Өлеңдер ✍️
Адастырсаң адастыр көпшілікпен
Күш білекте емес бұл, күш бірлікте,
Бірлік барда тірлігің жанданады.
Біле білсек «жалғыздың үні шықпас»,
Әкете алмай істі үлкен жалғап әрі.
«Жалғыз ағаш пана болмас» расында,
Көлеңкесін ауқымды қып беретін.
Жалғыз адам көштен қалып қояды,
Көпшілікте сөз таба алмай теретін.
Жалғыз жанның өнбес ісі, қарасақ,
Асарлатса бірден бітер жұмысы.
Жалғыз үйдің жетсе-дағы тамағы,
Жараспайды жалғыз тұрған тұрысы.
Жалғыздың қалі — мүшкіл, үні шықпас,
Дәмі —қышқыл ішкені, жалғыздықтан.
Бірге көрген ұлы той көпшілікпен,
Ащы тамақ болмайтын дәмін құртқан.
Көпшіл адам келеді мейірімді,
Сол ортаның таптырмас сыйы болып.
Айналасын көмкерер қуанышпен,
Жан тербейтін көңілді күйі болып.
Жалғыздықтан сақтай гөр, Жаратқаным,
Адастырсаң адастыр көпшілікпен.
Ниетіміз дұрыс боп, пейіліміз,
Жанымызды жомарт қыл, көпшіл еткен.
Жібек Искакова
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter