Шығармалар ✍️
САҒАН КЕЛДІМ ТУҒАН ЖЕР, ӨЛЕҢІММЕН!
(Тұрсынкүл Құрбанбекованың шығармашылық кеші, Жаңақорған ауданы, Машбек ауылында)
«Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» — деген мақал қалай дөп айтылған десеңізші. Қазағымның мақалына айналған осындай қанатты сөздері әрбір адамның жүректерін елжіретіп жібереді, солай емес пе?! «Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық»(мақал) Ия, расыменде туған жер, туған өлкеңе не жетсін, ауасы қандай жанға жағымды, баурап алатын, кешкі самалы қандай тамаша, көңіліңді толқытып жібереді. Ия туған жер туралы айта берсек бұл таусылмайтын әңгіме, солай емес пе?! Ендеше, өз туған жеріне келіп, жай ғана келмей, туған жерге деген арнау өлеңімен келген, өткен күндерге саяхат жасап, бауырларының қасында сонау бала кездегі балғын сәттерді әңгіме етіп, туған жердің ауасымен тыныстап, шабытына шабыт қосқан ақын әпкеміз Тұрсынкүл Құрбанбекова.
Алдымен, ақын әпкеміз жайлы кішкене мінездеме беріп өтсем. Біз танысқалы аса көп уақыт болмады, бұрындары әлеуметтік желіде сөйлесіп жүретінбіз, бірақ аса жақын араластық деп айта алмаймын, желіде сәлеміміз түзу әпкелі-сіңілідей едік. Ал ең алғаш рет жүзбе-жүз Түркістан қаласына келген кезде танысқан болатынбыз. Қасымызда Жұпаркүл Бекшораева ақын-сазгер әпкем бар еді. Бірден байқағаным Тұрсынкүл әпкенің мінезі ашық-жарқын, сөйлеген сөздерімен адамды баурап алады екен. Ия, сол кездесуден кейін біздер жақын араласа бастадық. Үлкенге құрметі, кішіге ізеті бар екені сырт көзге бірден байқалып тұрды.
Бірде маған хабарласып:
— Жібек, сіңілім! Менің екінші кітабым шыққанын білесің, енді өз туған жеріме барып кітабымның тұсаукесерін өткізетін болдым, туған жерімдегі ұйымдастырушылар маған «Тұрсынкүл апа, сіздің екінші кітабыңыз шықты, енді кітабыңыздың тұсаукесерін өз туған жеріңізде өткізіңіз» — деп, солай ұсыныс жасады. Алдында, бірінші кітабым шыққанда осы ұсынысына келіспеген едім, осы жолы жерлестерімнің сөзін аяқ асты ете алмадым. Сондықтан келістім, шығармашылық кешім 17-ші қыркүйек күні сағат 11:00 де болатын болды, Жұпаркүл Бекшораева әпкеңмен бірге кел, сендерді күтем» — деді. Әпкемнің қуанышты күйі телефоннан анық сезіліп тұрды. Өйткені, Тұрсынкүл әпкем біраз жыл бұрын Алматы қаласына көшіп, сол қаланың тұрғынына айналған болатын. Ол кезде өлеңге қызығушылығы болғанымен өлең жазбайтын еді. Енді міне, қараңыз өлең жазып бастағанына шамамен төрт жыл ғана болған, бүгін қолына екінші кітабын алып, өз туған өлкесіне өлеңімен барғалы отыр, ерекше қуанышты сезім ғой, солай емес пе?! «Туған жердің қадірін сыртта жүрсең білесің» демекші, Туған жерге деген сағынышты өлеңдерін арқалап, жаңа ғана баспадан шыққан, сиясы кеппеген кітабын қолына алып, жүрегі дүрсілдеп, алып-ұшып өз туған жері, өз туған үйіне, балдай тәтті балалық шағы өткен жері, кіндік қаны тамған жерге өлең жазатын «ақын қызы» болып келіп отыр. Бұл расында да ерекше жағдай, жаныңды елжіретіп жіберетін күй, сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезім.... Ия, дәл осы сезімді Тұрсынкүл Құрбанбекова әпкем сезіне алды. Ол:
«Саған келдім туған жер, өлеңіммен!» — дейді.
Асыға күткен сәт те есік ашып, Тұрсынкүл Құрбанбекова әпкенің «Өлеңім өмірімнің өрнегі» атты шығармашылық кеші ағайын-туыс, бауырлар мен бүкіл ауылдың жаны жайсаң адамдарын және өзге қалалардан келген өнердегі достары ақын-сазгерлерді Жаңақорған ауданы, «Машбек» ауылына жинады.
17-ші қыркүйек, сағат азанғы 8:30 дар шамасы ғой деймін, Тұрсынкүл әпкеміз Жұпаркүл әпкеге хабарласып отыр:
— Шықтыңдар ма, келе жатырсыңдар ма? Балам сендерді вокзалдан күтіп алады, сол жерге келе беріңдер, — дейді. Бұл жерде ақын әпкеміздің бізге алаңдап, біздер үшін барлық жағдайды жасап отырғаны жанымызды елжіретіп жіберді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді емес пе, Қазағым. Міне, дәл бүгін Тұрсынкүл әпкені тағы да жаңа қырынан таныдым дей аламын. Ақын әпке әрбір іске өте жауаптылықпен қарайды екен. Қонақтарды күтіп алып, сый-сияпатпен құрметтеп шығарып салғаны адамның көңіліне бір ерекше жылу сыйлайды екен. Осы уақытқа дейін азды-көпті қаншама шығармашылық кештерге барып жүрмін ғой, дәл осындай қонақтарына деген қамқорлықты Тұрсынкүл әпкеден байқадым. Алла жол беріп, Жұпаркүл әпке екеуміз аман-есен Жаңақорған жеріне де жетіп бардық. Жаңақорғаннан Тұрсынкүл әпкенің баласы күтіп алып, шығармашылық кеш болатын жерде алып барды, яғни «Машбек» ауылына. Ауылдың тыныс-тіршілігі ерекше, күз айы ғой, біздер жақта жапырақтар сарғайып, сары күздің самал желін сезініп жатсақ, Машбек ауылындағы жасыл-желек айналаға ерекше күй беріп тұрғандай көрінді. Айтпақшы, ауылға келе жатқанда бізді күтіп алған Тұрсынкүл әпкенің баласы ауылдың аты жақында ғана «Машбек ауылы» болып өзгергенін айтып өтті. Машбек ауылы деп Бердібек Сапарбаев ағамыздың әкесінің құрметіне қойылған есім екен. Ауылда барлық жағдай жасалған десем де болады. Бір көргеннен маған солай байқалып тұрды.
«Тауды биік демеңдер, талаптансаң шығарсың» — депті Байғанин. Ия, өзінің зор талабымен биікке қанат қағып, бүгінде екі кітаптың авторы атанған, «Халықаралық Жазушылар Одағының» мүшесі, бірнеше медельдердің иегері Тұрсынкүл Құрбанбекова әпкеміздің көптен күткен «Өлеңім өмірімнің өрнегі» атты шығармашылық кеші де басталудың алдында тұр. Ауылдың акт залына кірдік, залдың іші әдемі, көздің жауын алады десем де болады. Сахна төрінде Тұрсынкүл Құрбанбекова әпкеміздің, «Хош келіпсіздер!» дегендей, суреті бар үлкен банер тұр. Сахна төрі жап-жарық болып жарықпен қамтамасыз етілген. Біз келген кезде-ақ залдың іші толуға жақын болатын, біз келген соң залдың іші лық толды. Ауылдың адамдары мен мектеп оқушыларына тәнті болдым. Олардың ұйымшылдығына басымды идім. Неге десеңіз, қазір әрбір адамның уақыты жоқ, әркім өз тіршілігімен, жақсы өмір сүру үшін еңбек ететін заман емес пе?! Тіпті кейбірі уақыты болса да мұндай өздеріне кішкене алыстау дүние деп бармай қалатын еді, солай емес пе?! Бұл Машбек ауылында олай болмады. АКТ залы лық толды, тіпті сыймағандар есік алдында қарап тұрды. Мұның бәрі туған жеріне «ақын қыз» болып екінші кітабының тұсаукесерін өткізу үшін кеш шығармашылық кеш бергелі отырған Тұрсынкүл әпкеге деген құрметі мен сыйластығы деп білемін. Расында да мен Машбек ауылының адамдар арасындағы өзара сыйластықтары мен ұйымшылдықтарын байқадым.
Ауылдың балдай тәтті кішкентай қыздарының биі басталып, би біте салысымен Тұрсынкүл әпкенің кеші басталып кетті. Кеш өте жоғары деңгейде өтті. Бірінші ауылдың бетке ұстарларына, яғни ауыл әкімі мен мектеп директорына, тағы да «Тұрсынкүл қарындасым» деп өз тілектерін жеткізіп жатқан ақын әпкеміздің өзінен 2-3 жас үлкен ағалары сөз сөйлеп, кештің шымылдығын ашып берді. Шымылдығы ашылған тұсаукесер кешінің көркі әрі қарай Тұрсынкүл әпкенің сөзіне жазылған әндер мен Тұрсынкүл әпкенің өлеңдері мектеп оқушыларының мәнерлеп оқуларымен жалғасты. Кентаулық ақын-сазгер Жұпаркүл Бекшораева әпкем Тұрсынкүл әпкенің сөзіне жазылған екі ән орындап, жиналған көпшілікті таң қалдырды.. Сонымен қатар Тұрсынкүл әпкенің өнердегі жанашыр ақын достары деп шақырылған сонау Тараз қаласынан келген ақын Ақын Қыз Нақсұлу Ержігіт әпкеміз бен менің есімім, яғни Жібек Искакова деп, жиналған қауым алдында айтылып, ерекше құрмет көрсетілді. Нақсұлу Ержігіт әпкеміз Тұрсынкүл әпкеге деген арнау өлеңдерін бірінен соң бірін қарша боратты. Залдағы жұртшылық таң-тамаша күйде Нақсұлу әпкенің жүрегінен шығып жатқан арнау өлеңдерін ұйып тыңдап отырды.
Сонымен қатар «Желіден ескен жылы леп» атты Тұрсынкүл ақын әпкеміздің жаңа шыққан кітабының тұсаукесері кесілді. Ақын Файзулла Сахиев ағамыз бен Нақсұлу Ержігіт ақын әпкеміз кітаптың тұсауын кесіп, қуанышты сәттің куәсі болдық. Өз кезегімде мен де «Сіз жақсы адамсыз» деген өлеңімді Тұрсынкүл әпкеге арнап оқып бердім. Кеш барысында ауыл тұрғындары мен Тұрсынкүл әпкенің ет жақындары сөз сөйлеп, ақ жаулықтары мен нымшаларын ақын әпкеге табыстап жатты.
Кеш соңында Тұрсынкүл әпкеміздің өзі әдемі әнімен шығармашылық кешін қорытындылады. Әрі қарай кеш иесімен естелікке суретке түсіп, Тұрсынкүл әпкенің туып өскен қарашаңырақтағы үйіне жайылған ақ дастарханынан дәм татып, қайтадан Түркістан қаласынан шақырылған таксиге отырып, бір-бірімізді қимастықпен тарастық.
Сөз соңында осы кешті жоғары деңгейде өткізген ұйымдастырушыларға, бізді күтіп алып, құрметтеп шығарып салған Тұрсынкүл әпкем бастаған ұлы мен қызына және бауырлары мен ет жақындарына, бүкіл Машбек ауылына алғысымызды білдіргім келеді. Тұрсынкүл әпкеге шығармашылық табыс тілеймін, Машбек ауылына қанат жайып бұдан да жоғары өсе беріңіздер деймін!
ЖІБЕК ИСКАКОВА,
«ҒАЖАЙЫП ҚАЗАҚСТАН-2050» ЖУРНАЛЫНЫҢ ЖӘНЕ «ҒАЖАЙЫП ҚАЗАҚСТАН» ГАЗЕТІНІҢ БАС РЕДАКТОРЫ, «ТҮРКІСТАНЫМ — МАХАББАТЫМ» ЖЕКЕ ЖЫР ЖИНАҚТЫҢ АВТОРЫ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ
18.09.2024 жыл, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter