Өлеңдер ✍️

  09.11.2024
  43


Автор: Омархан Алтынбекұлы

Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам

 


Сүретін жандар бар ғой есеппенен,
Өмірін өлшейді олар төсекпенен.
Сегіз жас кішіменен көңіл қосқан,
Жандарды теңеп едім есекке мен.


Деген шығар біздерден кім сұрайды,
Бір жыласа, соқыр да шын жылайды.
Қоңыр менен қалпаққа ұмыттырған,
Пенделік-ай десеңші, бір құдайды.


Ылыққан иттей тауып көмілемін,
Қолжаулығы болған көрінгеннің.
Қалай ғана бақытты болады екен,
Өтірікпен құраған өмірлерін...


Жоқ шығар өтірікке бізден бай ел,
Болып тұр сол сөзіме осы дәлел.
Ойлағаны олардың бақай есеп,
Сегіз жас жігітінен үлкен әйел.


Он жасқа кішірейтіп жазған жасын,
Ойламастан от басын, ошақ қасын.
Адамды алдағанмен құдай бар ғой,
Жас жігіттің дуалап алған басын.


Пенде солай өзіне тор құрады,
Шындықтан өтірікке жол қылады.
Жүрегіне солардың иман бергей,
О, Тәңірім, адасқан сорлыларды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу