Өлеңдер ✍️

  29.03.2021
  254


Автор: Міржақып Дулатұлы

Алашқа

Көк майса бетегелі жерің қайда?
Күмістей толқындаған көлің қайда?
Ың-жың боп жер қайысқан төрт түлікпеи,
Жөңкіліп, көшіп қонған елің қайда?
Көтерген ақ киізге ханың қайда?
Қиғаш қас, бидай өңді ханым қайда?
Түнерген сыртқа айбынды іргең бүтін,
Бір кезде басқа қонған бағың қайда?
Қақ жарған қара қылды биің қайда?
Ақ орда би түсетін уйің қайда?
Салтанат Сарыарқада құрған қазақ,
Толықсып жүрген кеше күнің қайда?
Шаң жұтқан текежәуміт атың қайда?
Қалдырмас жауға тастап жақын қайда?
Ұшқыр ат, түзу мылтық, болат найза,
Киінген көк дулыға батыр қайда?
Қамығып канға толған жүрек қайда?
Бұрқ еткен бір ауыздан тілек қайда?
Жаяуға ат, жалаңашқа киім болып,
Қарасқан нашарыңа көмек қайда?
Бермейтін ел намысын ерің қайда?
Сүйенер қысылғанда белің қайда?
Өйткені айтқаны екі болмайтұғын,
Асыл зат артық туған бегің қайда?
Шалдырмас топтан тура шешен қайда?
Ұлықпен ел бастаған көсем қайда?
Қазағым, қазакшылық қалпың менен
Даңғыл жол сайрап жатқан көшең қайда?
Кемеңгер дұғалы ауыз кәрі қайда?
Дертіңе шипа болар дәрі қайда?
Масайрап кімге сеніп қарысасың,
Жауап бер, осылардың бәрі қайда?
Жауап сол: еткен дәурен қайта келмес,
Қаншама өксігенмен тағдыр көнбес.
Бұл күнгі қарашыл қарт, парашыл би
Өткендер келгенмен де орын бермес.
Сөйткенмен, қазақ көшін оңға бастап,
Жүруді өздігінен тағы білмес.
Мейлің көн, мейлің, жыла соңғыларға,
Қайтсын-ай, қамықты-ау деп, көзіне ілмес.
«Ішкен мас, жеген тоқтың» заманы бұл:
Ашыққан, ащынғаның түкке жүрмес.
«Мал құмар, малдың қолы» деген ақын,
Кім қақса «жемтігінен» соған күндес.
Алашым, айтқанды алсаң, без бұлардан:
Еш нәрсе тәуіп бермес, білгенге ермес.
Қой бағып қасқыр қашан опа қылған,
Көре бер өз бетіңмен күніңді өлмес.
Қайраған қолдан келмес іске әуре боп,
Қорлыққа, тілімді алсаң, болма кездес!



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу