Өлеңдер ✍️

  29.03.2021
  491


Автор: Мұқағали Мақатаев

Күзетші

Сәлем бере бара қалсам Мұрата,-
Тыныштық деп алдымен сұратпа.
- Тыныштық па, тыныштық па, балалар?
Деп отырар қысы-жазы иықта.
Қыс та таныс қоржынына мұз артқан,
Бәрі таныс жылымық түн, ұзақ таң.
Өмір таныс өмір жасын ұзартқан,
Әзірге аман өлім дейтін тұзақтан.
Шатынаған соғыс салған сызаттан,
Кәрі кеуде жалын атқан, сыз атқан!
Төрт баланы тыныштыққа құрбан қып,
Төрт келінді төрт адамға ұзатқан.
Төрт келіннен алып қалды төрт бала,
Өзі - пана, ал өзіңе - төрт пана.
Қартың отыр түгендеп ап ұпайын,
«Айырбастап төрт қараға, төрт қара».
Қартың қазір бір бәйтерек мәуелі,
Сексен емес, жүзіңнен де дәмелі.
Сәлеміңе қайтаратын жауабы:
- Тыныштық па? - деп сұрайды әуелі.
Суыт жүрген кәріден де, жастан да,
- Тыныштық па? - деп сұрайды сасқанда.
Күн күркіреп, шатырласа найзағай,
- Тыныштық па? - деп қарайды аспанға.
Өмірде әлі қауіп көп қой не түрлі,
Қарт қалғымай күзетші боп бекінді.
Сәл ұйықтаса төрт немере төрт жаңқа,
Көзден ғайып болатұғын секілді.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу