Өлеңдер ✍️

  29.03.2021
  3393


Автор: Саят Әбенов

СЫНЫПТАСТАР

Өте шыққан мектептегі өмір-ау,
Аңқылдаған аңғал бала көңіл-ау.
Көзімізге қимас жасын үйірген,
Есте шығар соққан соңғы қоңырау.

Сол бір кездер жүректе тұр қадалып,
Есейсекте білімінен нəр алып.
Гүл құшақтап сол мектепке бардық та,
Мұң құшақтап үйімізге тарадық.

Ұстаз қалды артымызда қол бұлғап,
Біздер үшін екінші ана - ол қымбат.
Бəрімізді жақсы көріп қорғайтын,
Енді қайта келмейді ғой сол бір бақ.

Əр минутын келмес тіпті ұмытқың,
Естелікпен бойды бірақ жылыттым.
Ғашық жанның атын жазып қоятын,
Ғажап еді партасы да сыныптың.

Біздер едік өз өзіне сенетін,
Қандай сайыс өткізсе де жеңетін.
Ұлдың бəрі шалбарына қыр салып,
Қыздың бəрі бантик тағып келетін.

Ең бастысы жүруші едік жарасып,
Бірге туған бауырлардай қарасып.
Үйге берген тапсырманы ұмытып,
Толтырдық-ау анкетаны таласып.

Мектеп-құшақ ыстық бізге ол құшақ,
Есімізден кетпес əсем болды шақ.
Сол бір сəттің таусыларын білмеппіз,
Ұстаздардың қолындағы бор құсап.

Таусылса да мойымаймыз əлі біз,
Шырқалады əркез достық əніміз.
Он жыл өтсін, жүз жыл өтсін арада,
Аман-есен жолығайық бəріміз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Галия
Галия 09.10.2021 11:19
Керемет!мына сайт кандай тамаша, булактан Су iшкендей боласын

Пікір жазу