Өлеңдер ✍️

  30.03.2021
  175


Автор: Саят Әбенов

ТОРҒАЙҒА ТИІСПЕ

Ел басына күн туса ұл сыналар,
Ұл емеспін тесіктен құр сығалар.
Үндемеуім мүмкін бе айтыңдаршы,
Қыздың өзін ренжітсең шымшып алар.

Қандай кісі Торғайдан жер сұраған,
Сұрауына қалайша ел шыдаған.
Ең əуелі киелі сол мекеннің,
Ұлыларын тізбектеп берші маған.

Мен онсызда өртеніп күйіп келдім,
Берекесін кетірме сүйікті елдің.
Құбылғаны аз емес тағдырымның,
Қырылғаны аз емес киіктердің.

Қонбай қойды басыма қайран бір бақ,
Жеткізеді мұңымды қай жан жырлап.
"Ұлы елге" айналған Торғайымды,
(Улы елге) неліктен айналдырмақ?

Ашық күнде алып жүр кімнен есеп,
Тұлпарменен жарысып жүрген есек.
Полигонын құшақтап келген орыс,
Төрге шығып алады үндемесек.

Кері кетсе қайтемін кенет ісім,
Азу барда көрінбес неге тісім?
Ахметтің мекені қоқыс емес,
Лермонтовтар тастайтын темекісін.

Үкімет-ау, бұл бір дау, сөз болуда,
Тыныш жатқан біздерді қозғадың ба?
Мен қарсымын
Бұл менің өз пікірім,
Ел тағдыры ендігі өз қолыңда!

Арашала полигон қасіреттен,
Қарт Торғайым өмірге ғашық еткен.
Басым дауға қалса да өкінбеймін,
Сол жер үшін Кейкінің басы кеткен!



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу