Өлеңдер ✍️

  29.03.2021
  321


Автор: Мұқағали Мақатаев

Жолдастарға

Күндіз көңіл тыншымас, түнде көңіл,
Бәрі аян:
Еткен тірлік, сүрген өмір.
Түнгі ұйқымды төрт бөліп, мазалаған,
Көкейімде, жолдастар, бірдеңе жүр.
Бірдеңе жүр..,
Білмеймін не боларын,
He келерін басыма, не қонарын.
Су аяғы ңұрдымнан ойымды алып,
Су аяғы құрдымда доғарамын.
Бірдеңе жүр...
Білмеймін не боларын.
Жоққа жүйрік жетпейді,
Жеткізбейді!
Кім біледі, қу көңіл жоқты іздейді.
Жолын тауып, жолдастар, дариядан,
Жел қайыққа мінгіз де, өткіз мейлі.
Су аяғы құрдым ғой ой дегенің,
Қалай ғана құрдымға бой беремін!?
Әлі талай алдымда салтанат бар,
Әлі талай алдымда той көремін.
Meн өмірге келмегем күдікпенен,
Үмітпенен енген ем, үмітпенен.
Жоқ іздеген жандайын әзірге мен,
Әйтеуір жүріп келем, жүріп келем...



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу