Өлеңдер ✍️

  20.09.2024
  173


Автор: Санат Досболатұлы

Қарт əже

Күз ,бұлтты аспан ,дауылды күн,
Төгіп тұр көктен жерге жауын бүгін.
Бір əже кетіп барады көше бойлап,
Көтере алмай қолдағы ауыр жүгін.

Басына таққан ескі орамалы,
Үстіне жыртық көйлек оранғаны.
Əжім түскен қабағын əрең ашып,
Аянышты боп тұрды қарағаны.

Сексенге таяп қалған жас шамасы,
Жасырмайды жаманды көз қарасы.
Қартайғанда келінге жақпаған соң,
Сыртқа тастап кеткен екен өз баласы.

Іштей ғана жылап бір күрсінеді,
Оның жайын кім бірақ түсінеді.
Жаратқан менi қазір алса дағы,
Жалғыз балам аман сау жүрсін деді.

Баласына жамандық тілесін бе,
Өткен күннің барлығы тұр есінде.
Баласы қорғап қала алмаған соң,
Келінімен шама жоқ күресуге.

Немересін сағынып жылап алды,
Қатты батты жаныма жылағаны.
Қалай ғана анасын сыртқа тастап,
Сорлы бала тып-тыныш жүре алады.

Амал не тағдыр солай болғанымен,
Кетеді барлығы өз жолдарымен.
Баласының бақытын тілеп əже,
Жасын сүртті қартайған қолдарымен.

Құрметтейік қарттарды тірісінде,
Сабырлықпен қарайық жүрісіне.
Қадірлейік аналар əжелерді,
Ренжи бермей болмашы бір ісіне.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу