. Інім Әбділданы ойласам, әлі күнге дейін өзегім өртенеді. Жанып тұрған бала еді ғой Әбділда. Сабаққа алғыр, зерек еді. Жеткіншек шағында кетті. Іні болып бетіме бір қарсы келмеуші еді.
Апасының екінші бауыры Абылай нағашысы кейде мұның апасына келіп әңгімелесіп отырушы еді. Мұндайда мұның үлкен ағасы: "Әбеке, шылымыңыздан берсеңізші, сіз шылымның тәуірін тартатын кісісіз ғой", - дейді қалжыңдап, өзінің қалтасында да фильтрлі сигареті жата тұра. Мұндайда Абылай нағашысы жайылып түседі: "Ау, жиенімнен аяған темекіні ит жесін, Ғабиттен несін аяйды екенмін", - деп, дереу қалтасынан портсигарын суырып алып, портсигарды ашқан күйі жиенінің алдына тосып: "Ал. Алшы қанша алсаң да", - дейді. Мұндайда ағасы күліп: "Әбекеңнің шылымынан екі түйір алайын енді, бұл кісілер шылымның тәуірін, қымбатын тартатын кісілер ғой", - деп, шылымсалғыштағы қатар-қатар жатқан шылымнан екі түйірін алып жатушы еді.
- Әкем осы руға араласып кеткен кісі ғой, - дейді апасы. - Болмаса біздің сүйегіміз басқа, тегіміз басқа. Бұл жерден көзге көрініп тұрған Кете көріп отырсың ба? Кетелердің өріс-қоныстары басқа ғой.
Апасының осы ру деп отырғаны - Асанның Баймырзасы.
- Осы руға келін болып түскенімде, - дейді апасы. - осы рудың үлкендері айтты: "Шырағым, қазақта дәстүр бар, ол келіннің сәлем салуы деген. Бұл - орындалуы тиіс дәстүр. Сені сол сәлем салуға міндеттемейміз, - деді. - Өйткені, шырағым, қазақта қыз бала ағаларына сәлем салмайды. Сен қызымыз болып қала бер. Біз ағаларың болып қала берейік", - деді. Кейін балалар өмірге келгеннен кейін де, сол үлкендер айтыпты дейді ғой: "Қазақта бір жаман әдет бар еді, жеңгесініп шешеден боқтайтын, мына үйдің балдарын шешеден боқтамаңдар", - деп ескертіп отырады екен.
- Апа, ана кісі неге саған сәлем салады? Ол кісінің шалы деген біздің әкемізден үлкен емес пе? О заман да, бұ заман, абысынның келінге сәлем салғанын көргеніміз осы, - деген балаларының сұрағына апасының:
- Ой, айналайындар, ол маған келін деп сәлем салып жатқан жоқ, қыз деп сәлем салып жатқаны ғой. Ол сәлем әрі-беріден кейін маған да салынып жатқан сәлем емес, соғыстан қайтпай қалған әкеме, шаңырағымызға көрсетіп жатқан құрметі. Ол кісілер кімнің кім екенін, ненің не екенін білетін адамдар ғой, - дегені бар.
- Е, бәсе, әйтеуір, қыз-ау деп тұрып иіледі. Бір кемпірдің бір кемпірге "қыз-ау" деп тұрып иілгені көзге қызық көрінеді екен. Ойпырм-ай, бұрынғының адамдарының сыйластығын-ай! Өзіміз он жыл бірге оқыған кластастарымызға көңіліміз соқса, амандасып, көңіліміз соқпаса, сәлемдеспеген күйі де өте береміз ғой, - деп балалардың үлкендері күлісіп жатушы еді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter