Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
16.08.2024
71
ЖЫЛА, АСПАН, ЖЫЛА БҮГІН, КҮҢІРЕН!
(Денесі өртке оранған 5 қыздың рухына бағыштадым)
Жыла, Аспан! Жыла, бүгін! Күңірен!
Төрт бөлінді мендік ұйқы түнімен.
Шер-дастанын арнап жатыр барша ақын,
Жер жастанып жылағанның бірі – мен.
Келешекте бастайтұғын көшті ізгі,
Беріп қойдық сұм ажалға бес қызды.
Қолымыздан түк келмеді,
Қайтейік,
Сұлуларым, кінәліміз, кеш бізді!
Жыла!
Жыла!
Қайран жұртым, Қазағым!
Жылап тұрып мен де өлең жазамын.
Мұң сықтырды жанарымнан мына жәйт,
Тұншықтырды жас жанымды аза-мұң.
Сен, жылама!
Бес балапан! Жандарым!
Жанбай жатып сөніп қалды-ау шамдарың.
Жазғыра да көрме әке-шешеңді,
Сыртта жүрсе,
Ол – сендердің қамдарың.
Ата-анаңа керек болды деймісің,
Өртке оранып тар лашықта жанғаның?!
Әкең кетті жанталасып жұмысқа,
Үйдің қамын ойлағаны дұрыс та!
Түн ішінде көше кезіп анаң жүр,
Нан табам, – деп,
Ел аман, жұрт тынышта.
Қызын қияр сұм ажалға қай ана,
Әке деген оңай серттен тая ма?!
Уа, Құдайым!
Жалынамын!
Қан жұтқан
Ата-анадан Рақымыңды аяма.
Қан жылаған қайран әкеу, әз ана,
Шіркін, жырым жан-жараңды жаза ма?
Бар Қазақты зар жылатқан осынау,
Шын қайғырып көңіл айтам қазаға.
Шын қайғырып көңіл айтам қазаға.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter