Өлеңдер ✍️

  28.03.2021
  224


Автор: Есенбай Дүйсенбайұлы

Абайға мұң шағу

"Жұртым деуге арлымын,
Өзге жұрттан ұялып..."
"Менсінбеуші ем наданды,
Ақылсыз деп қор тұтып...". Абай.

Алашым деп арман-мұң, қиял әнім,
Абай аға, ақ қағаз сияладым.
Жарлы емеспін, зарлымын мен де сендей,
Ұлтым деуге жат жұрттан ұяламын.
Ғасырда да ел бостан, азат дала,
Қалар емес қашанғы мазақ-таба.
Аузы түкті кәуірге құлдық ұрып,
Айрылмайтын қамыттан қазақ қана.
Қандастары сорынан бақ табатын,
Күлембайлар қазіргі таққа жақын -
Отаршылдан бетер жеп Отанымды,
Орыстанған діліне мақтанатын.
Наласы мол намыстың зарлап әнін,
Жыр жазбасқа Абайша бар ма амалым?!
Өзге жұрттан ұялып мен де бүгін,
Жұртым деуге арлымын, арланамын.
Не әкеледі алдағы заман күткен?
Тайғақ боп тұр бүрі жоқ табан біткен.
Алысады бұл ғасыр Абайлары,
Ақылды һәм оқыған надандықпен.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу