Өлеңдер ✍️

  29.03.2021
  220


Автор: Міржақып Дулатұлы

Жігіттер

I
Жақсы қыз бозбалаға пар болғандай
Жігіті душар келсе, жар болғандай.
Теңі емес бір фасыйққа берілсе ет
Көңілі көтерілмей зар болғандай.
Ғұмыры қызғылықты зайғы болып,
Мысалы кең дүние тар болғандай,
Жетпейтін төсегіне көп жамандар,
Ол күнде әлде қандай таң болғандай.
Сатылып кейбір кыздар кете барар,
Бағасы ғәзизәнің мал болғандай
Қожасып «мал бердім» деп жаман шіркін
Жайы бар байқап тұрсаң паң болғандай.
Бишара өздігінен жол таба алмай,
Ғазиз бас әуреленіп даң болғандай.
Көрініп ғәриб хәлі тұр емес пе,
Бір міскін халық ішінде жан болғандай?
Бұзылды фәленшенің қызы десе,
Өзіне көрінеді ар болғандай.
Көлденең ағайындар ұнатпайды,
Халыққа соның үшін лаң болғандай.
Жұрт қалып осылардың обалына,
Секілді алушыға хәл болғандай.
Жиһаннан хорлықпенен өттім ғой деп,
Көзінен аққан жасы қан болғандай.

Келе ме осы ісіміз дұрыстыққа?
Көбіне көрінсе де сән болғандай.
Адамды мал орнына жұмсауымыз,
Бір емес бар қазаққа хәм болғандай.
Сөндіріп ғаділдікті жүр ғой қазақ
Көңілді жарық етер шам болғандай.
Қай күні бұл хиянат тоқталады?
Бір емес халық ішінде сан болғандай.
Я шәрғы, я низамға дұрыс емес,
Қазақтың қағидасы заң болғандай.
Бұл сөзім біреуге емес, көпке бірдей,
Хажеті кімге болса сол алғандай.
Мәселен кісі болса аңғартқаным,
Осы хәл өз басында бар болғандай.
Тең болып екі зайып қосылса егер,
Арман не ол уақытта аһ, дариға-ай.

II
Болсын да ғақылыңа малың серік,
һүнерлі сегіз қырлы сырың берік.
Дүние аз күн қонақ мысалыңда,
Болғаны жақсы емес пе өзіңде ерік.
Қадіріңді білмейтін жаман қызға,
Сөз жасытып құр бекер өтінбелік.
Жігітлікке муафық болса егер,
Бой тартып ол уақытта бекінбелік.
Ғұмырында рахатпен өтер жігіт
Ұнатып бір сұлуды алсаң көріп.
Жарасып бір-біріңе әзіл сөздер,
Отырса махбүбәңіз қасын керіп.
Хайырлы хәлал зайып болып шығып,
Шүбһәсіз көз алартпай жүрсең сеніп
Жүреді осылайша қосылғандар,
Тән басқа, жаны бірге секілденіп.

Және де құр сұлу деп қарамалық,
Сыр сыйфатын көрелік көз жіберіп.
Сырты алтын, іші фальші болып шығып,
Сан соғып, құрбыларым, өкінбелік!

III
Ойын-күлкі жастықта гүл дейміз ғой,
Сауық-сайран етелік жүр дейміз ғой,
Сыпайы сөз, сынық тіл мүләйімсіп,
Әдеппенен қатты айтпай сіз дейміз ғой.
Сұхбат еткен сағатың жылға хисап,
Дүниенің қызығы қыз дейміз ғой.
Сахипжамал болсын деп құрбы ішінде,
Жан фида мал тәрік қып іздейміз ғой,
Мәселен анау артық тауып кетсе,
Бірімізді біріміз күндейміз ғой.
Көре алмаслық мүбтәла көп хафаға
Сүйгеннен айрылып жүрмейміз ғой.
Риядан болса да көзге алдап,
Мысалы басқаменен күлмейміз ғой.
Алуан-алуан шарты бар жігіттіктің
Хата қылмай еш бірін күйлейміз ғой.
Тоқта, бірақ осыдан файда бар ма,
Хатамызды өзіміз көрмейміз ғой.
Ұзын сөздің қысқасы, құрбыларым,
һүнер афзал бәрінен білмейміз ғой.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу