Әңгімелер ✍️
Өз тілің
Көріп отын тарихтан сан бүліктің,
"Азаттық" деп сонан соң жаңғырыппын.
Өз тілінің болғаны қандай жақсы
Мекендеген жер бетін әрбір ұлттың!
Бірде Тараздағы колледжіде сабақ беретін өзінің бұрынғы оқушысы мектепте бірге оқыған өз сыныптасы жайында айтып, сіздің сол жазған өлеңіңізді ол сұрап жатыр деді мұның ілгеріде жазылып, еш жерге жарияламаған бір өлеңі туралы. Ол да мұның оқушысы еді. Қазір Алматыда медициналық бір мекемеде бас бухгалтер болып жұмыс істейді екен. Бұлар сол кезде екеуі екі сыныпта оқыған оқушы қыздар еді. "А", "Ә" сыныптарында оқыған. Мектепті 2000 жылы бітіріп кеткен. Ол оқушысының сұрайтын себебі, ол бұл өлеңді мектепте оқушы болып жүргенінде ауылдық мәдениет Үйінің сахнасында көркемсөз ретінде оқыған еді. 22 қыркүйекке арналған "Ана тілім - ардағым" деген кеште оқылған өлең болатын. Бірақ содан кейін де 18 жыл уақыт өтіп кетсе де, есінен шығармапты. Өйткені ауылдың мәдениет Үйіндегі "Ана тілім - ардағым" деген кештің өткен уақыты - 1998 жыл. Өлең соның қарсаңында жазылып, сонда оқылған.
Бір кезде облыс орталығындағы мұғалімдер дайындайтын оқу орнының 1-курсына өздері оқуға түскен кезде, бірінші курстықтарды іле-шала сол оқу орнының мұражайымен таныстырған еді. Сонда мұражай қызметкері әйел адам бұларға: "Бұл оқу орнының тарихы Қиыр Шығыстағы корей педагогикалық институтының 1937 жылы осы қалаға қоныс аударып, көшіп келуінен басталады", - деген болатын.
Нақ осы мұражай қызметкерінің айтқан сөзін бұл содан кейінгі уақытта сатып алған кітабының ішіндегі корей жазушысы Хан Диннің "Үрей" әңгімесінен тапты. Онда осы қалаға көшіп келген корей педагогикалық институтының оқытушысы Ли өз басын қатерге байлай отырып, өзінің ана тілінде жазылған, өзінің ұлты үшін баға жетпес қымбат кітаптарды сақтап қалады.
Сонымен бірге сол студент кезінде үйдің ауласында немерелерін ойнатып отыратын кәріс кемпірді жиі көретін. Ол да осы көп қабатты үйде тұрады. Бір-біріне тетелес екі кішкентай қыз орыс тіліндегі балабақшада тәрбиеленіп жатқан болуы керек, орыс тілінде сөйлеп, ойнап жүреді. Ал кемпір оларды кейде сол тілде тәртіпке шақырып, жекіп қалғанында, өзінің тілінің мәнері анық байқалып тұратын еді. Сосын бұл - егер кемпір өзінің ана тілін білсе, ал ана екі кішкентай қыз сол тілді білмесе, онда олар әжесімен өз тілінде қалай түсініседі деп ойлайтын. Нақ осы ойды содан кейін әлгі кітаптағы Хан Диннің екінші әңгімесінен тапты. Кейін оқуын бітіріп мұғалім болғанында, тіл мерекесінің қарсаңында жазылып, оқушысына сахнада оқытқызатын "Корей қызының қасіреті" өлеңі сол әңгіменің әсерімен жазылған еді.
"Сол мекен қалай аталмақ?" деген әңгімеде ауырып жатқан анаға өзінің туған қызы күтім жасап жүреді. Ол қызына дүние салғалы жатып өзінің соңғы аманаттарын тапсырып жатыр еді. Ана мен қызы орыс тілінде сөйлеседі. Өйткені ана корей тілін білгенімен, қызы ол тілді білмейтін еді.
Ақтық сапар ақыретке қалды ма екен барып тым,
Өкілі еді жатқан ана корей деген халықтың.
Перзент қорған, жанашыр ғой тіршіліктің барында,
Бір бойжеткен күтім жасап жүрді ана жанында.
Аудармайды ана байғұс бойжеткеннен жанарын,
Қызы еді өйткені ол жатқан сырқат ананың.
Сұлулығы байқалады қарасаңыз ақырын,
Тек айыбы бар бір ғана - ана тілінен мақұрым...
Кенет ана өзінің алыста қалған Отанын ойлап жатып, қызына өзінің ақтық сөздерін корей тілінде айта бастайды. Ал қызы бұл сөздерден ештеңе де ұға алмаған еді. Сол сәт қыз өзінің ана тілін түсіне алмағандығына қиналды.
"Түсінбедім, мама, сені!.." - құрығандай амалы,
Бойжеткеннің лажсыздан жасқа толды жанары.
Қалдырмастан ақтық сөздің осы қазір түгінде,
Ана байғұс жатты сөйлеп барлығын өз тілінде...
Оқушысының сұрап жүргені осы Хан Диннің "Сол мекен қалай аталмақ?" әңгімесінің әсерімен жазылған "Корей қызының қасіреті" өлеңі еді. Кейін өзі де қоңырау шалды. "Сол өлеңді сұрап жүрсің бе?" - деді бұл. "Иә, қайтадан оқығым келген еді", - деді оқушысы. Өлеңнің корей жазушысының әңгімесінің әсерімен шыққандығын айтып берді. Сонан соң поштасын сұрап алып, салып жіберді. Рақмет айтып хат жазыпты.
Бұл өлең қалай шыққанын айтқанда, оқушысы: "Бірақ бір ұлт бола тұра, бір-бірімізді ана тілімізде түсіне алмайтын жағдайлар бізде де бар ғой", - деді. Ол мүмкін сол кезде өлеңді ауылдың сахнасынан оқып тұрғанда да сол ойды ойлаған шығар, кім білсін.
Расында, айтса айтқандай, бұлар 1-курста оқып жүргенінде, мамандықтарының 5-курстары мұғалімдік тәжірибеден өтуге Солтүстік Қазақстан облысына кеткен еді. Соған байланысты дәстүр бойынша бұларды студент қатарына IV курстықтар қабылдап алды. Сонда әлгі студенттерге барған апайларын бір қазақ кемпірі үйіне жатқызып тұрып: "Ешқандай жамбасақы алмаймын. Тек қайтамын дегенше, өзіміздің тілімізде сөйлесші", - деген екен. Өйткені ол ұлымен де, келінімен де, немересімен де өз тілінде сөйлесе алмаса керек. Тек олар жұмысқа және балабақшаға кеткенде ғана - Алматыдан қазақ тілінде хабар таратып тұрған радионың үнін бар даусымен ашып қоятын көрінеді. Жан дүниесі сол дауыстан, сол үннен байыз табады екен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter