Шығармалар ✍️
Атырау тарихы
Тарихы тереңге жайылған Атырау қаласы жайлы толығынан айтар болсақ:
« ХVІ ғасырдың бірінші ширегінен бастап , Жайық-Каспий жағалауына Ресей патшасы өкіметінің саясатына шыдамаған және патша үкіметін мойындағысы келмеген қашқын орыс еріктілері, күнкөріс іздеген крепостной шаруалар, қылмыстық элементтерден тұратын Волга бойы казактары келіп қоныс тебе бастаған. Олар келе сала өз кәсіпшіліктерін ашып,балық аулау, балық тұздау қостарын ұйымдастырып, жатар тұрақ орындарын тұрғызады. Сол уақыттан бастап тұрғызылған тұрақтар «Үйшік» атанып кеткен» Міне, осыдан бастау алған Атырау қаласын мекендей бастаған тұрғындар Жайық бойынан қамал салынуына себеп болады. Тарих беттеріне көз салсақ, Жайық-Каспий жолы Азия елдерімен басқа да елдерге жол ашатын «әрі қақпа,әрі кілт» болатынына көзі жеткен патша өкіметі,ХVІІ ғасырдың 30-шы жылдарының аяғында Ярославлдық көпес, бай саудагер Гурьевтер әулетіне Жайық бойында балық кәсіпшілігін ашуға және бекініс тұрғызуға рұқсат қағазын береді. 1640 жылы Гурьевтер әулетінің басшысы Гурий Назарьев, балалары Михаил, Иван және Андреймен Жайық бойына келіп қоныстанып, өнеркәсіптерін ашып, Жайық және Ембі өзені балықтарын өндірістік және сауда мақсатында пайдалана бастайды.
Бой көтерген қала мен балықшылық өндіріс табыстары осы өңірді мекендеуші байырғы қалмақтар мен орыс казактарының қызғаныштарын туғыза бастайды. Ақыры қашанда көршілерімен жауласып-қырқысып отыратын қала, қалмақтардың тонауына ұшырайды.
Жайық бойындағы бұл оқиға Астрахан әскерлері басшылығын елең еткізді. Ағаштан тұрғызылған қорған қамал жаудан және өрттен қорғануға қорғаныс бола алмайтынына көздері жеткен патша үкіметі,теңіз маңы және Жайық бойының қорғанысын күшейту мақсатында, 1645 жылдың 18 ақпанында М.Гурьевке қаланы қамал етіп тұрғызуға рұқсат береді. Рұқсат қағазында қала қамалын Астрахан қаласының үлгісіндей етіп тұрғызу көрсетіледі.
Міне, осыдан бастап қала құрылысы басталып, бекіністен үлкен қамал етіп салына бастайды. Бұл уақыт 1647 жылдың 6 маусымы болатын. Дәл осылай бастау алған Атырау қаласының атауы бірнеше рет ауыстырылып, қамалды салуға мүмкіндік алған Гурьев әулиетінің құрметіне қала атауы Гурьев болып аталды, тек 1992 жылы, яғни тәуелсіздік алған соң ғана қала атауы Атырау болып өзгертілген.
Қазіогі таңда Атырау қаласы Атырау облысының әкімшілік орталығы. Еліміздегі маңызы зор қалалардың бірі болып табылады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter