Өлеңдер ✍️

Алғашқы қар
Алғашқы қар
Алғашқы қар әдемі жыр сыңайлы,
Ақ қайыңның бүрінен бұрқырайды.
Балалықты ойласам бал қайыңдай,
Әлі күнге жүрегім сырқырайды.
Сазға біткен сол қайың, биші қайың,
Жүрегімді дауалап жүрші дәйім.
Батысымнан бағымдай толықсыған,
Туып келе жатады-ау мүмкін айым.
Ақша қарда жүйіткіген көңіл елік,
Сені жырлай алмадым еміреніп.
Қарашаның адастым қарлы түні,
Басқа – басқа, түсіме өмір еніп.
Адастырды қараша қарлы түнің,
Қарашаның қамкөңіл тағдырымын.
Көтеруге амал не, жарамадық,
Жар басында жалғыздың жарлы мұңын.
Сүйемін деп өмірде бар адамды,
Алғаш рет жас жүрек жараланды.
Қаяу салды көңілге қаймана күн,
Сызат алды сол күннен сана мәңгі.
Тәй-тәй бастым жүгірдім алға аттадым,
Осы жолда бар талай алжасқаным.
Бөрі тағдыр жетелеп қансонарға,
Бөлтіріктей ең алғаш қар басқамын.
Сарқып ішіп ең соңғы зәрдің түбін,
Албастымен өткіздім ардың түнін.
Алғашқы қар бәр-бәрін маңыратар,
Ешкім, бірақ білмейді қардың тілін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇