Өлеңдер ✍️

  24.08.2024
  43


Автор: Төрегелді Байтасов

ЖАНАЗА

(Қолында өскен нағашы апасы қыздархан қайтыс болғанда)


Аттандарып сапарына ақырғы,

Жақын-жаран улап-шулап жатыр-ды.

Бүкіл ауыл бұрында да осылай,

Аттандырған Аманжолды1, Батырды2.


Аттандырып сапарына соңғы рет,

Туған-туыс қоштасуда еңіреп.

Жүрек шаншып, әлем-жәлем іш жанып,

Үңірейіп бара жатты төңірек.


Дей алмаймын ерте кетті, кеш кетті,

Екі көзден ағыл-тегіл жас кетті.

Алатаудай жан апамнан айырылып,

Ерік кетті, ұстам кетті, ес кетті.


Жылаймайын, мен қалайша жыламан?

Мәңгі кетсе алтын апам, гүл апам.

Жақсылығы ел-жұртына жақса егер,

Өлмейтін боп жаралса ғой бар адам.


Қаратаудай қасиетіңе бас ұрдым,

Көз жасымды көлегейлеп жасырдым.

Қайсібірін тауысайын тізбелеп,

Жаным апам тұяғы еді асылдың.


Әмзе молда жаназаны тездетті,

Білмедім мен шалдар нені көздепті?

Аманжол мен Батырына барған соң,

Енді бізге келмесіне көз жетті.


Зіл қимастық езіп кетті еңсемді,

Мақтаужандар3 жалын жұтып теңселді.

«Қыздарханның соңы жақсы екен» деп,

Жаназаға келген дүйім ел сенді.

_____

Аманжол1 –, Батыр2 – Қыздархан апанның ұлдары, Мақтаужан3 – немересі.


1990 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу