Өлеңдер ✍️
Желтоқсанның айында
Желтоқсанның айында
Сыз бар еді,
Жанды ауыртқан биліктің ызғары еді.
Елі үшін батылдық танытқан көп,
Қазағымның ұлы мен қыздары еді.
Желтоқсанның айында
Болған қауіп,
Кеткен кезі биліктің жолдан ауып.
Қитығына жастардың тигені сол,
Қонаевты орнынан қойғаны алып.
Желтоқсанның айында
Келген басшы,
Бергендейін Колбинге төрден асты.
Шеру жасап алаңға шыққан жастар,
Сорғалатып ел үшін көзден жасты...!
Желтоқсанның айында
Жан ауырар,
Сол шақтағы жастардың таңдауы бар.
Азаттықтың күні үшін шейіт болған,
Қайраттардың еліне арнауы бар.
Желтоқсанның айында
Мұңымыз бар,
Қайталанып туатын жырымыз бар.
Сәбира боп, Ләззат боп үн қататын,
Ешнәрсеге сатылмас құнымыз бар.
Желтоқсанның айында
Тербелеміз,
Бірімізге біріміз дем береміз.
Азат күннің сезініп ғажайыбын,
Күн мен айды, жұлдызды тең көреміз.
Желтоқсанның айында
Бірлесеміз,
Сол сұрапыл жыл жайлы тілдесеміз.
Сапар шегіп сол жылға, сексен алты,
Орны толмас қайғы бұл, мұң десеміз.
Желтоқсанның айында
Азаттық бар,
Мұң жайлаған көңілді, азап күн бар.
Желтоқсанның желімен бірге келген,
Тәуілсіздік таңы атқан ғажап күн бар.
Желтоқсанның айында
Мұң мен шаттық,
Аязына тоңған көп қайран жастық.
Сол жастардың арқасы, біз азатпыз,
Тәуелсізбіз!
Көшбасшы — Қазақ бастық.
Жібек Искакова
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter