31.03.2021
  316


Автор: Ғабиден Қожахмет

Туған күн иесі перзентінің тілегі

Қымбатты Әке!


Сіз қазір 80 жастық өмір асуының биігіне көтеріліп, біз үшін бұрынғыдан да асқақтай, бұрынғыдан да мәртебелі бола түскендей көріндіңіз. Сіз осынау жүріп өткен ұлағатты жолыңызда перзенттеріңіз бен жақындарыңыз үшін әрдайым да тәрбие мектебі бола алдыңыз. Біз сіздің өнегелі істеріңізден жарқын сәуле, әкелік жүрегіңізден жылы мейірім сезініп ер жеттік. Тәлімі көп істеріңізден үлгі ала отырып, Сіздің асқар таудай болмысыңызға еліктеп өстік.


Сізді перзенттік жүрекпен жақсы көрдік. Енді, міне, 80 жасқа толып отырған сәтіңізде де осынау Әке көңілден дарыған мейірім мен тәлім-тәрбиені еске түсіріп, біздің өзіміз де өз-өзімізге қайта бір есеп бергендей күй кештік. Ата-ана алдындағы парызымыз бен қарызымыз ұшан-теңіз екенін сезінгендей болдық. Ата мен ананың еңбегі үшін олардың өз перзенттері қандай құрмет көрсетсе де артық емес екен.


Әке!


80 жас мерейтойыңыз құтты болсын! Әр уақытта қажымай-талмай өз ортаңыздың қадірменді ақсақалы, өз перзенттеріңіздің айбынды ақылшысы болып жүре беріңіз!


Біз сізді мақтан тұтамыз, Әке!


Ізгі тілекпен: ұлыңыз (қызыңыз).


*** *** ***


Ұжым иесінің сөзі


Құрметті________


Сіз бүгінгі күнде артыңызға мәнді де, мағыналы із қалдырып, 80 жастың салиқалы биігіне көтеріліп отырсыз.


Өмір иірімінің сан тарау тұстарында қашанда Әкелер жолы артындағы өскелең ұрпаққа ғибратты ғұмыр жолы болып, олардың арман биігіне тәлімді бағытты нұсқап отырды. Сандаған ұрпақтар осындай тағылымды ғұмыр жолымен шыңдала түсіп, алдыңғы аға буынның мәнді де өнегелі істерін басшылыққа алып ержеткен еді.


Сан мыңдаған ұрпақ легі даңқты Әкелер жолының жарқын тұстарын бойларына сіңіріп, оны дәстүр жолымен кейінгі буынға табыстап отырды.


Өмірдің сан тарау соқпақтарында артындағы ұрпаққа ірі болмысты, кесек істерімен көріне алған Әкелер қатары әрдайым да аз болмағанын еске алып, құрмет тұтсақ, Сіз осындай құрметке ие жансыз.


Халқымыз қашанда өзінің үлкендерін қадір тұта біліп, оларға деген сыйластық пен ілтипатын үзген жоқ. Тағылымды да қасиетті әрі қастерлі істеріне сай халық өз қарияларын ақсақал деп құрметтеп отырса, міне, Сіз осындай өнегелі де ілтипатты атаққа лайықты өмір жолымен жүріп өттіңіз.


Бүгінгі 80 жасқа толып отырған мерейтой биігіңізде де осынау жарқын да өнегелі істеріңіз өзіңізді үлгі тұтар кейінгі буынға бар болмысымен тағы да бір жарқырай көрінгендей. 80 жастың асқақ биігіне қариялы да қазыналы қалпыңызбен жетіп отырған Сізге дәл бүгінгі күні қандай да бір құрметті лебіздерді арнаса да артық емес.


Құрметті той иесі!


80 жас мерейтойыңыз құтты болсын! Өзіңіздің жалғасыңыз болып отырған ұрпақтарыңыз бен жақындарыңыздың арасында өнегелі ақсақал, тәлімді ақылшы болып аман-есен жүре беріңіз. Сіздің өмірлік бай тәжірибеңіз бүгінгі жас буын үшін де әрдайым қажетті әрі қастерлі құндылық бола бермек.


80 жас мерейтойыңыз тағы да құтты болсын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу