31.03.2021
  240


Автор: Ғабиден Қожахмет

Көке

Әкем Қожахметұлы Қолғанаттың рухына арнаймын.


Анасын апа деп, әкесін көке деп өсті. Бала күнінде өзі құралыптас балалармен ойнап жүріп олардың өз шешелерін "мама" деген сөздерін қызықтапты, сол сөзді жаңашыл санапты, үйіне келіп апасына айтып көріпті. Бірақ апасы бұл сөзге мойын да бұрып қараған жоқ, тіпті мән де бермеді. Есейе келе бұған өзінің ана тіліндегі ана деген қасиетті сөздің баламасын тек апа деген сөз ғана бере алатын сияқты көрініп қалды. Бала күнінде апасы әлденені уайымдай бастаса болды, көкесі: "Несіне уайымдай бересің, Күлжәмила-ау. Мен бармын ғой. Құдай қаласа, өзім жеткіземін ғой. Балаларды да өзім жеткізіп шығарамын", - дейтін. Бірақ көкесі олай ете алмай қалды ғой.


Сол күні үйде кешкі асқа үлкен ас дайындалып жатқан еді. Көкесі төсегінен түсіп бір аяқ сорпа ішті. Бұған үй іші қуанысып қалды. Науқастың беті бері қарап келе жатқандай сезінді. Әр адам саналы ғұмырында талай-талай тағам толы мәртебелі дастарқанның басында отыратын шығар, бірақ бір күні өмірден өтерінде өзінің жарық дүниедегі ең соңғы асын ішеді дейді. Апасы су сұрап ішкен екен. Апасы өзі су сұрайды. Сонан соң су берген адамға алғысын айтып: "Жарық дүниедегі татқан соңғы дәмім осы шығар", - депті. Көкесі де әлгі сорпаны ішкеннен кейін әлсірей бастады. Үй іші лезде дүрлігісті де қалды. "Төсегіне.. төсегіне жатқызыңдар! Дәрігерге жүгір!" Ұзын бойлы, көзілдірікті дәрігер тез-ақ жетті. Көкесі жатқан бөлмеге еніп кетті. Тамырын ұстапты. Басын шайқапты. Әлгінде ғана қуанысып қалған үй іші лезде азан-қазан болды да қалды. Бұл отырған бөлмеге үлкен ағасы еңірей жылап кіріп, етпеттей түсіп жатты. Ол: "Көкем өлді ғой. Көкемнен айрылдық қой", - деп жылады. Анадай жерде кіші ағасы жер бауырлап қалды.


Ертеңіне жиналып қалған үлкендер жағы: "Бұл кісі тірісінде ел алдында абыройлы, азамат болып жүрген кісі еді. Соңғы жұмысы да соған сай абыроймен атқарылу керек, - деп жатты. - Халық ақынына кісі салдырыңдар, жоқтау жазып берсін", - деді. Апасы бастаған ақ жаулықтылар жоқтау айтып жатыр еді. Бірақ арнайы жаздырған өлеңнің жөні бөлек болды. Қаладан да, даладан да келіп жатқан кісінің қарасы көп еді. Енді бірде есік алдындағылар: "Сейіл келе жатыр. Үйдегілерге хабар беріңдер. Мынау Сейілдің көлігі ғой", - деп жатты. Бұл көңіл айтуға келе жатқан аудандық газеттің редакторы, елге белгілі ақын Сейіл ақынның көлігі еді. Көлік үйге маңдай тірей тоқтады.


Көкесін қойғалы жатқан күні үлкендер жағы мұны іздеді.


"Әй, ана, кішкентай баласы қайда? Біреуің көтеріп көліктің үстіне шығарып жіберіңдерші".


Біреу мұны жерден көтеріп алып үйдің жанында тұрған көліктің үстіне шығарып жіберді. Көлік үстіне шыққанда көліктің қорабына арқасын сүйеген күйі жағалай отырған еркек кіндіктілерді көрді. Солардың ортасында әкесі жатыр еді.


Жер аяғы кеңісімен көкесіне күмбезді бейіт салынатын болып келісілді. Апасы көкесінің басына жұма сайын алып баратын. "Осылай тұр, - дейтін апасы. - Сені көкең көріп жатыр".


Көкесінен кішкентай күнінде қалғаннан кейін онымен ересек адамдарша әңгімелесе алған жоқ. Тек тойға барса да, концертке барса да қолынан жетелеп тастамай жүретіні есінде. Бірде руын үйреткені бар. "Егер руыңды үлкендердің бірі сұрап жатса, Асанның Баймырзасымын деп айтасың. Асанның деген сөзді қалдырмай айт. Асан деген сөзді қалдырып кетпе", - деп нықтады.


Мұғалімдік оқуды бітірген жылы аудандық білім бөлімі мұны шалғай ауылдарға жолдап жатқан еді.


Апасы үйде отырып осыны уайымдайтын. Екі ортаны жол ғып жүрген мұны кадрлар бөлімінің қызметкері танып алған. "Менің қолымда тұрған не бар, бәрін бастық шешеді ғой", - дейтін. Аудандық білім бөлімінің талапшыл, сауатты басшысы соңғы сәтте көкесін ауызға ала сөйлепті.


- Бұл сол кісінің баласы ма еді?


- Сол кісінің баласы ғой.


- Жарайды, өзінің ауылының мектебіне барсын.


Аудандық білім бөлімінен бұйрық алып келген күннің ертесіне-ақ мектеп алаңындағы алғашқы қоңырау күніне арналған жиында жас маман ретінде құттықтау тілегін айтып тұрды.


Әкесінен: "1925 жылы дүниеге келдім. Әкем Қожахмет 1934 жылы, анам Ұлболсын 1942 жылы дүние салды. Өзім мектепті 1942 жылы бітірдім. 1943 жылдың наурыз айында әскер қатарына алындым..." деп басталатын өмірбаяны мен қызыл әскер кітапшасы, Қарулы Күштер мен Жеңістің мерейтойларына байланысты берілген медальдарі, қызметтік мақтау қағаздары, сонымен бірге 1944 жылдың 9 наурызы күні жарақат алғандығы жайында жазылған әлдебір сарғайған анықтама қағазы сақталып қалыпты. Осылардың қатарында апасының бала тууға байланысты берілген медальдарі мен "Ана даңқы" ордені де сақтаулы тұр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу