06.08.2024
  266


Автор: Болатбек Төлепберген

Ант

 


 


Мен, Қазақ елiнiң азаматы, өз еркiммен бауырларым құрған «Жас қазақ» ұйымына кiремiн. Халқымның болашағы, бостандығы үшiн күрескен Сырым батыр, Исатай, Махамбет, Кенесары басқа да қазақтың ардагер ұлдарының iсiн жалғастыруға, бостандық туын көтеруге халқыма, қазақ бауырларыма ант етемiн. Бостандық жолында, халқыма қызмет ету жолында қажет болса жанымды қиямын. Ата-бабаларымыздың отаршыларымен күрестегi төгiлген қанын еш уақытта естен шығармаймын. Орыс социал-шовинистерiнiң отаршылдық                      саясатын    әшкерелеп,          халыққа          түсiндiруден жалықпаймын.


Егер күрес жолынан тайып, бауырларыма опасыздық етсем, менi халқымның қарғысы атсын.


Жасасын ұлт бостандығы!


 


Міне, бұл Мәңгі жас—Алаш идеясының сол кездері қазақтың бостандық сүйгiш азаматтарының «Жас қазақ» ұйымы түзген қысқаша тезисі іспетті. Онда ата-баба арман аңсары тәуелсіз ел болу мұратын жастардың қайда жүрсе де жата-жастана жүріп, санада әр кез жаңғыртып қоймай, іске асыру міндетін жүктейді.


Бағдар айқын. Бағдарлама да алдын-ала дайындалған. Тіпті тәуелсіздікке әні-міне қол жеткізетін елдің Ата заңын да «Жас қазақ» ұйымы жазып шығады. 1973 жылы қысқа да нұсқа әзірленген басты құжаттың төмендегі мазмұны Қазақстан тәуелсіз ел болғанға дейін маңызын жоймағаны анық.


Қазақтың демократияшыл азаматтарының ұйымы «Жас қазақ»


Конституциясы


 



  1. Қазақстан – Халықтық Демократиялық Республика.

  2. Қазақстан азаматына сөз бостандығы, баспасөз бостандығы берiледi.

  3. Қазақстандық әрбiр азамат, үкiметтiң бұйрығын демократияға қайшы деп тапса, ашық сынай алады. Бұл үшiн оған «саяси қылмысты» деген айып тағылмайды. Егер сын дұрыс болып, халық оны қолдаған жағдайда үкiмет сынды қабылдауға мiндеттi.

  4. Шетелдермен байланыс тек мәдени-экономикалық жағдайында болады. Азық-түлiк және басқа да заттар өз халқымыздан артылған жағдайда ғана экспортқа шығарылады.

  5. Қазақстан халқы дүние жүзiндегi бейбiт елдермен ынтымақта болады. Ешқандай «ұлы», отаршыл мемлекеттермен одақтаспайды.

  6. Қазақстанда тұратын барлық ұлттардың (орыс, украин, немiс, т.б.). Отандарына қайтуына немесе Автономиялық аудан, облыстар болып Қазақстанда қалуына хақысы бар. Автономия алған ұлттардың барлық қағаздары, оқуы, т.б. өздерiнiң ұлттық тiлiнде болады.

  7. Қазақстан бейбiт ел болғандықтан және ешбiр елдi ықпалында ұстауға, жаулауға тырыспайтындықтан, жалпы әскери мiндет жойылады. Оның орнына ерiктi, жалақы алатын халық жасақшылары (милиция) болады.

  8. Қазақстандық азамат қалада немесе селода тұрып еңбек етiп және қоғам жұмысынан қол үзбей жекеменшiк шаруамен шұғылдануға (бақша, мал өсiру) қақысы бар. Еркектер мамандығына қарай қалаған жұмысын iстей алады, әйелдер сауда, ағарту, денсаулық сақтау т.б. дене күшiн аз керек ететiн жұмыстарға қабылданады.

  9. Қазақстан азаматы саяхаттап дүние жүзiндегi қалаған мемлекетке бара алады.


 


Бүгінде тәубе етеріміз, Қазақстан өз алдына дербес ел болған соң қабылдаған Конститутциясы «Жас қазақ» ұйымы әзірлеген Ата заң-басты құжаттың мазмұнын толық қамтыды. Бір қызығы жоғарыда тоқталып өткен «Алаш» партиясының бағдарламасымен «Жас қазақ» ұйымы дайындаған Конститутцияның айырмашылығы шамалы. «Елу жылда ел жаңа» дегенімен, арада жарты ғасыр уақыт өтсе де өлшем өзгермеген, талап пен талғам ғана өскен.


«Жас қазақ» ұйымының жетекшісі, саяси күрескер ағамыз Хасен Қожа Ахмет өзінің саясатқа араласуына әскердегі көрген құқайы, нақтырақ айтқанда өзге ұлт өкілдерінің езгісі мен тепкісі түрткі болғанын жеткізген еді. Үлкен солдаттардың әлімжеттігіне араша сұрап, әділдік іздеп командирлерге шағынса, олардың бұзақылардың сөзін сөйлеп шыққанымен қоймай өзін қараңғы қапасқа қамап қойғаны жанына батады. Ақыры бұған көнбеген Хасекең әскерден қашып, әділдіктің жолын бостандықта іздейді. Кейіннен өмірін саяси күреске арнаған ағамыз жетпісінші жылдары «Жас қазақ» ұйымы атынан жазған мақалаларында шовинизмге деген қарсылығын үнемі білдіріп отырады.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу