Өлеңдер ✍️
Шәкіртім Гүлзат Тұрғанбекқызына
Келгеннен соң өмірге бәріміз де жұмбақпыз,
Бізге берген Алланың жасын жасап тұрмақпыз.
Сені келіп сұм ажал алып кетті арадан,
Айналайын бақұл бол жаны жайсаң Гүлзат қыз.
Шәкіртім боп келгенде өр мінезді өр едің,
Көп едіғой алдыңда бергеніңнен, берерің.
Жаны жомарт ақкөңіл қарындасым сен едің,
Алып кетті ау сұм ажал біле алмадық себебін.
Ұстазым деп, ағам деп жүретінсің табыстап,
Еркелеуші ең маған көп кеттің бүгін алыстап.
Ұрпағыңа артыңда ғұмыр берсін Жасаған,
Мен отырмын өзіңе құранымды бағыштап.
Жетпейміз ау тірілер байыбына кей істің,
Қызың қонса қияға кеңейгені өрістің.
Қолға келін түсірем деп жүруші ең армандап,
Жатқан жерің Гүлзат қыз төрі болсын пейіштің.
Аман болсын артыңда ұрпақтарың ұл, қызың,
Өлген жоқсың Гүлзат қыз ақын болып қалды ізің.
Салғанына тағдырдың, амал нешік көнеміз,
Естен шықпас есімің биік сенің жұлдызың.
Ауыр болды бұл қаза қайғы басты еңсені,
Тоғыз жылдан асыпты көрген кезді мен сені.
Тілейтінім қабірің құранменен нұрлансын,
Жаны жайсаң ақын деп есіне алсын ел сені!
Ұстазың Омархан Алтынбекұлы
19.07.24
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter