16.08.2024
  212


Автор: Салтанат Айдарбекова

ШЫРАҚ


Кешелі бері Гүләйімде ұйқы жоқ. Атар таңды көзімен атқызған оның тұла бойы зіл қара тастай ауырлап, тыныс алуы да жиілей тусті Анда-санда ғана ыңырси қиналған оның даусы қатая түсіп, аһылап-үһілеуге ұласқан. Белі айналып сыздап, сай-сүйегі сырқырап, жүрегі алқымына тығылып, іші де бүре түседі Кейде бәрі де тынышталып, көзі жұмыла кетеді де, тәтті бір түстер көреді. Ара-тұра өткен күндердің елесі қылаң беріп, еріксіз жымия түседі де, артынша оқыс ыңқ етіп, қабағы кіржие қалады.

Есенмен танысқан сол бір кеш Гүләйім жадында өшпестей сақталып қалды. Жаңа жылдың алды болатын. Топтағы қыз-жігіттер бас қосып, бір үйде отырыс ұйымдастырған. Сол отырысқа Есен де келді. Кейін білді, ол Айжанның жігітінің досы екен. Алғаш ештеңеге мән бермеген Гүләйім сөзге тартқан оған қисық-қыңыр сөздерімен бұлдана, жауап қатқысы келмейтін сыңай танытты. Дегенмен, сол бір кеш, сол отырыс бұның өміріне өзгеше күй сыйлаған. Көктемнің тәтті лебін иіскегендей құшырлана түнгі ауаны қайта-қайта жұта берген. «Мезгілсіз келген көктемім» – деп, іштей айдар тағып та үлгерді. Әйтсе де, бұрынғы қыңыр мінезіне басып, оған соншалықты иліккендей сыңай танытпады. Оған алаңдаған Есен жоқ, тәкаппар қызды баурап ала жөнелген. Бас-аяғы екі-үш айдан соң-ақ екеуі отау құрып, шаңырақ көтеріп те үлгерді.

Міне, содан бері күнді түн алмастырып, уақыт шіркін тоқтаусыз өте шықты. Зымырап өтіп жатқан есіл күндерде есеп болсайшы. Есін жиып, айналасына қараса он бес жыл өте шыққан екен-ау. Он бес жыл! Айтуға оңай-ау, дегенмен он бес жылда он бес рет өліп-тіріліп, шықпа жаным шықпамен күн кешкенін кімге айтып шағымданбақ?

Есенмен бас қосқан алғашқы жыл ың-шыңсыз, бақыттың бесігінде тербеліп, көрген түстей ғайып болды. Екінші жыл – жөргек иісін, сәби үнін аңсаған екі жүрек ой мен қырға шапқылап, үміт отын жалау етіп, тоздырмаған есігі қалмады. Болмады. Бесінші жыл дегенде бәрінен күдер үзіп, өз жарынан өзі баз кешкен Есеннің өзге бақтың алмасына аңсары ауды да тұрды. Мұны Гүләйім сезбеді ме? Сезді, бірақ көз жасына ерік беріп, жалғаннан бұйырмаған бақытын тілегеннен өзге қолдан келер шарасы жоқ еді. Ақ халаттылар үзілмес үмітіне алдандырып, сыпайы күліп екеуін талай шығарып салды да. Тәуіп, балгер, тіпті сыған әйелдеріне де пал аштырған Гүләйім көмескі жылтыраған бір үміттен күдер үзбей, күдіктене тұра бір ғажайыптың боларына сеніп, алдағы күнге иек артатын. Үміт пен тілек, күдік пен үрей қатар өрілген сондай күндердің бірінде ұзақ таңға көз ілмей, Жаратқаннан жалбарына бір перзент сұрайтын. «Ұл», «қыз» деп ара жігін ажыратып жатпастан тек «сәби» деп езілген жүрегі қанжылап, көз жасына еріксіз тұншығатын. Қанша таңды жылаумен атырып, таң ата талықсып кеткен кездері қаншама. «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, Есен де араққа құмартып, үй-жайын ұмытатын әдет тапты. Ол аз болғандай енесі Қатира: «Сен, қатын, баламның бағын байладың! Он бес жасар қыз әперіп, немере сүйер ме едім? Сен сықылды бедеуге байғұс балам неге сонша байланып, тұсауланып қалды осы?! Құдай-ау, төбеңнен сонша шырақ жанып тұр ма?» – деп сұңқылдап, ауылдан апта сайын жетіп келіп, шаңын қағып, жаншылған жүрегін одан сайын тілімдейтінін қайтерсің. Оны да түсінуге болады, бірақ...

Сөйтіп жүргенде, «суға кеткен тал қармайды» – демекші, сүйген жары, арқа тұтар ер азаматы бес баласымен жесір қалған егде әйелдің қойнынан бір – ақ шықты. Тіпті, сол әйелдің елуді еңсеріп қалған егделігін де елемеді. Көзді шел басып, ақылдан адам алжасса қиын ғой. Шарасыз қалған бұл тым болмаса жастау біреуді таңдамағанына күйінетін. Жетіскеннен емес, тым болмаса бір перзент үшін, иә, бір перзент үшін күйеуінің күнжарықта көзіне шөп салғанын кешіруге бар еді.

Амалы таусылған Гүләйім дағарадай ақ үйде қу тізесін құшақтап, жалғыз қалды. Шын жанашырының тым аз екенін, жалғыздықтың не екенін де алғаш ұғынған сонда.

Араға айлар салып, араққа салынған Есен жұмысынан біржола босап қалды. Араққұмар маскүнемді егде тоқал сол күні-ақ бала-шағасының нанына ортақ қылмай, барар жолын сілтеп жіберген. Үйге келуге беті жоқ, намысын жонып, әр жерде бір түнеп жүрген, екі иығына екі кісі мінгендей ер азаматтың сүле-сопа күйін көрген Гүләйім шыдай алмады, оған қанша өкпелі болса да, үйге алып келді. Бәріне көз жұма қарап, кешті, кешірді. Қайтсін, ол қайбір жетісіп жүр дейсің?!

Таныстары арқылы қайта жұмысқа орналасқан Есен біршама ес жиғанда, екеуі ақылдаса келе бала асырап алуды мақсат етті. Алайда, оның да сәті түспей-ақ қойды-ау. Сонымен, отбасылық өмірінің он жылы өтіп те кетіпті. Иә, сонымен қалай болған еді...

Гүләйімнің қан қысымы қайта-қайта көтеріліп, дәрігерлерді біраз сарсаңға түсірді. Укол салып, біраз ем-домын жасап зыр жүгіріп жүрген медбикелерді мұнша әбіржіткеніне іштей өзі ыңғайсызданып та жатыр, жасы ұлғайса да ота жасауға тағы келіспеді. Алайда белі құрғыр сырқырап, аяқ-қолдарынан жан кеткендей, әлсірей берді. Жарық дүниенің жаннан артық екенін бар болмысымен сезінген. Бұйра бас қайыс қараның да бұған мейірімі ерекше. Арқасын, белін сипап, сәл ғана шыдауын өтініп қояды.

Көктемнің жаңа келген кезі еді. Жер лайсаң, көктің иісі шығып, күн райы ерекше мейірім төгіп тұрған. Он сегіз бен қайран жиырма бес болса, жан дүниеңе ерекше бұлқыныс сыйлайтын шақ.

Ойда-жоқта Есен жұмыстан ерте оралды. Бұл кезде арақты қойып, қайта оңалған кезі-тін. Өңі біртүрлі алабұртып, нақ қыз қолын ұстаған бозбаладай толқи, реңіне қызыл леп жүгіріп, келген бойда келіншегін қапсыра құшақтап:

– Гүләйім деймін, тез киінші...киінші тез...

– Не болды? Не боп қалды? – деді Гүләйім үй шаруасымен әурелене самарқау бас көтеріп.

– Киінші, жолай айтармын. Есеннің жауабы қысқа болды. Бұл әйелдік мінезге тән әдетпен енді шындап қызыға түскендей сұрақтарын үсті-үстіне жаудыра берді. Көбі жауапсыз. Күйеуінің әнтек қылығына таң қалғанымен, көтеріңкі көңіл-күйін бұзғысы келмеген. Тойға барардай бар жылтырағын тағынып, сыланып алды. Тіпті аяғына өкшесі біздей қымбат туфлиін де киюді ұмытпады. Күлкілі. Тапа – тал түсте шақыртусыз, ескертусіз бұлар қайда бармақ? «Мейлі!» – деді іштей. Әйтеуір бір жақсылықты жүрегі сезеді. Содан бұлар жоғары жылдамдықпен, ештеңеге алаңдап жатпастан қала сыртындағы балалар үйіне тартып кеп берсін. Жақын қалғанда үнсіздікті ерінің өзі бұзып:

– Гүләй деймін, Алла берсе бізге осы жолы берер. Қашаннан хабарласып жүр едім, менің тегіммен аттас ұл бала түсіпті...балалар үйін айтам...бір айлық па, әлде одан да кіші ма,әйтеуір кеше түнде ардан безген біреу қоқысқа тастап кеткен жерінен тауыпты. Қызылшақа тірі көрінеді.

– Не?..

– Гүләй деймін, бұйыртса сол баланы біз, екеуміз асырап алайықшы...

– Ааа...

– Ол періште ғой! Өмір есігін ашар-ашпастан жетім болуға қақысы жоқ! Шет елге асып жатқан, тастанды болып, көздері жәутеңдеп, ата-ананың жылуына, мейіріміне зар болған бейкүнә сәбилер аз ба? Гүләй деймін, ол бала менің, біздің баламыз болуы тиіс! Гүләй деймін?

– Қалайша? Ол бала кімнен, қайдан...

– Жоқ! – деді Есен бірден кесіп, – Ол біздікі! Бізге Алланың өзі жіберген сыйлығы!

Есен тоқтаусыз сөйлеп келеді. Ерінің көзінен ытқып шыққан мөлдір тамшы рөлді ұстаған күректей қолдарына жылтылдап тамып жатқанын байқаған әйел бірдеңе деуге оқталды да, бата алмады. Өзі де бұл кезде көз жасына ерік берген. Иегі кемсеңдеп, тілі байланғандай, аузына жөнді сөз түспеді...

Содан не керек, сол баланы айлап табанынан тозып, бүкіл құжаттарын жинақтап, «Ерасыл» деп ат қойып, «тұңғыш перзенттеріне» дүрілдетіп, атшаптырым тойханада бесік тойын тойлады. Бала асырап алудың да машақаты аз емес екен, қағаздарын толтырып жинап жүріп, бермей қоя ма деген іштей қорқыныштары да жоқ емес еді. Біздей балаға зар мұңлықтарға қуана берсе болмас па деген пендешілік ойы қорқытып барып, әзер тілектеріне жеткізді-ау...

Ерасыл үйге қалай келді, солай бұл үй базарға, думанға айналып жүре берді. Бұл кезде Гүләйім де бар шаруаны жиыстырып тастап, бала күтіміне көшкен. Тумаса да туғанындай көріп, емешегі езіле жаздап елпелектегенде, ешкім өз баласы екеніне күмән келтірмейтін. Сол күндер, сол сәттердің қаншалықты бақытқа толы екенін қызыл тілі жеткізе де алмас.

Араға жыл салып, адуын енесі Қатира үлкен ұлдың ізін басар немересінің жоқтығын бетіне басып, Гүләйімді кінәлаумен дүниеден озды. Бір арманы кеудесінде өксік күйінде кеткеніне іштей налыса да, ол қайғы тез ұмытылғандай еді. Ерасыл үштен асқанда Алла назар салды ма, Гүләйім өн бойындағы өзгешелікті сезді. Алғашында ауырдым деп жүріп, кейіннен «ұзаққа созылған ауруының» «жүктілік» екенін білгенде төбесі көкке жеткен. Иә, он төрт жыл дегенде неге таң қалмасын, неге қуанбасын! Дәрігердің сараптама қорытындысы мен анықтамасын алғанда екеуінің жүрегі жарыла жаздауға шақ қалды. Гүләйімнің аяғы ауыр! Гүләйім-екіқабат! Гүләйім – Ана болмақ! Оның енді екі баласы болады! Он төрт жыл дегенде келген жыл құсындай жылы жаңалық! Не деген көл көсір бақыт! Аңсағаны осы емес пе?! Есеннен белбала, тұяқ қалмақ! Қанша уақыт күйзеліп, қайғыдан қабырғасы сөгілгенде мұның көз жасын қабыл қылған Жаратқанға мың да бір шүкіршілік етті. Есеннен тіпті ес кеткен. Ерасылын бір, келіншегін бір құшақтап, жас баладай бірде жылап, бірде күліп, өзге жанның кейпін киді де қалды.

Енді сен Гүләйім ғана емес, менің Күн-Айымсың! – деп есі шыққан Есен сол сәттен бастап шын бақыттың дәмін енді татқандай, төрт құбыласы түгелденгендей, ғаламат күйді кешірген еді. Сол сәттен бастап әйеліне үлкен ынтызармен қараған жігіт ағасы оның әр қылығына сүйсіне қарап, асты-үстіне түсіп бәйек болды да қалды...

Кешелі бері Гүләйімнен маза қашты. Айы-күнінің жақындағаны уақыт келген сайын біртүрлі қобалжытуда. Іштей өзін: Қойшы, тәйірі, бала босанғаннан кім өліпті? – деп жұбатқансиды. Дегенмен, сүйегі қатып, отызын қайда омыраулап орталаған әйел үшін бала табу – оңай шаруа емес. Оның үстіне тұла бойы тұңғышы. Алдағы күннің қалай боларын ойлап, уайымдаумен болды.

Сол түні-ақ оның қабағы кіржиіп, оқтын-оқтын екібүктетіле ішін ұстап, толғақ қысқанын сезген Есен баласын көршісіне табыстап, өз көлігімен ауруханаға жеткізді. Адам аярлық әйелінің түріне қарап отыра алмасын сезді ме, әлде баласын ойлады ма Есен түн ортасы ауа үйге қайтпақ болды. Қабылдап алған бұйра бас дәрігердің қалтасына шытырлаған көк қағазын тоғытып жіберіп, әйеліне жақсы қарауын өтінді. Бұл сияқтылардың талайын көрген қайыстай дәрігер қалтасына қарамай-ақ ертеңгі тойдың көйлегі дайын екеніне езу тарта, түксиген жүзі шаттанып сала берді. Шыға бере соңынан ілесе шыққан толықша келген ақ құба медбикенің де көңілін қалдырғысы келмей қызылқағазды қолына қыстыра салды да, қалтасын қарманып, сымтетігін жазып тұрып:

– Өтінем, осыған хабарласыңызшы, Құрманбай Гүләйім, менің келіншегім, сүйіншіңізді берейін...

– Әлбетте, еш уайымдамаңыз. Өзім хабар беремін, одан да сүйіншіңізді жақсылап дайындай беріңіз, – деп қутың ете қолындағы қызыл қағазға көзі жайнап бір қарады да, қалтасына тоғытып жіберіп, келесі есікке кіріп кетті.

Таң бозамықта үйге жеткен Есен есік ашып, аяқ киімін шешуге еңкейе бергені сол еді, қалтасындағы сымтетігі әуендете жөнелді.

– Алло, Құрманбай Есен?

– Иә, иә, мен...

– Сүйіншіңіз дайын ба? Құттықтаймын! Шекесі торсықтай, Толағайдай атқа мінеріңіз дүниеге келді!

– Ааа... не? Не дедіңіз?

– Ұлды болдыңыз деймін!

– О, Жаратқан! Мың да бір шүкір, арманым жоқ!

– Алло, сіз... Ары қарай ештеңе естімеген ол сымтетігін тастай сала, кірген ізімен іле шала қайта шықты. Түнімен көз шырымын алмағанын да, жердің көк мұз боп жалтырап жатқанын да, тіпті, Ерасылын да ұмытып, көлігін оталдырып, асығыс жолға шығып кетті. Жарты сағаттық жер ұзарып кеткендей жете алсайшы бір. «Ұлды болдыңыз» – дей ме? Ұл! Менен де із қалады екен ғой! Мен әке болдым! Шын әке болдымба? Түсім болмаса екен осының бәрі! Менің екі ұлым болды енді! Өзі кімге тартқан екен, күшік?! Кімге тартсын, маған, өзіме тартады да! Иә, маған тартқан шығар... сәл ғана күте тұрмадым ба? Неге шығып кеттім, қазір құшағыма алып, жұмақ иісіндей тәтті иісінен иіскер ем...Байғұс шешем көре алмады ғой, арманда кетті... қайран, шешем, менің бақытты сәтімді көргеніңде... Есен іштей күбірлеп келеді, ағыл да тегіл тоқтаусыз жылап келеді. Қуаныштың көз жасы еді бұл. Еркек болып алғаш егіле жылағаны бұл. Көзінде – жас, езуінде – күлкі! Кенет, дүние төңкеріліп кеткендей, көз алды тұманданып, аузына жылымшы бірдеңе келгендей болды. Әуелгіде ештеңе пайымдап үлгермеген оның қуанышқа толы жанары жұмыла берді... астындағы көлігінің екі аударылып тоқтағанын да, әйелінің өзіне қоймай қоңырау соққанын да, қиқулап жеткен жедел жәрдем көлігінің даусын да естіген жоқ, тек құлағына іңгәлаған періште сәбидің үні ғана келді, әлдекім ақ жаулықпен маңдайын сүрткендей, таныс иіс танауына келгендей болды ма, есінде жоқ, талықсып кетті... Ал таяқ тастам жерде бұны ең қымбат екі бірдей аяулысы күтіп отыр еді.

Ана бейітіне ат басын бұрмағалы да біраз жыл болған екен-ау...

Жанымда болмасаң да жадымдасың, жан анашым! Ұрпағыңмен мың жасайсың сен енді... сенің үкілі үмітіңе ораған ақ арманың орындалды, игіліктің ерте-кеші жоқ деген, жақсылықтың кештетіп болса да жететіні осы шығар, кім білсін... Бүгін міне, қабіріңнің басына келіп, өзіңе құран бағыштап, тіршілігіңде көре алмай кеткен немереңді алып келіп тұрмын. Сенің шырағың, менің тұяғым. Бір уыс топырақ салдыртып, өзіңе көрсету үшін басыңа келіп тұрмыз, апа! Мынау міне, немерең! – деді, жасқа шыланған жанарын баласына көрсеткісі келмей, жүзін теріс бұрған күйі баласына топырақ салдыртқан ол, үстінен ауыр жүк, үлкен міндет түскендей еркін тыныстап, жеңілдеп сала берді. Ұлының топырақ алақанын қаға бере оның қытығы келіп, қолын тартып ала шықылықтап күлгеніне еріксіз мырс етті де, жадырап сала берді. Құран оқып, бет сипап болған соң әкелі-балалы екеу бейіт басынан ұзай берді...


2007 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу