Әңгімелер ✍️
Зерттеу
- Сіз Алдоңғар Бердіоңғаров жөнінде қандай да бір мәліметтер білесіз бе? - деді бала өзінің әкесі шамалас ер адамға қаратып сұрақ қойып.
- Неге білмеймін?! - деді еркек жұлып алғандай етіп. - Мен деген Алдоңғар Бердіоңғаровтың тәлім-тәрбиесін көріп өскен адам емеспін бе?
- Мұныңыз жақсы екен, - деді бала. - Айтыңызшы, Алдоңғар Бердіоңғаров қай жылы дүниеге келген?
- 1924 жылы, - деді еркек. - Алдоңғар Бердіоңғаров 1924 жылы дүниеге келген. Соғысқа қатыстым деп отыратын.
- Бұл қай соғыс болды екен? - деді бала маңдайын тыржитып ойланып қалып. - Жетекшім әманда қандай да бір ғылыми тұжырым жасамас бұрын ұшқарылыққа салынбауымды ескертетін. Жоқ! Бұл азамат соғысы деуге келмейді.
Бала бөлменің ішінде ойланып ерсілі-қарсылы жүріп алды.
- Демек, - деді ол кілт тоқтап. - егер Алдоңғар Бердіоңғаровтың 1924 жылы туылғанын ескеретін болсақ, Алдоңғар Бердіоңғаровтың жігіттік шағы осы күні де Ұлы Отан соғысы деп аталынып жүрген соғыстың өткен жылдарымен сәйкес келеді екен.
- Егер, - деді бала екілене сөйлеп. - біз осы тұжырымымызды айқын дәйекпен бағыт етіп ұстай алатын болсақ, онда Алдоңғар Бердіоңғаровтың Ұлы Отан соғысының қатысушысы екендігін өз жұмысымызда дәлелдеп шыға алар едік.
- Дегенмен, - деді бала сабырлы сөйлеуге тырысып. - ғылымда ұсақ-түйек деген болмайды. Қандай да бір нәрсені назардан тыс қалдырмау керек екенін ескерсек, біз Ұлы Отан соғысы деп аталатын соғыстың қай жылдары басталып, қай жылдары аяқталғандығын нақты құжаттық деректерге сүйене отырып, ол деректерді өз жұмысымызда басшылыққа алуға тиіспіз.
Баланың ұзақ-сонар мына сөздерінен еркек шаршап кетті, білем, енжар дауыспен:
- Өзі де сол соғысқа қатыстым деп отыратын, - деді. - Соғыстан кейін отбасын құрдым, колхозда, совхозда жұмыс істедім дейтін.
- Совхозда дейсіз бе?! - Бала елең ете қалды. - Мынауыңыз тың деректерге жол ашқандай болды-ау. Бұл нақты құжаттармен дәлелденген бе?
- Бәрі де бар, - деді еркек қабағын кіржитіп.
- Егер, - деді бала саңқылдай сөйлеп. - біз Алдоңғар Бердіоңғаровтың шаруашылықта еңбек еткенін тиісті құжаттармен айқындай алатын болсақ, онда Алдоңғар Бердіоңғаровтың нақты еңбек адамы екендігін біз өз жұмысымызда дәлелдеп шыға алар едік. Бұл аса маңызды іс болмақ.
- Айтпақшы, сізде Алдоңғар Бердіоңғаровтың фотосуреттері бар ма? - деді бала. Сонан соң еркекке үлкен бір үмітпен қарады.
- Бар, - деді еркек. Сәлден кейін балаға фотосуреттер әкеліп ұсынды.
- Алдоңғар Бердіоңғаров деген осы кісі екен ғой, - деді бала суретке қарап отырып. - Келісті-ақ кісі екен. Ал жанындағы әйел адам кім?
- Алдоңғар Бердіоңғаровтың зайыбы.
- Ендеше, - деді бала көзі жайнап. - Біз осы фотосуретті құжаттық дерек ретінде пайдалана алсақ, онда өз жұмысымызда Алдоңғар Бердіоңғаровтың үлгілі отағасы болғандығын дәлелдей алар едік. Бұл қазіргі қоғам үшін де аса пайдалы болған болар еді.
- Балам, - деді еркек балаға қарап. - Сен неменеге бүгін қоралы қолдың алдында сөйлегендей болып тұрсың?
Бала күліп жіберді:
- Біз ұстазымыз екеуміз ата туралы ғылыми жоба жұмысын қолға алайық деп едік.
- Ей, сен де... - Еркек түңілген адамдай қабырғаға қарады. - Әшейінде атаң туралы бір ауыз дерек сұраудың орнына компьютер мен теледидардан бас алмаушы едің ғой. Сендердің бәріңе ұстаздарың аталарың туралы ғылыми жоба жұмысын жаздырып қою керек қой. Сол кезде білесіңдер аталарыңның қадірін.
- Ол жөнінде өзіңіз де көп айта бермейсіз ғой, - деді бала.
- Айтар едім... - Еркек күрсінді. - Айта бастасам болды, мамаң аузымнан қағып отырған жоқ па? Бұл күндегі кейбір мамалар Алдоңғар
Бердіоңғаровтарды қайтсін. Оларға одан гөрі әлдебір шетелдік сериалдағы кейіпкер шалдың тағдыры көбірек қызықтырақ көрініп тұр.
- Мейлі, бұған да шүкір, - деді еркек сонан соң. - Жазсаң, жаз.
- Әке, атам жайлы құжаттарды бересіз бе? - деді бала.
Еркек баланы ішке бөлмеге алып кірді.
- Мына сөрелердің бірінде, - деді ол әлгіндегі баласының өз дауыс мақамына сала сөйлеп. - Атаң жөніндегі құжаттар сақталынған. Ізден де, тап.
- Сәкен Алдоңғар! - деді сонан соң еркек көтеріңкі дауыспен. - Атаңның құжаттарын шашпай ізде. Әйтпесе екеуміз де мамаңнан сөз естіп қалып жүрерміз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter