Өлеңдер ✍️
_Сиқырлы сезім._
Өмірім менің өзгерді,
Ұмыттым сәтсіз кездерді.
Жолығып бір жан жолымнан,
Бағым боп алдан кез келді.
Қуаныш сыйлап ол маған,
Ұмыттым кезді жылаған.
Желіден жолдап жылы сөз,
Халімді әркез сұраған.
Құштарлық артып өмірге,
Келгендей көктем көңілге.
Өткеннің бəрін ұмытып,
Арттым мен үміт сенімге.
Жаудырып жырмен тілекті,
Сезімге сұлу гүл екті,
Ерітті ыстық лебізбен,
Мұздаған мендік жүректі.
Көрінбей басқа көзіме,
Еліттім əрбір сөзіне.
Сиқырлы сезім, тылсым күш,
Тəнті етті мені өзіне.
Қаламын кейде тартып іш,
Көргендей бейне тəтті түс.
Өзіне сонша баураған,
Не деген ғажап, тылсым күш?..
Тағдырым соған көнгендей,
Махаббат қайта келгендей.
Ойлаймын жиі сол жанды,
Сиқырлы сезім ол нендей?
Ұстап ап бейне қолынан,
Еріксіз ерем соңынан.
Тапсырам бəрін сол жанға,
Адастырмас деп жолымнан.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter