24.08.2024
  123


Автор: Бақтыгүл Ауданова

СІЗ МЕНІ САҒЫНДЫҢЫЗ БА?...


(Новелла)


Сіз мені сағындыңыз ба?... Ал, мен...

Есіңізде ме?... Ол кезде де дәл осындай көктем еді. Ол кезде деймін-ау. Былтыр ғана емес пе еді?

Аппақ жауын тас қаланың тас көшелерін әнге бөлеп тырс-тырс таматын. Сол кезде сіз балконға шығып, қала сыртында жатқан жоталы белдерге қарап ұзақ ойға шоматынсыз. Сіздің не ойлайтыныңызды қайдам, ал, мен сізді ойлайтын едім. Сізді...

Әлі есімде сізбен ең алғаш танысқаным. Фортепианодан сіздің сыныбыңызға бөлініппін. Нота дәптерімді құшақтап бардым. Пианиноға сүйеніп, темекісін құшырлана сораптап тұрған, бұйрабас жігіттің менің жүрегіме бір уыс шоқ тастайтынын сол сәтте білдім бе?... Жоқ.

– Қайдан келдің? – дедіңіз сіз маған назар да салмай.

– Шардарадан.

– Сор даладан? Сол далада қалай тұрып жатырсыңдар?! Таңқаламын. Көнбіс қазақ деген рас-ау.

Мына сөзіңізді естігенде біртүрлі болып кеттім. Жүрегімде алғаш жек көру деген сезім оянғандай болды. Ал, сіз менің сыртқы әлемімнің реакциясын бақылап тұр екенсіз. Мен төмен қарадым. Осылай біздің алғашқы сабағымыз басталды. Күңіреніп күз өтті. Сол күз менің есімде «Құстар әнімен» қалыпты. Себебі, тереземіздің тұсынан қалықтап құлап бара жатқан сап-сары жапырақтарды әлдиге бөлеп сіз осы әнге салатынсыз.

Мен нәзік саусақтарымды фортепианоның басқыштарына үрке созатынмын. Ал, сіздің салалы саусақтарыңыз менің үркек саусақтарымның алдын орап, ақ-қара клавиштердің үстінде билей жөнелетін. Одан кейін Бетховен, Бах, Моцарттардың тамаша туындылары мұңлы аспанды шарлай жөнелетін. Үркек саусақтарым сіздің саусақтарыңызға ұқсап бағатын, бірақ... Сіздің саусақтарыңыз осы кезде көмекке келіп, менің аппақ саусағымды аялай сипап, пианиноның ақ-қара пернелерін теруге көмектесетін. Ыстық деміңіз құлағымның түбіне жетіп, жан-дүниемді тәтті сезімге бөлейтін. Сіз бейне бір менің қап-қара шашымнан иіскеп тұрғандай болатынсыз. Әлде маған солай сезілетін бе еді? Жоқ, сіз солай жасағыңыз келетін еді. Жасырмаңызшы...

Есіңізде ме, бірде тағы бір сабақ үстінде сіз менің қолаң шашыма қарап отырып:

– Мына шаштың бес жылда әлдеқандай шаштараздың қоқыс жәшігінен шығатынына өкінемін, – деп едіңіз. Мен сіз үшін шашымды қимадым. Сізді...

Біздің балконнан көрініп тұратын ақбас таулар ше?... Мен оларды сағыныппын. Сіз сол тауларға ұзақ қарап тұратынсыз. Сол кезде сіздің қандай ойда болғаныңызды білсем ғой. Білесіз бе, мен де сол тауларға арманымды айтатынмын. Ал, олар сондай әділетсіз, иә? Екеуміздің бар сырымызды есітсе де меңірейіп тұра беретін. Ал, біз...

Сіз мені сағынған боларсыз?... Мен де... Сізді емес, сіздің жаныңызда жүретін күндерді сағыныппын. Есіңізде ме екеуміздің қала сыртына шыққанымыз. Сездім. Сіздің жан-дүниеңізде әлдеқандай сезімдер бір-бірімен арпалысып жатты. Ұстаздық сезім, һәм...

Ол күндерді несіне айта беремін. Екеумізді екі айырған не еді? Менің оқу бітіруім шығар. Жоқ... Екі айырған деймін-ау. Біздің арамызда ештеңе де болған жоқ емес пе? Сонда да...

Сіздің көзіңізге көзім түскен сайын жанарыңызда бір мұңның бар екенін сезетінмін. Бір мұң, бір өкініш...

Есіңізде ме соңғы сынақтар жүріп жатқан кез. Сіздің үмітіңізді ақтап сынақтан сүрінбей өттік. Топ студентіңіздің алдында сөз сөйледіңіз. Бірі жетсе, бірі жетпей жататын студенттік өмір емес пе, шампан құйған фужер бәрімізге бірдей жетпей қалды. Сіз сонда әдейі менің фужерімді алып іштіңіз. Неге?... Менің ернім тиген шынының бақытын қызғандыңыз ғой. Менің де солай еткім келді. Бірақ, ұялдым... Қайттық. Топ жастардың арасында екеуміз ғашықтарша қатар келе жатқанымызға таң қалдым.

– Міне, «бес минуты кем» мамансың, – дедіңіз сіз ойлы әуенмен. – Саған дипломыңның жемісін көруіңді тілеймін... және...

Ары қарай ештеңе деген жоқсыз. Ештеңе. Әлдене айтудың өзі артық. Не деген болар едіңіз?! Мөлдір махаббат тілер ме едіңіз? Жоқ. Сіз жоқ жерде менде қайдан махаббат болсын. Асыл жар ма?! Жоқ!... Мені қалай әлдекімге қиясыз?!. Бұлайша менің жүрегімді ауыртпаңызшы. «Және» деген сөзіңіздің өзі жан-дүниемді жаныштап кеткен жоқ па?...

Мен кеттім. Тіпті, сізбен қоштасқан да жоқпын. Неге дейсіз бе? «Айырылысар болған соң, құшып-сүйгеннен не пайда» деген бар емес пе? Оның үстіне... қалай қоштасам... Ойлаңызшы, сізбен қалай қоштасамын. Егер барсам, онда ешқашан сізбен қоштаспаған болар ем. Сіз де мені жібермейтін едіңіз. Білем ғой. Мен осыдан қорықтым...

Мені ауылға апаратын автобус ыңырана қозғалды. Мен сізді де, сезімімді де тас қалаға тастап кеттім. Содан бері хабарсызбын. Сізден де, сезімнен де.

Өзім туған сор далада жүрмін. Ол жақтағыдай емес, бұл жақтың бәрі сап-сары. Мен секілді сағыныштан сарғайып кеткен секілді. Сап-сары сағым, сағыныш.

Сор далаға тамған тамшыдай болып тереземнің тұсында теңіз жатыр. Жағаны толқын қуалайды. Сұлулық деген міне осы. Сіз мұны көрсеңіз ғой. Онда мәңгі осында, сор далада қалып кеткен болар едіңіз. Менің қасымда...

Бүгін түсіме еніпсіз. Ойладыңыз ба екен?... Сағынған боларсыз...

Мен де...



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу