Өлеңдер ✍️

  17.10.2024
  136


Автор: Тұрдыхан Айдарханұлы

ЕРТЕГІ ЕМЕСПІН

ЕРТЕГІ ЕМЕСПІН


 


Тарихым ертегі,


Мен тегі,


Біреулерге елеспін.


Жүректе жатады мұң бүрлеп,


Жусанның иісіндей қырлардан,


Оянам бір-бірлеп,


Және де оятам ғаламды,


Домбыра дала боп күмбірлеп.


Шығыстың қанымын тасыған,


Ұлы Ғұн иісі туласа тамырда,


Қалайша басылам.


Батыстың көгіне


 күн болам,


Жұлдыз боп шашылам,


Мен енді ертегі емеспін!


 


Шыдаған жасынға,


Дулыға басымда,


Ақберен асынып,


Өзендей тасынып,


Ақ сауыт киініп,


Аттанған Тәңірге сиынып,


Рухы боп кешегі ерлердің,


Аңыздар ауылынан келгенмін.


Бар бүгін тұяқты тұлпарым,


Қияқты сұңқарым,


Келеді ғаламмен теңескім,


Мен енді ертегі емеспін!


 


Ақырған ғасырлар,


Айғыр жал замандар,


Төбемде күн күлген,


Әлемге өктемдік жүргізген,


Түркінің тұғыры,


Ертегі ғұмыры,


Баһадұр бабамыз,


Садағын сағымға ілдірген.


Келеді ғаламмен кеңескім,


Мен енді ертегі емеспін!


 


Тауарих – Тәңірім сиынған,


Ақ таңның нұрына жуынғам,


Ақиқат – айбыным,


Жоқ менде қайғы-мұң.


Балбалдар – ақиық армандар,


Шақырған қол бұлғап қиырдан.


Жусандай бұрқырап өлеңім,


Соларға сенемін!


Аңыздан несібем бұйырған,


Балбалмын шындықтан құйылған.


Құбылам ғаламмен теңестің,


Мен енді ертегі емеспін!


 


 


 


 


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу