Өлеңдер ✍️

  29.03.2021
  560


Автор: Міржақып Дулатұлы

Шәкірт

Ай жарық, салқын ауа, күзгі түнде,
Ұйықтаған үлкен шаһар жатыр күйде.
Жалғыз-ақ тырыс шәкірт кітап ұстап,
Есінеп ояу отыр пәтер үйде.
Дегенмен отыр ояу жалғыз сүлде,
Ұмытқан басқа істің бәрін мүлде.
Әкеткен ой жетелеп, рухын билеп,
Алысқа әлдеқайда жапан түзге.
Ойлайды ол: ашсам сырын, тапсам ғылым,
Жұртым-ау қылсам еңбек, болып құлың...
Кітапты екі қолдап қысып ұстап,
Иіріп отыр іштен қиял жібін.
Мұқтаждық мейірімсіз жолын бөгеп,
Байлар жоқ мұны көріп берген көмек.
Түгелдеп киім, тамақ, оқу хақын,
Шамасы аз жеткізе алмай жүрген жүдеп.
Көніп жүр таршылыққа неше жылдай,
Қыс оқып, жаз ақша іздеп, ешбір тынбай.
Шыдаса көп калған жоқ, мақсұт жақын,
Абырой, денге саулық берсе құдай.
Я, алла! Талапкердің бақытын аш,
Ақ жүрек пайдалы іспен атағын шаш.
Ұлтына қараңғыда қамаулы өскен
Жарқырап жарық сәуле болғандай бас.
Мың ділдә білімдінің жалғыз сөзі,
Таңырқап жұрттың бұған тұрған кезі.
Сен болып бақыт таңы нұр түсірсең,
Сыпырылып қайғы бұлты кетер өзі.
Айнымай тұтқан жолың болсын мынау:
Азаттық, ағайындық, теңдік сұрау.
Тайсалмай дұрыстыққа жанды қисаң,
Борышы адамдықтың сонда тұр-ау...



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу