Өлеңдер ✍️

  28.03.2021
  489


Автор: Мұқағали Мақатаев

Ақынның ауылы

Сол маңға соға алмадым көптен бері,
Күз бе еді?!
Есімде жоқ, көктем бе еді?!
Есімде тек - даланың өкпек желі,
Есімді алып, құшақтап, өпкен мені,
Сол маңға соқпай кеттім көптен бері.
Сән түзеген Есілдің өңірінде,
Ақ қайыңдар әлі жүр көңілімде.
Ерекше еді ол жердің көлі мүлде,
Ерекше еді сол жердің елі мүлде,
Ерекше орын алып жүр көңілімде.
Суып барғам суытқан қылықтардан,
Жылбіп қайтып кеткен ем,
(Суып барғам...)
Арасынан орманның ақын көрдім,
Жырын іздеп жүр екен ұмыт қалған...
Жағасында Есілдің тұрыпты арман!..
Аққудың қанатындай сыңқылдаған,
Үнінен сол ақынның жыр тыңдағам.
Жыр тыңдаған:
Тың далам - сылқым далам.
Ақ Есіл бір толастап, бір тулаған,
Жағада ақ қайың мас, былқылдаған.
...Өтінем, сол ақынның тағдырын бер,
Өзгені қимасаң да, жұртым, маған?..
Ақ Есіл - ақ отауым, алқа көлім,
Қайың бақ, ойдым орман, қамқа жерім.
Ақынның аманат бір жырындай-ақ,
Аңсаймын да тұрамын Арқа желін.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу