Әңгімелер ✍️
Кісінің қабағы
Алдан енді осында келгеніне өкініп отыр. Өзі әлденеден қорыққандай қимылсыз отыр. Алданның ауылдағы бәлекей келіншегі мен бір-біріне іркес-тіркес дүниеге келген аюдың қонжығындай қос ұлына деп сатып алған заттары бар дорбасы аяқ киімдер шешетін жерде босағада сүйеулі тұр. Алданның қарны ашып-ақ отыр. Бірақ алдындағы үстелдің үстінде тұрған тамақты жеуге төрде төбедей болып ұзынынан түсіп сұлап жатқан еркектен батпай отыр. Өйткені осы тамақ та, дастарқанның иесі де - осы кісі. Алдан соның қабағына қарап отыр. Тамаққа қолын созайын десе, қасығы шық етіп ыдыстың шетіне тиіп кететін секілді. Алдындағы кеседе тұрған шайды ұрттайын десе, жұтқыншағы құлқ ете қалатын сияқты. Төрдегі еркектің мысы әбден-ақ басып, берекесі қашып отыр. Бағана ауылына баратын автобусы келемін дегенше, көшеден бірдеңе жей салмай, осы үйге келгеніне қынжылып-ақ отыр. Шай құйып отырған тарамыстай қатқан қара әйел Алданға бір-екі рет "шай іш" деп күбір етті. Төрде төбедей боп жатқан еркек қасықты толтырып алып, аузына асайды да, ұрты бұлт-бұлт етіп шайнаңдайды. Бір кезде аузына тамақты толтырып асады да, жағы сырт-сырт етіп шайнап отырып, Алданның арқа тұсындағы іргені көрсетіп "ім, ім..." деді. Алдан артына бұрылып қарағанда іргеге тақала жатқан газетті көрді. "Газет пе?" - деді Алдан. "Ім... Ім". Еркек шайнаңдап отырып, басын изеді. Алдан газетті қолын созып-ақ алып бере алатын еді. Бірақ, неге екендігі белгісіз, орнынан ұшып тұрды. Сөйтті де, жеп-жеңіл газетті қос қолдай көтеріп, алақанына салған күйі бейне бір мәртебелі мейманға қызмет жасап жатқан даяшыдай еркекке ілтипатпен ұсынды. Еркек Алданның мұнысына мән де берген жоқ. Газетті қолына алған күйі шынтақтап жатқан жастығының аржағына жая салып, жастықты бауырына жиып алған күйі етпетінен аударылып түсті.
Алдан енді еркектің күжірейіп жатқан жотасынан қарап отыр. Еркек газеттің бетінен әлдебір анекдот па, әзіл ме, бірдеңе оқыған болу керек, жауырыны бүлкілдей түсіп тұрып күлді. Алдан осы сәтті пайдаланып қасығын тамаққа жүгіртіп-жүгіртіп алды. Кеседегі шайын да жүдемелете-жүдемелете ішті. Осының өзіне-ақ қарны тоғайып қалған еді. Сонан соң кесесін доғарып барып, бетін сипады. "Әлі ерте емес пе?" Әйел күбір етті. "Бара беремін ғой".
Алдан орнынан көтерілді. Төрде жатқан еркекке сау болыңыз дегендей бірдене айтқысы келіп тұрып, бірақ бата алмады. Аяқ киімдер тұрған жердегі қаланың шаңы аяусыз-ақ қонған туфлиын аяғына сұқты. Сонан соң сол жерде жатқан шөткені ала салып, ысқылап-ысқылап жіберді. Сөйтті де, босағада тұрған дорбасын қолына ұстаған күйі белін жазып, қонағын шығарып салуға жанына келіп тұрған әйелге:
- Сау болыңыз, - деді.
Әйелдің үні болар-болмас естілді:
- Үй-ішіңе сәлем айт.
Алдан сыртқы есікті ашып, есік алдына шықты. Жотасы күжірейіп шынжырда жатқан алпамсадай төбет Алданды көре салып, арс-арс етіп ұмтылды. Алдан тыпың-тыпың етіп қақпаның жанындағы кішкене есіктен шығып үлгерді. Есік соңынан сарт етіп жабылды. Алдан ені тар жаяу жүргінші жүретін жолға түскісі келмегендей, көлік жүретін кең көшеге шығып алып, кеудесін кере тұрып бір тыныс алды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter