Өлеңдер ✍️

  28.03.2021
  307


Автор: Мұқағали Мақатаев

Қара шалғы

Жетелеп сонау жылдар қара шалды,
Қарасазда жүруші ең, қара шалғы.
Қара шалғы ішінде қарт пен сенің,
Талай-талай көріп ем тамашаңды.
Қалыпсың ғой қаңырап, қара шалғы.
Түбегінен түк қоймай Қарасудың,
Қарт екеуің қаншама аласұрдың.
Қаншама рет қапырық күн өткеріп,
Түн жамылып, қаншама таң асырдың,
Күркеде, жағасында Қарасудың.
Ойдың, қырдың шалғынды бөктерінде,
Ойын салмай сен де енді кеткенің бе?
Бір жарқ етіп қалушы ең ақ алмастай,
Бір-бір жанып құм қайрақ өткенінде
Сен-дағы пенсияға кеткенің бе?!
Аттандырып келмеске қара шалды,
Қаңыраған қорада қара шалғы.
Ұңғысынан сырығын суырып ап,
Тамызыққа келіні жаға салды.
Қала берді тат басып қара шалғы...



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу