Әңгімелер ✍️
Жас ұстазға тілек
«Бүгінгі студент – ертеңгі маман» деп жатады. Осы сөздің үдесінен шыққан Қызылорда қаласындағы
«Болашақ» оқу орнының ұстаздарының сол кезде, яғни сайыс өткізерде өздерінің оқу орнын педагогикалық мамандықтар бойынша бітіргелі жатқан студенттеріне ендігі жерде жас ұстаз ретінде қарағандығы да сондықтан болса керек. Ұстаздары олардың арасында жас ұстаздардың сайысын өткізеді. Сайыс барысында сайысты ұйымдастырушылар бірнеше сайыскер топтың әрқайсысының өзінің жас ұстаз ретіндегі айтатын әні болу керек деп шешім қабылдайды. Ол бұрыннан белгілі әнге салынып айтылса да болады. Сол кезде осы сайыстың I орнын еншілеген, күні ертең-ақ бастауыштың мұғалімдері болғалы тұрған жас ұстаз қыздардың бір тобы өздерінің жас ұстаз ретіндегі әнін сол сайыста ақын Бәкір Тәжібаевтың өлеңіне жазылған Ескендір Хасанғалиевтің «Студенттердің қоштасу әні» әнінің әуеніне салып орындаған-ды:
Білімнің гүлін біз
Жинадық таңдарда.
Қол создық бүгін біз
Ұстаздық арманға.
Алау от жағамыз
Шәкірттік көңілге.
Қанатты қағамыз
Ұстаз боп өмірге.
Қ-сы:
Көрінер қиядан
Арман жол жалғайды.
«Болашақ» ұядан
Жас ұстаз самғайды.
Осынау түлекті
Мектебі тосады.
Тербетсін жүректі
Ұстаздың осы әні.
Келешек өседі,
Ойлаймыз Отанды.
Шәкірт ек кешегі,
Жас ұстаз атандық.
Сенеміз бүгіннен –
Аламыз асқарды.
Ұстаздық біліммен
Ертеңім басталды.
Осындай ұстаздық біліммен ертеңі басталған ұстаздың бірі Қожабақы ауылындағы №25 мектептің бір кезгі жас маманы Жақсыгүл Бекжанова еді. Жақсыгүл Қорқыт Ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университетін 1997 жылы география және биология мамандығы бойынша үздік бітірген. Егер Жақсыгүл Бекжанованың ұстаз ретіндегі жұмыстарын көрсету үшін 2000 жылғы наурыз айында жас ұстазға арнап «Жас ұстазға тілек» өлеңі жазылса, онда №25 мектептің жас ұстазы осы аз ғана жылдардың ішінде-ақ өзін ұстаздық жұмыста дәл солай көрсете алғандығы. Егер мектеп шәкіртінің білім жолда өздері оқып жүрген пәннен пән олимпиадасына қатысуы маңызды болса, онда Жақсыгүл өз сабақтарын ізденіспен өткізумен қатар, оқушыны пән олимпиадасына дайындаудың да шебері болған ұстаз еді. Оның пән олимпиадасына қосқан шәкірттері жүлдесіз қайтпайтын:
«Өз ойыңмен ақыл-білім өлшеттің,
Шәкіртті де ізіңе ерген көрсеттің...»
90-жылдардың аяқ кезі – қоғамға «XXI ғасырдың мұғалімі қандай болмақ?» деген сұрақты қойған кезең. Бұл сұрақ сол кезде ауыл мектептерінде де талқыға түсіп жатты. Кейін уақыт өте келе әу баста №25 мектептің жас ұстазының шығармашылық тұрғыдағы еңбегін бағалауға арнап 2000 жылы жазылған «Жас ұстазға тілек» өлеңіне енді ол бүгінгі ғасыр жас ұстаздарына да арналсын деген ниетпен тағы да өлең шумақтары қосылған-ды:
«Жас – іске» деп білім жолға сен келдің,
Жаңа заман бағдарын тез меңгердің.
Ғасырыңның құралы да шындығын
Саған ашты – қолыңда ойнап тұр бүгін.
Шындығында, маманысың сен істің,
Қазірден-ақ тәжірибеңді бөлістің.
Сен бүгінгі жас ортаның өкілі,
Ізденуің – жемісіңнің кепілі.
Табыстарың табыспенен жалғасты,
Әр шәкіртің ғылымменен сырласты.
Сен оларға білім нұр боп ашылдың,
Ұстазысың алға апарар ғасырдың.
Бағдарына айнала алған баланың,
Жас ұстазға үміт артты заманың.
Өзің жайлы берілетін баға көп,
Сен бүгінгі нағыз ұстаз – педагог!
Аталған «Жас ұстазға тілек» өлеңіне арқау болған бір кездегі №25 мектептің жас маманы, кейінгі Қазалы қаласындағы №17 мектептің ұстазы Жақсыгүл Бекжанова жайында 2017 жыл 16 ақпан күнгі «Қазалы» газетінде жарияланған №17 мектептің қосымша білім беру педагогы А.Маңғұтованың мектеп бойынша марапаттау туралы мақаласында былай дейді:
«Жыл көшбасшысы» бағамын облыстық семинарда «Үздік жоба» бағамын иеленген, жыл сайын білім олимпиадасында оқушылары жүлделі орындарды қанжығасына байлаған география пәнінің мұғалімі Бекжанова Жақсыгүл иеленді».
Жас ұстазға тілек
Талабыңмен танып білген ілімді
Қолдандың да ұстаз болдың бүгінгі.
Жүрегіңді білім нұрға билетіп,
Жүрсің дағы шәкіртке сыр үйретіп.
Жалқаулық пен еріншектік танытпай,
Жауһар білім іздетесің жалықпай.
Жетелетіп ізгілікке қадамын,
Жүрегіне білім құйдың баланың.
Келмесең де жасқа дағы кемелді,
Еткен еңбек көпшілікке еленді.
Тек өзгелер қызығумен қарайды,
Бәйге сында шаң қаптырдың талайды.
Өз ойыңмен ақыл-білім өлшеттің,
Шәкіртті де ізіңе ерген көрсеттің.
Біле білсек, ұға білсек жайыңды,
Көпке еңбегің қазірден-ақ жайылды.
«Жас – іске» деп білім жолға сен келдің,
Жаңа заман бағдарын тез меңгердің.
Ғасырыңның құралы да шындығын
Саған ашты – қолыңда ойнап тұр бүгін.
Шындығында, маманысың сен істің,
Қазірден-ақ тәжірибеңді бөлістің.
Сен бүгінгі жас ортаның өкілі,
Ізденуің – жемісіңнің кепілі.
Табыстарың табыспенен жалғасты,
Әр шәкіртің ғылымменен сырласты.
Сен оларға білім нұр боп ашылдың,
Ұстазысың алға апарар ғасырдың.
Талаптыға тағылады дүйім сын,
Дос сүйініп, дұшпандарың күйінсін.
Жая берсін қанат қағып өркенің,
Осы бақтың жығып алма желкенін!
Бағдарына айнала алған баланың,
Жас ұстазға үміт артты заманың.
Өзің жайлы берілетін баға көп,
Сен бүгінгі нағыз ұстаз – педагог!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter