Өлеңдер ✍️

  16.08.2024
  66


Автор: Санжар Ғұлама

ҚОРҚАМ...


Заманым тыныш, аспаным ашық,

Күпірлік жасап, налудан қорқам.

Біреуге сөзін басқаның тасып,

Араға бүлік салудан қорқам.


Көз жасқа қалар малынып демде,

Сезімі жалған арудан қорқам.

Пендешілікке салынып мен де,

Опасыздыққа барудан қорқам.


Шетелден үлгі алатын кезде,

Шегініп артқа, дамудан қорқам.

Гипноздай арбап қалатын лезде,

Батысты терең танудан қорқам.


Бір оқпен беріп қолыма ерік,

Құштырған ажал қарудан қорқам.

Адасқан ағым соңына еріп,

Өзімді-өзім жарудан қорқам.


Оқырман қауым ұсынған əппақ,

Көңілді ластап алудан қорқам.

Керек боп жүріп, бір минут сəтте-ақ,

Керексіз болып қалудан қорқам.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу