Өлеңдер ✍️

  30.03.2021
  308


Автор: Саят Әбенов

БІЗ АСАБА

Біз асаба - адамдармыз кәдімгі,
Ел алдында сөз айтататын тəлімді
Тойы дұрыс өтпегенге қадірсіз,
Тойы күшті өткендерге қадірлі.

Біз асаба - пенделерміз жаны бар,
Костюм киіп той төрінен табылар.
Аз сөйлесек тойдағылар көп сөйлеп,
Көп сөйлесек тойдағылар жалығар.

Біз асаба - қошеметті қалаймыз,
Шапалақты сұрап алдық талай біз.
Күліп жатқан кісілерге қуанып,
Ұрып жатқан алақанға қараймыз.

Біз асаба - тойды баққа балаймыз,
Тіршіліктің бір жыртығын жамаймыз
Келін бетін ашып жатқан уақытта,
Көрімдікті ішімізден санаймыз.

Біз асаба - құнықпаймыз бірақта,
Көп берсеңіз ұмытпаймыз бір апта.
Жүз адамның, мың адамның алдында,
Түсу жалғыз оңай емес сынаққа.

Біз асаба - айтып жүрген əнді де,
Əнші болып кетпесекте мəңгіге.
Жейтініміз жұрттан қалған бешбармақ,
Дейтініміз жұрттан алған əңгіме.

Біз асаба - елге айтар бар мұңын,
Бір күніне ұқсататын əр күнін.
Əдресін айтып əуре болмайсың,
Жатқа білер тойхананың барлығын.

Біз асаба - көпке бірақ арманбыз,
Алғысты да қарғысты да алғанбыз.
Үйімізде естімеген ұрысты,
Тойға келіп естіп жүрген жандармыз.

Біз асаба - жүрген əлем кезіп ел,
Түрлі кісі, түрлі жағдай кезігер.
Той төрінде бағындырса халықты,
Өзін өзі елбасыдай сезінер.

Біз асаба біргеміз ғой ізгі елмен,
Аз емес-ау қиындықтар біз көрген.
Сол себепті асабалар жасасын,
Той болсын деп той күтетін сіздерден!



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу