Эсселер ✍️
Алғашқы қоңырау күні құтты болсын!
Міне, көзді ашып-жұмғанша үш айлық жазғы демалыс бітіп, бүгін қыркүйек айының 1-ші жұлдызы алғашқы қоңырау басталып та кетті. Бұл әрине бір баланы қуандырса, екінші баланы мұңайтатыны анық. Әр бала әртүрлі күйде болады. Бірі оқуға барамыз деп сабақтарына қатты дайындалып жатса, бірі бұл күнді күнделікті жай күндердің біріне балап жатады.
Алғашқы қоңырау — атауы айтып тұрғандай, жаңа оқу жылына қайтадан мектепке сағынышпен оралу болып табылады. Дәл осы күні оқушылар ұстаздарымен, сыныптас достарымен қайта қауышып, мәре-сәре болып жатады. Үш ай демалыста бір-бірін көрмеген оқушылар бір-біріне таңырқасып қарасып жатады. Яғни, үш ай ішінде бойлары өсіп, ойлары толықсыған балалардың жаңа оқу жылында есейіп қалғанына куә болуға болады.
Алғашқы қоңырау — әрбір балаға сабаққа кел, жаңа оқу жылы басталды, мектепке кел, садағыңнан қалма,— дегендей үн қатып жатқандай күй береді. Алғашқы қоңырау әсіресе бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндер үшін өте маңызды дер едім. Мектепке барамыз деп үлкен дайындықпен келген балалардың қуаныштарында шек болмасы анық. Тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың, —демекші, тарыдай болып кіріп, таудай болып он бірінші сыныпты бітіруші түлектерге қарап уақыттың зуылдап көзді ашып жұмғандай өтіп жатқандарына куә боласың. Ия, бітіруші түлектер үшін бұл жаңа оқу жылы ерекше маңызды екені сөзсіз.
Ендеше, барша ұстаздар мен оқушыларға жаңа оқу жылы қуаныш пен сәттілікке толы болсын деп, алғашқы қоңырау күні, бүгінгі білім күні құтты болсын дейміз!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter