Өлеңдер ✍️

  20.09.2024
  396


Автор: Санат Досболатұлы

Анашым

Табылама сендей жан сірә маған,
Жағдайымды кезің жоқ сұрамаған.
Ана сенің дұғаңның арқасы ма,
Қиындықта еш уақыт құламағам.

Білем әркез мен үшін алаңдадың,
Жасап жүрсің жақсының маған бәрін.
Көріп жүрмін біз үшін уайым кешіп,
Ақ шашыңның әр талы ағарғанын.

Тастамадың тағдырдың тарлығына,
Қалдырмадың суығы жаңбырына.
Бар әлемнің асылын берсем жиып,
Лайықтысың сен ана барлығына.

Ер жетсемде еркелік басылмаған,
Балалықты мен қалай жасыр алам.
Шырылдаған жанымды шын ұғатын,
Жалғыз сенсің аяулы асыл анам.

Сен үйреттің ең алғаш жүруді де,
Сөйлеуді де жылауды күлуді де.
Сен анашым жадырап жүру үшін,
Менің мүлде хақым жоқ түңілуге.

Есебі жоқ сендегі мейірімнің,
Кеңдігінен айналдым пейіліңнің.
Ана сенің сөзіңнен күш аламын,
Шаршағанда сөзінен кей бірінің.

Белгілі ғой бәріне батырлығың,
Он ұл-қызың көбейіп жатыр бүгін.
Амандығыңды Алладан тілеп ана,
Жыр жазады тілек қып ақын ұлың.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу