Өлеңдер ✍️

  07.09.2024
  126


Автор: Жібек Ысқақова

Ойлар, ойлар түнгі ойлар

Мен не істедім, бұл өмірге келгелі?
Пайдам тиіп, қуанттым ба пендені.
Зияным ше, тиді ма екен,  байқамай,
Жылаттым ба, мұңды етіп өзгені?!

Айтыңызшы,  жасадым ба жақсылық? 
Көрсеттім бе білгішсініп бақсылық?!
Қазағымның мінсіз тұла  бойында,
Неге деймін,  көбеюде жат қылық?! 

Сәби жүрек қоқыстардан табылып,
Ана жүрек мейірімнен   қағылып.
Көбеюде Әкелерім жауапсыз,
Ойлай қалсам кетем іштей қамығып.

Ата-ананың білеміз бе қадірін,
Қиын етіп жатамыз ба, тағдырын? 
Кей кездері аламыз-ау ренжітіп, 
Қайғы-мұңға айналдырып әр күнін... 

Аталардың қатулы боп  қабағы? 
Әжелердің неге мұңды жанары?
Қарттар үйі мекеніне айналып,
Күннен күнге тамыр жайып барады.

Жетімдер ше, ата-анасын сағынар,
Амалсыздан тағдырына бағынар.
Жесірлер ше, бозторғайдай шырылдап,
Баласының қастарынан табылар.

Қарап тұрсақ қилы-қилы тағдыр бар,
Бірін биік,  бірін төмен қалдырар.
Бар жамандық жер бетіне шыққандай,
Естігенде есіңізден тандырар. 

Қарайықшы,  бармай-ақ,  әріге біз,
Күлеміз-ау мазақ қып кәріге біз.
Соңғы жиырма жылды алсақ жан ауырар,
Апаттардың көз салсақ бәріне біз. 

Мұның бәрі ниеттің тарлығы ма,
Қарсы келер Алланың жарлығына.
Бір сұмдықты естиміз күніге біз,
Ұйқысыз қып атырып таңды мына. 

Расыменде не істедік, ел үшін деп,
Құр айтқаннан түк те жоқ, кемісін кеп.
Жұмылайық одан да жұдырықтай,
Сыйластықтың осы ғой  «жемісі»  деп... 

Ойлар,  ойлар түнгі ойлар бітпейді екен,
Уақыт шіркін  ешкімді күтпейді екен.
Еш уайымсыз қайғысыз ойнақтаған,
Бала кезге бәрібір жетпейді екен.

Жібек Искакова




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу