31.03.2021
  317


Автор: Ғабиден Қожахмет

Патриоттар

Жігіт туды үйінің төріне  іліп қойды да, келіншегіне қарап:


- Қарашы, қандай болып тұр екен? - деді.
Келіншегі туға қарап тұрды да, былай деді:


- Жаным, алып тасташы, ұятты жұрттан.


- Неге?


- Қойшы, кімді көрдің, үйінің төріне ту іліп қойып отырған?


- Ой, сенің осы мінезің-ай, жоқ нәрседен ұяла қалатын!
Жігіт туды қайтадан түсірді.


- Енді не істеймін бұл туды?! Онда балама беремін. Спортшы ағаларына ұқсап жүрсін.


- Кірлетеді ғой сосын ол бала туды. Сүйретеді. Аяғында мемлекеттік рәміздерді құрметтемеді деп жауапқа тартылып кетерміз. Несіне алдың ол туды?! Оған қоса елтаңбаны да аламын дегеніңді айтсайшы.


- Аламын! - деді жігіт міз бақпай.


- Не істейсің оны?!


- Іліп қоямын.


- Жынды шығарсың сен?! - деді келіншек. - Саған немене бұл үй үкіметтің кеңсесі ме еді, ту мен елтаңба іліп қоятын. Айналымға келмейтін құрқылтайдың ұясындай пәтерің бар. Еденіңде де іліп алар жөні түзу төсенішің жоқ. Алатын жалақыңның да сыры белгілі. Ол аздай, әнұранды да қайта-қайта ойната бересің. Осы күні есікті ашып, сыртқа шығуға көршілерден ұялатын болдық. Мына үйде немене салтанатты жиын өтеді де жатады ма деп ойлайтын шығар. Оны тағы шәй ішіп отырғанда ойнатасың. Тұрғанымыз сосын, балаң бәріміз соған құрмет білдіріп. Сөйтіп тұрғанда шәйіміздің бетіне мұз қатып қалады.
Жігіт үндеген жоқ.


- Жаныым, - деді келіншек күйеуіне қарап. - одан да ақшамызды жинап, үйге оны-мұны бірдеңелер алайықшы. Сосын елтаңбаны да алатын боламыз.


- Жарайды, - деді жігіт. - Сенің дегенің болсын.


- Жаным, сол. Сені түсінетін мен ғой. Сені қызметке қойып қойса, қазынадан бір сабақ жіп алмайтын шығарсың.


- Алмаймын, - деді жігіт.


- Білемін ғой сені, сен алмайсың. Жаным, сосын әнұранды да қайта-қайта ойната бермейікші. Таңертең ұйқыдан тұрғанда ойнат, соған құрмет білдірейік те, "Қазақстанымыз аман болсын!" деп тілек айтып, таңғы асымызды ішіп, жұмысымызға кетейік.


- Жарайды, - деді жігіт. - Айтқаның болсын.


- Өткенде балаң апайына "апай, осы сіз әнұранымыздың өлеңін жатқа білесіз бе?" депті. Апайы айтып күледі. Сөйтсе, жанында тұрған үлкен апайлары "дұрыс айтады бұл бала, осы сендер, қыздар, шынында да, әнұранымыздың өлеңін жатқа білесіңдер ме?" депті.


- Бұл да папасы сияқты, - деді келіншек баласына күле қарап. - Егер мемлекет біздің балаларымыз сияқты балалардың білім алуына болашақта да ұдайы жағдай туғызып отырса, онда бұлар бір жерден шығады, - деді сосын ұлына сүйсіне қарап.


Отан отбасынан басталады.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу