Әңгімелер ✍️
Әңгімелер ✍️
24.08.2024
123
* * *
Ерте бір заманда, бейтаныс бір елде шишадай нәзік, шыныдай мөлдір Махаббат сарайы болған екен. Ол сарайда бір-біріне шексіз ғашық қыз бен жігіт ғұмыр кешіпті. Сарайдың бір құпиясы сол, ол жерге бөтен адамға кіруге рұқсат болмапты. Өзге біреу аяқ басатындай болса, махаббат сарайының күл-талқаны шығады екен.
Ал, сарай сыртында екі ғашықтың ата-анасы балаларын ойлап, уайыммен ғұмыр кешіпті. «Балаларымыз не жеп, не ішіп жатыр» деп, «қарны ашып қалды ма екен?» деп қамығыпты. Ата-ана зарын естіп жүрген бір құмырсқа шыдай алмай, сарайға бет алыпты.
«Мен кіп-кішкентай бір құмырсқа болсам, мына сарайдың қорғандарының астынан жерді қазып өтіп, екі ғашықтың жәй-күйінен хабар алып келсем де, ата-анасының уайымын сергітсем, кім көре қояр дейсің? Менің барып келгенімнен сарай да қирай қоймас» деп ойлапты да, сарайға қарай жол алыпты.
Сол кіп-кішкентай құмырсқа қорғаннан өтіп, сарайға аяқ басқан сәтте-ақ, Махаббат сарайының қабырғалары қирап, күлі көкке ұшыпты.
Бұдан шығатын бір ғана түйін екі ғашықтың ортасына жамандық қана емес, тіпті жақсылық ойлап та түсуге болмайды. Оны біздің қазақ «Екі жастың ортасына есі кеткен түседі» деп екі-ақ ауыз сөзбен түйіндеп кеткен екен...
Бүгін ғашықтар күні екен ғой. Махаббаттан соққан сарайларыңыз мәңгілік салтанат құрсын, жақсыларым.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter