Өлеңдер ✍️

  29.03.2021
  182


Автор: Саят Әбенов

"Ninety One" тобына тоқтау

Жазбайын десем жазбауға бірақ жоқ амал,
Санасы болса санасыз ісін доғарар.
Шаштарын бояп құлаққа сырға тағыпты,
Басына енді жетпей тұрғаны орамал.

Еліктеп міне елеріп жатыр ұл-қызың,
Қолменен жағып солардың бақыт жұлдызын.
Осылай егер жалғаса берсе бір күні,
Көрерсің көзбен шайтанның тіпті түр, жүзін.

91 болды бұл күннің бітпес көп дауы,
Мүмкін бе енді тəубеге келіп тоқтауы.
Ұлдар ғой бұлар көрмеген əке таяғын,
Шекеге қатты тимеген ана оқтауы.

Жатқаны қалай Алаштың таптап намысын,
Өнердің өзі еңбек етпей ме Ар үшін.
Ессіз əншіден мисыз тауықтар тым артық,
Жұмыртқа қылып қайтарар жеген тарысын.

Қалмасын дейді заманның мынау көшінен,
Заманың сонша мақтанар бұл күн несімен?
Алтынбек ағам осылай топты қолдапты,
Мейрамбек үшін ,жарайды, сөзін кешірем.

91- деген жыл басы жəне сөз басы,
Сол үшін тіпті мүмкін бе арқа қозбасы.
Еркіндік үшін жандарын беріп ажалға,
Кешегі өткен боздақтарымның көз жасы.

Сондықтан менің намысым келді бұларға,
Бұларың əлде сасық атаққа құмар ма?
Өзгертсін онда киелі санды қор қылмай,
"91"- деген жазылып бітпес шығарма.

Ақылым осы айтатын жалғыз ағалық,
Себебі біздер бір қаннан ғана тарадық.
"Беделхан" білсін, оқысын осы жырымды,
Ашатын болса ашсыншы дұрыс жаңалық.

Тек сонда ғана халықтың алар алғысын,
Қайтеді жиып күнəсін сонша қарғысын.
Шаштарын бояп құлағын тесу керек пе,
Ұшыру үшін көмейден көкке əн-құсын?!

Байқатсын қане, басқалай олар шамасын,
Келмесе қолдан көрсетпей кетсін қарасын.
Доғарсын енді жағымсыз жаман қылығын,
Сыйласа егер үйдегі əке-анасын.

Қайдасың менің кешегі рухты Алашым,
Улады кімдер ұрпақтың мынау санасын?
Тастан да арзан тас жүрек жандар түсірді,
Алтыннан асыл тəуелсіздігімнің бағасын!
Білмеймін қайда тентіреп кетіп барасың?!



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу