17.10.2024
  94


Автор: Ақерке Еркімбек

Алғашқы қазақ газеттерінің тілдік ерекшеліктері

      Кез келген әдебиет бір күннің төңірегінде өрбитін немесе белгілі бір тарихи кезеңнің оқиғасын баяндайтын тар ұғымды дүние емес. Мәдениеті бай елдердің әдебиеті де қаз тұрып, қалыптасқанша қоғамның дамуы секілді толып жатқан өзгерістерді қорытындылай келіп, алдымен өз халқының, кейін жалпы адамзаттың ортақ игілігіне айналды. Бұл заңды құбылыс.Тамырын тереңнен тартқан тарихымен қоса мәдениеті өркендеген қазақ халқы басында өткерген ұлы оқиғалар мен әлеуметтік жолдарымен ауыз әдебиеті эпостық жырлар, тарихи аңыз әңгімелер арқылы ұрпақтан – ұрпаққа жеткізді. Алғашқы газет журналдар да басылды. Кейінірек осының барлығы кітап болып жарық көрді.
      Тарихи-мәдени, әдеби дүниелерін кезінде қағаз бетіне түсіріп отырмаған қазақ халқының тасқа басылып, хатқа түскен ескерткіштерінің ішіндегі революциядан бұрынғы газет-журналдарда басылған нұсқаларының алар орны ерекше. Олардан рухани мұралардың бай көріністерімен қатар туған әдебиетіміздің тарихын жете білуге және оны халық тарихымен біртұтас зерттеумізге де мүмкіндік береді. Қазақ баспасөзі XIX ғасырдың екінші жартысында, яғни Қазақстанның Ресейге қосылуының нәтижесінде пайда болды.
       Бұл саладағы ең алғашқы сөз, бізге белгілі дерек бойынша 1925 жылы айтылған екен. Осы жылы жазғы тұрым Ташкентте «Ақжол» газетінің ұйымдастырумен жалпы қазақстандық баспасөз тілшілерінің съезі өткізілген. Съезде Байтасұлы «Қазақ баспасөзінің тарихы туралы» деген тақырыпта баяндама жасаған С. Сейфуллиннің айтуына қарағанда, ол «Баяндамасында алғашқы революция кезінде шыққан газеттердің қандай болғанын өзінше бұза, шала-пұла айтқан» көрінеді. («Тар жол тайғақ кешу» 1960 жыл) Баспасөздің маңызы, атқарар рөлі, ондағы жаңа леп, бағыт-бағдарлар жайлы сөз жөнінен
       Өркениетті халықтар тарихында, ұлт мүддесіне сай басылымның дүниеге келуі аса маңызды оқиғалар қатарына жатады. Қазақ баспасөзінің тарихы ХІХ ғасырдың екінші жар­ты­сында қазақ тілінде шығып тұрған екі газеттен басталады. Олар – "Түркістан уәләятының газеті" (1870-1883) мен "Дала уәләятының газеті"  (1888-1902).  Бұлар патша өкіметінің ресми органдары болғандықтан, оның негізгі бағдарламасы ‒ үкіметтің қазақ даласына қатысты бұйрық-жарлықтарын, сот орындарының үкімдерін, сауда хабарларын, Ресей мен басқа мемлекет өміріндегі оқиғаларды, шаруашылық хабарларын жазып тұру болды. Сонымен қатар бұларда қазақ халқының тарихы, мәдениеті, әдебиетіне қатысты материалдар да жарияланды. Материалдар мазмұнына қарай екі топқа бөлінді. Ресми материалдарға үкімет бұйрықтары, кейбір саяси-экономикалық шолулар жатса, ресми емес бөліміне жай корреспонденциялар, тарихи мақалалар мен көркем әдебиет үлгілері жатты. Мұнымен бірге бұл газеттер өз оқушыларын Россияда, шет елдерде болып жатқан ірілі-уақты оқиғалармен, әр тұрлі ғылым жаңалықтарымен, көршілес Орта Азия, Қытай халықтарының тұрмысымен таныстырып отырған. 
Бұлардың біріншісі Ташкентте шықса, екіншісі Омбыда шығып, Қазақстанның біраз жеріне тарады. Аталып отырған газеттер Қазақстанның әр жерінен (Алматыдан, Семейден, Орынбордан т.б.) хабарлар басып тұрған, сондай-ақ сол жерлерден газетті алдырып тұрушылар да болған. Мәселен, газеттің 1877 жылғы 3-номерінде Семей қаласының тұрғыны Сүлеймен дегеннің редакцияға жолдаған хаты басылған. Ол өзінің хатында «Жақында бір үлкен жиын болып еді, бұл жиында сіздің газетті оқыдық. Көңілімізге жақты... Сіздің газетті шешен молдамыз қолына алып, өзіміздің қазақ тілінде оқып жіберген соң, біз со жерде жиылып отырып, біз қазақты бір жұрт біліп, біздің тілімізде газет бастырғаны үшін генерал-губернатор Кауфманға тәңірі жарылғасын айттық» деп жазады. Алайда бұл газет жалпақ қазақ жұртына тегіс тарай алмаған. Газеттің 1877 жылғы 2 марттағы номерінде оның тиражы туралы «осы февральдың жиырма үчінчі күніне че (шейін. ‒ автор) біздің қазақ тілінде басылатұғын газетті алатұғын кісінің есебі екі жүз қырық кісі» деп көрсетеді[1,11]. 
Аталмыш газеттер өз бетінен қазақ мәдениеті мен ағарту саласындағы әрбір жаңалыққа орын беріп отырған, яғни қазақ даласындағы әрбір ашылған мектеп, оқуға түскен қазақ баласы ескерусіз қалмаған. Онда Шоқан, Ыбырай, Абай тәрізді ардагер ағартушылар туралы көптеген деректер де бар. Ыбырай мен Абайдың кейбір өлеңдері мен әңгімелері алғаш рет осы газеттерде жарық көреді [2,93].
Жалпы газет-журнал тілі дегеніміздің өзі бірнеше стильдік тармақтарды қамтиды. Газет бетінен көркем әдебиет стиліне жататын әдеби туындыларды да, саяси қоғамдық публицистиканы да, ғылми әдебиеттер стиліне жататын мақалаларды да, сондай-ақ іс-қағаздары үлгілерін де кездестіруге болады. Сондықтан қазақ тіліндегі алғашқы газеттердің беттерінде жоғарыдағы аталған стильдердің қай-қайсысының да алғашқы негіздері қаланғанын көреміз. Мәселен, бұл газеттер бетінде орыс тілінің тікелей әсерімен бұрын болмаған саяси-қоғамдық, ғылми-публицистикалық, ресми бұйрық-жарлық стильдері қалыптаса бастағанын көруге болады. Бұл стильде жазылған мақалалардың ішінде аударма мақалалар да, қазақ тілінде жазылған төл мақалалар да кездеседі. Бұлардың негізгі тақырыбы – қазақ халқының экономика, мәдениет жағынан артта қалуы, қазақтың кейбір ескірген әдет-ғұрыптарын сынау, қазақ әйелдерінің басыбайлылық жағдайы, оқу-білімнің қажет екендігі т.т. Осыған орай, бұл мақалалардың тілінде қазаққа ұғымды тіркестер мен бейнелі сөйлемшелер жиі кездесіп отырады. Мысалы, «қазақ әйелдері ыхтиары жоқ бір жан секілдідүр йаки жанға да ұқсамайтын бір жансыз нәрседейдүр», «қазақтар жай қара жұмысты қара қасқа кедейдің жұмысы деп ойлайды», «һәр дайым съезде қайтіп түзулік болсын, болыс – бөлтірік, би – қарға болған соң», білімдінің беті – жарық, білімсіздің беті – шарық» т.с.с. [1,38].
Көбіне баспасөз тілінде кездесетін «редакцияға хат», «газет шығарушылардан», «Баян ауылдан хат» сияқты тіркестердің алғашқы рет осы аталған газет беттерінде қолданыла бастағанын көруге болады және бұлар көбіне орыс тілі үлгісімен құрылып, қалыптасқан. Сондай-ақ газет рубрикалары да алғашқы кезде аударма жолымен жасалып, кейін тілімізге әбден сіңісіп, құлаққа үйреншікті болып кетті. «Әр түрлі хабарлар» («Разные известия»), «Оны-мұны» («Хроника»), «Тұрмыс жайында болған хабарлар» («Бытовые вести»), «Жаңа кітаптар» («Новые книги») т.с.с.
Газеттің ресми бөлімі, негізінен, патша үкіметінің жергілікті әкімдерінің бұйрық-жарлығынан тұрады. Осыған орай бұл бөлімдегі материалдардың өзіне тән белгілі стандартты сөздер мен сөз оралымдары бар. Бұлар, көбінесе, «білдіруі бойынша», «төмендегі аталмыш», «бұйрық етемін», мәлім қыламын», «сол тақырыпты», «мұның хақында» сияқты сөз тіркестерінен тұрады[1,39]. 
Халқымыздың талай заманнан бергі сөз байлығы осы газеттер арқылы қағаз бетіне түсіп, белгілі бір стильдік өң тапты. Газеттер қазақтың өз сөз байлығын сарқа пайдалана отырып, қажет болған жағдайда басқа тілдерден сөз алудан қашпау керектігін, ол сөздерді мәдениеті жоғары орыс тілінен алу пайдалы екендігін көрсетті. 
Негізі XІX ғасырдың екінші жартысында қалана бастаған қоғамдық-публицистика стилі XX ғасырдың басында шығып тұрған мерзімді баспасөз арқылы одан әрі дамыды. Бұл кезеңде қоғамдық өмірге белсене араласқан газет-журналдар мыналар: "Айқап" журналы, "Қазақстан", "Қазақ", "Бірлік туы", "Ешім даласы", "Қазақ газеті", "Сары Арқа", "Серке", "Алаш", "Тіршілік", "Ұран", "Үш жүз". Бұлар қазақ халқының бостандығы мен қазақ жерлерін біріктіру, қазақ тілінің өркендеуін түпкі мақсаттарына айналдырды [3;4]. 
Қазақ публицистикасының дамуында А. Байтұрсынов еңбектерінің алатын орны ерекше. Ол публицистиканың стильдік белгілерін дамытып, әр түрлі стильдік әдіс-тәсілдердің түрлерін байытты. Газет лексикасының, грамматикалық құрылысына нормалық сипат берді. 
А. Байтұрсыновтың публицистік қызметін 3 кезеңге бөліп қарастыруға болады:
1) публицист ретінде қалыптасу кезеңі;
2) «Қазақ» газетінің редакторы болып қызмет атқарған кезеңі;
3) төңкерістен кейінгі кезең.
А. Байтұрсынов публицист ретінде газет мақсатын терең түсінген. Оны мына мысалдан байқауға болады: «Әуелі – газета – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа сондай керек. Газетасы жоқ жұрт басқа газетасы бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр сықылды. Дүнияда не болып жатқанын көру жоқ, не сөйленіп жатқанын есту жоқ, өз пікірін айту жоқ»[«Қазақ»,1913, №1]. Және де осы «Қазақтағы» көптеген бас мақалаларды өзі жазып бас жазушы ретінде қандай да мәселе болмасын өзіндік пікірін, өзіндік көзқарасын білдіріп, газеттің бағдар-бағытын айқындап отырған. 
Заң-зәкүн мәселесінің шикілігін «Қазақ» газетіндегі жариялаған мақалаларында көрсетіп отырды. Осы закон жобасы туралы мына пікірі көп ойға түрткі салып, патша саясатының сырын ұқтырғандай. «Халыққа керек игіліктен басқа хүкіметтің көздейтін өз мақсаты бар. ...Хүкіметке қолайлаған жоба халыққа қолайлы болар ма? Болмас па? Оны халық айтуы тиіс»[2,53].
     «Қазақ» газетінде оқу-ағартуға байланысты жариялаған Ахметтің көлемді мақалалары ең алдымен ғылыми-методикалық сипатымен қызықтырады. Оның ғалымдық мүмкіндіктерін танытатын ғұмырын арнаған ағартушылық жолы үш тағанды бірліктен тұрады. Біріншісі – ұстаздық педагогтік қызметі, екіншісі – ұлттық мектептің өркендеуін көздеуші журналист, үшіншісі – «мектеп керектері» ‒ оқулықтар жазушы ғалым. «Қазақ» газетінде ол ұлттық мектептердің жолға қойылуын табанды түрде жақтаушы, қазақ балаларының ана тілінде білім алуына үндеуші, әрі мектеп-оқу жайына бес саусағындай қанық, білгір ғұлама ретінде танылады [2,71]. 
XX ғасыр басында қазақ зиялыларының көрнекті өкілдерін, негізінен, үш мәселе ойландырды: жер мәселесі, оқу-ағарту ісі, қазақ еліндегі басқару жүйесі [3,152]. Ұлттық мерзімді баспасөз тіліміздің қолдану аясын ғана кеңейтіп қоймады, оның нормалық жүйесінің, грамматикалық құрылымының, сөздік құрамының дамуына да үлкен әсер етті.  
Шындығында, «Қазақ» газеті «Айқап» журналына қарағанда таза әдеби тілмен жазылған, «кітаби тіл» элементтерін аз қолдануға тырысқан. Араб, парсы сөздерінің түсінікті болуын ойластырып, кей тұстарда жақша ішінде оның орысшасын не қазақшасын беріп отырған. Ал кейбір жерлерде қазақ халқының тұрмысында кездеспеген, бұрын болмаған ұғымдарға, атауларға ол кезде бірден балама табу қиын еді, сондықтан тілімізде жоқ ұғымдар көбінде түсіндірме, суреттеме жолмен беріледі. Думада қазақ сияқты жетім жұрттар жайынан екі-ақ орында сөйлеу реті келді: «бірі депутаттар қазаққа баса көктеп, қорлық қылып отырсың» ‒ деп үкіметтен жауап сұрағанда, мұны орысша запрос дейді [5,57-58].  
Ұлт тілінде баспасөздің шығуы, ең алдымен, қазақтың жазба әдеби тілінің дамуына аса зор ықпал жасады. Қазақ тілінде бұрын болмаған қоғамдық-публицистикалық, ресми іс-қағаздары стильдері, қалыптасты, ғылыми стильдің алғашқы негізі қаланды. Аударма тәжірибесінің бастапқы қадамы жасалынды. Газеттер арқылы қазақ жазуының кейбір заңдылықтарының негізі салынды. Араб графикасына негізделген қазақ жазбасында бірінші рет тыныс белгілерін жүйелі қолданудың алғашқы талабын жасады, газет бетінде насихаттады. Қазақтың сан ғасырлық тарихында қолданылып келген сөз байлығын қағаз бетіне түсіріп, оның кейбіріне жаңа мағына үстеп, терминдік дәрежеге дейін көтерді. Сондай-ақ өзге тілдерден енген сөздерді де термин ретінде қалыптастырды. Басқа тілдерден орынсыз сөз алуға қарсы күресе отырып, қазақта бұрын болмаған жаңа ұғымдардың атауы ретінде орыс тілінен көптеген жаңа сөздер кіргізді. Газеттер арқылы қазақ тілінің грамматикалық жүйесі едәуір жетілді. 
Сонымен XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ ағартушылары мен ақын-жазушылары аңсаған ілім-білімге үндеу XX ғасырдың бас кезінде біршама нәтижесін беріп, алдыңғы қатардағы азаматтарды елді ояту, азаттыққа ұмтылу мақсатына жетеледі. Осынау зиялылар арасында ел бағытын айқындар сара жолды жаңылмай нұсқап, адастырмас даңғылға алып шығуға ұмтылған жаңа тұлғалар шоғыры қоғамдық өмір өрінде көріне бастады. Сол көшбастаушылардың ең танымалы – Ахмет Байтұрсынов. Оның туған халқына істеген қызметінің үлкен бір арнасы – қазақ баспасөзін қалыптастыру. Ахмет  қазақтың тұңғыш бейресми «Қазақ» газеті арқылы ұлттық баспасөздің негізін салды. Таза қазақ тілінде шыққан, қазақ әдеби тілінің қалыптасуына ұланғайыр үлес қосқан осы басылым болды. Осымен қатар бұл кезеңде түрлі саяси көзқарасты ұстанған 15-20-дан астам қазақ газеті жарық көрді. Және де осы әр басылымның ұстанған өзіндік дербес бағыттары болды. 
 
                                                      Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
 
1.   Әбілқасымов Б. Алғашқы қазақ газеттерінің тілі. ‒ Алматы: Ғылым, 1971. 
‒ 185 б.
2.   Әбдіманов Ө. «Қазақ» газеті ‒ Алматы: Қазақстан, 1993. ‒ 168 б.
3.   Мажитаева Ш. ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ әдеби тілі. –Алматы: Ғылым, 1999.
4.   Мажитаева Ш. ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдеби тілі. –Қарағанды, 2007; 2011.
5.    Әбілқасымов Б., Мажитаева Ш. Қазақ әдеби тілінің тарихы (XV-XX ғғ.). Оқу құралы. ‒ Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2009. ‒ 242 б.


 


                                                                                                      Дайындаған: Ақерке Еркімбек
 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу