Өлеңдер ✍️

  10.09.2024
  142


Автор: Тұрдыхан Айдарханұлы

Қаладағы қарлығаштар

Жырлады тірлік бар ғалам,


Жапырақтарға тіл бітіп.


Отырмын жалғыз аулада,


Ауадан жылы жыр жұтып.


Қоздатып көңіл күйімді,


Қағатын әсем қанатын.


Мәтшәсі жоқ үйімнің,


Қарлығаш ұя салатын.


Шалғынға көміп іргесін,


Таңдап бір тігер қолатын.


Ақбоз үйлер жоқ аймалап,


Шаңырағына қонатын.


Ақ тамақ құстар,


Күрсінгем!


Таңдайым құрғап, тамшы күй...


Қарлығаштарым жүрсіңдер,


Ғаламнан іздеп балшық үй.


Өретін өрім балапан,


Бинәнің* жапсарларынан.


Өседі ешбір хабарсыз,


Еркін бір аспан барынан.


Жауы жоқ енді арбайтын,


Діңгекпен өрлеп құныққан.


Тірлігі бейқам жандай тым,


Жылан барын да, ұмытқан.


Еркіндікке әр кез бастаған,


Қоңырқай тамдағы ұлылық.


Табанын қарып, тас-таған,


Бере алмас әсте жылылық.


бинәні зәулім бақ санап,


Байқалмас жанда жарамыз,


Қарлығаштар-ау, ақ тамақ,


Алыстап кетті арамыз?!


* Бинә - ғимарат




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу