Эсселер ✍️

Сүндет той ол...
Сүндет той ұл баласы бар үйде алғашқы ұлына жасалатын немесе аралары бір жастан туылған ұл балаларын барлығын сүндетке отырғызып ағайын туыстар мен дос жарандарды шақырып жасалатын үлкен той. Сүндетке ұл балаларды көбнесе 5 немесе 7 жасында отырғызады. Яғни тақ сан жасындағы балаларды. Тіпті кей балаларды 1 жасында да сүндетке отырғызса, кейбіреулері баланың 3 жасында да сүндетке отырғыза береді. Құдайдың құдыретімен бала туылғаннан сүндеттеліп туылатын кезі де болады. Мұндай сүндеттеліп туылған балалардың есімін көбіне ырымдап «Сүндет» деп қойып жатады.
Бұрындары той басталғанда сүндеттелген баланы (балаларды) арнаулы бір атқа мінгізіп, үстіне қазақи үрдістегі оюлы шапан, басына қалпақ, тақия, иығына үкі тағып, беліне бір шаршы ақ кездеме байлап, астына екі басы шашуға толған қоржын салдырып, бір ересек адам (ол баланың нағашысы болуы мүмкін немесе жақын туыстары) оны туыс-туған, дос-жаран, ел-жұртын аралатып жүріп тойға шақыратын болған.
Бала əр ауылға барғанда, оны ауыл адамдары шашу шашып қарсы алады жəне оның беліндегі ақ кездеме белдігіне кəде байлап, қоржынындағы шашудан қалағанынша алып, орнына тағы шашу салып қояды. Ал жақын туыс-туғандары мен нағашылары "азамат болды" деп қуанысып, тай, құнан, ат, қой-қозы атап, шапан кидіріп қайтарады... Сонымен қатар сүндет тойда қыз қуар, көкпар, айтыс, балуан, құнан шабыс сияқты көңіл ашу жəне спорт ойындары өткізілетін болған.
Ал қазір ше, қандай заман десеңізші, бұрынғыдай сүндет той жасаса отыз күн ойын, қырын күн тойын қылатын заман қайда, қазіргі уақытта тойға шақырудың өзі электронды болып кетті емес пе?! Заманына сай адамы демекші, заман өзгереді, заманмен бірге адам өзгереді дегендей... Дей тұрғанмен сүндет тойды дүркіретіп өткізетін қазақпыз ғой, қазіргі заманның сүндет тойы мейрамханада ағайын-туыс, бауыр дос-жарандар, құда-жекжаттар арасында өтеді.... Қазақтың салт-дәстүріне сәйкес өтетін сүндет той әрбір адамның өз қалауымен, өз сценариімен өтетіні анық. Қандай той болмасын қазақтың тойы бітпесін, сүндет той тойға ұласа берсін!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇