Өлеңдер ✍️

  07.09.2024
  87


Автор: Жібек Ысқақова

Есік ашты сегізінші тамызым

Барлық адам құрметпенен қарайтын,
Әкем еді жүзінен нұр тарайтын.
Қиындықтар өтседе көп басынан,
Өзін-өзі бақыттыға санайтын.

Өзгеше еді басқалардан болмысы,
Бұл өмірдің ызғарынан тоңды іші.
Күлімдейтін, байқатпайтын біздерге,
Болса-дағы дауылдың көп, зорғысы.

Ойға шомып, өз әлемін құраған,
Әрбір ісі адамдарға ұнаған.
Жаратқаннан жалбарынып әрдайым,
Отбасының амандығын сұраған.

Қасы-көзі, шашы мөлдір қара еді,
Қарапайым, жүзі жылы дара еді.
Бір нәрсені жылдам ойлап табатын,
Бауырларға көш бастайтын аға еді.

Байқамаппын өн бойынан жат қылық,
Ойлайтыны еді Әкемнің жақсылық.
Сырты бүтін, іші түтін болса да,
Жүруші еді көңіл-күйін жақсы қып.

Дәл осындай Әкенің баласы едім,
Жанарының ағы мен қарасы едім.
Сол бір шақтың сезінген бар бақытын,
Баурап алар жап-жасыл даласы едім.

Содан бері өте шықты ай, жылым,
Азайғандай жанашыр жан, байлығым.
Он алты жас есік ашып кіргенде,
Сезілді рас, басталғандай қайғы мұң.

Өмір жалған екендігін көрсетті,
Әкем кетті, келмес жаққа, көз жетті.
Арамыздан жұлып кетті сұм ажал,
Тас-талқан қып сындырғандай шөлмекті.

Бір айдан соң Әжем кетті соңынан,
Баласының ұстағандай қолынан.
Бір кемеге жайғасып ап екеуі,
Адасты олар қайта келер жолынан.

Бір-ақ сәтте қалғандаймыз шашылып,
Көрсеткенмен тағдырға көп қарсылық.
Шырылдаған балапандай біз қалдық,
Бұл өмірдің сындарына жаншылып.

Уақыт емші, дегенменен, сағындық,
Қаншама жыл мұңнан алқа тағындық.
Жиырма жылды артқа салып бұл күнде,
Бала күнгі еркеліктен арылдық.

Бүгін міне өлең жаздым еске алып,
Өткен күндер беттеріне тоқталып.
Әр сөзінің орны бөлек Әкемнің,
Суреттегі бейнесіне көз салып.

Ата-анамың алдында көп қарызым,
Жасар әлі көп деп білем парызым,
Бүгін міне туған күнің Әкетай,
Есік ашты сегізінші тамызым.

Қасымызда болсаң Әке, биыл сіз,
Алпыс беске толар едің, тойлап біз.
Әттеген-ай дейміз біздер, амал жоқ,
Өзіңізді, Әкетайым, ойлап біз.

Бір кем дүние бәрімізде болады,
Ақ, қарасы бар өмірдің жолағы.
Жан әкешім алаңдама біз үшін,
Балаларың сынға сынған жоқ әлі.

Сағынышпен сізді Әке жырладым,
Таусылмайды сізге деген жырларым.
Сол шақтарды елестетіп Әкешім,
Кеп тұрады мен өзіңді жырлағым.

Әкетайым жатқан жерің жайлы боп,
Жарық болсын деп тілеймін дәйім көп.
Біз жүрейік дұға жасап өзіңе,
Отбасымыз аман болып, уайым жоқ!

Жібек Искакова, 8.08.2024 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу