Өлеңдер ✍️

  29.03.2021
  854


Автор: Саят Әбенов

Созаққа арнау

Созақтай құтты жерге жыр арнадым,
Шабытқа ерік бермей тұра алмадым.
Шіркін-ай, тектілерін тізер болсам,
Келеді атын айтып ұрандағым.

Тамшы жыр - тамшы тері əр маңдайдың,
Қалайша таңдай қағып таңданбаймын.
Шәмшінің "теріскейін" естігенде,
Келбетін көргім келіп армандаймын.

Бейнесі моншақ жыр боп түзілгендей,
Қарасаң көз тартатын Қызыл көлдей.
Киелі даласына қадам бассаң,
Қайтпассың ұлылардың ізін көрмей.

Құмында Тəкеңдердің сырлары бар,
Оқысаң Құлыншақтың жырлары бал.
Мыңжылқы, Келіншектей тауларында,
Қаншама тұлғалардың шыңдары бар.

Күйі бар Төлегеннің даласында,
Əні бар Мараттың ел арасында.
Киелі құтты мекен Созақ неткен,
Бір өзі пана болған бар асылға.

Өнердің нұры тамған маңдайынан,
Əуеннің дəмі келген таңдайынан.
Сəкең мен Кенжебек те Музарттағы,
Түлеген Қаратаудың баурайынан.

Елінің елжіреткен ет жүрегін
Таусылмас тізе берсем тектілерін.
Сол үшін ол мекенді қасиетті,
Өнердің ұлы көші деп білемін.

Ердің де ел дегені ер жеткені,
Бесігін туған жердің тербеткені.
Жасасын Созақ елі, Созақ жері,
Жасасын сол Созақтың перзенттері!



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу