Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
24.08.2024
40
АЯЛДАМАДА
Көңілде ешбір әлденедей жоқ кірбің,
Аялдама астында үнсіз көп тұрдым.
Қай автобус күткенімді білмеймін,
Қай жақтарға кеп тұрғанын кеткімнің.
Бірі кетіп, бірі келіп бір жақтан,
Қолдарында әрбірінің бір заттан.
Сағат сұрай қалсаң жауап берместей,
Бәрінің де көкірегі зіл батпан.
Орыс келді мойнына асып мысығын,
Кәріс келді қойнына сап күшігін.
Аялдама мал мен жанды бөлмейді,
Қазақ келді сүйреп титтей үш ұлын.
Жолды кесіп барады бір мас бері,
Жол патрулі тоқтай қалды – «аш бөрі».
Масханада қонақ етер кімі бар,
Есін жинап, мас ағайдың қашты өңі.
Такси ұстап, бір ару тұр көрікті,
Менсінбестен қайтарды ескі көлікті.
Ханзадасын күткендейін етегі,
Желп-желп етіп, күллі еркекті елітті.
Қанша тұрдым, зерттеп елді, білмеймін,
Өзіме іштей үйге қарай «жүр!»- деймін.
Неше автобус өтті қысып көздерін,
Адамдарды зерттеудемін, мінбеймін!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter