Өлеңдер ✍️
![](/uploads/shorttexts/author_image/me0qjr6ictu.jpg)
О махаббат, махаббат
О махаббат, махаббат араймысың,
Күндей болып жаныма тараймысың?
Шуағы боп шырайлы шұғыламның,
Күлім қағып сен маған қараймысың?!
О махаббат, махаббат жарықпысың,
Жүрегімді билейтін алыппысың?!
Өмірімді өзгертер бір-ақ сәтте,
Жанды тербер нәп-нәзік алып күшің!
О махаббат, махаббат көктем бе едің?
Бірде жылы, ал бірде өктем бе едің?!
Ғашықтықты жаныма ұялатып,
Қызғанышты біртіндеп сепкен бе едің?!
О махаббат, махаббат жаз ба едің-ай,
Әсем әуен баурайтын саз ба едің-ай.
Көңілімнің ғажайып күйін шертер,
Қоңыр үнді әсерлі наз бе едің-ай?!
О махаббат, махаббат шақпақпысың?
Өртеп іштей жанымды жақпақпысың?
Жүрегімді құрсаулап сәулеңменен,
Сыйлайсың ба сезімнің тәп-тәттісін?!
О махаббат, махаббат атың қандай,
Ғажайыпты сездірер сәтің қандай?!
Махаббатқа толғанда бұл жүрегім,
Мен қалайша жанбаймын лапылдап-ай?!
О махаббат, махаббат ертегісің,
Барсам деймін қасыңа, ертемісің?!
Бақытымды баянды етіп менің,
Махаббаттың бал күйін шертемісің?!
Жібек Искакова
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇